Алыстаған сайын биіктей береді

0 37

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында қызмет көрсету және оқырмандарды тіркеу бөлімінің ұйымдастыруымен ақын, Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза ­Оңғарсынованың туғанына 80 жыл толуына орай «Тау алыстаған сайын биіктейді» атты әдеби-сазды кеш өтті.Кітапхана басшысы Үмітхан Мұналбаева ­Фариза ақынның ақындық болмысына тоқталып, жуыр­да кітапханада Фариза Оңғарсынова атындағы медиа-орталықтың ашыл­ғанын айта келіп, бұл медиа-орталықтың әдеби кештер, мағыналы кездесулер алаңына айналарына сенім білдірді, сонымен бірге ақын мұрасын насихаттауда атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтып өтті. Фариза Оңғарсынованың журналист-редакторлық жолын зерттеу­ші Гүлсім Еңсепова оның шығармашылығын зерделеу барысында өзі үшін қызықты болған жайттарды қайыра еске алды. Ғалымның әңгімесінен ақынның қайраткерлік бейнесі көрінді. Қазақстанның еңбек сіңірген журналисі, Қазақ радиосының ардагері Ғалия Балтабаеваның сыр-толғанысы арқылы кейінгі жас толқыннан қамқорлығын аямаған ақынның адамгершілік қасиеті, ұйымдастырушылық қыры ашыла түсті. Ал ақпарат саласының үздігі Күләш Молдахметова ­Фариза апайдың өлеңін кәсіби деңгейде оқып берді. Дәстүрлі әнші Тельман Нүркеновтің орындауындағы «Фариза, Фаризажан» әні кештің әрін аша түсті. Ізін басқан ақын сіңлілері Айжан Табарак, Сәнді Ақылаева, Алма Түсіпбекова, Ділда Уәлибектер әйел махаббаты мен арманы, әйел жанының құпиясы туралы жазған ақын апаларына арнаған өлеңдерін тебіреніспен оқыды.
Бұл кештің көркем өтуіне кішкентай оқырмандар да атсалысты. А.Алхабек, А.Нұрәлі, Х.Ержанқызы, А.Жеңісбекұлы, А.Хасен, Д.Ахметова, т. б. балақандардың өздері кіп-кішкентай болса да Фариза ақынның «Сандуғаш», «Мазасыз шақ», «Асау толқын», «Дауа» атты кітаптарынан көлемі ұзақ жыр шумақтарын жаттап айтуы көрерменді тәнті етті. Кітапханадағы қызмет көрсету және оқырмандарды тіркеу бөлімінің қызметкері Гүлдар Әуенқұлованың айтуынша, Фариза ақынға арналған, сонымен бірге көркем әдебиетті, поэзия­ны насихаттау бағытындағы шаралар тек ақынның туған күнінде ғана емес, алда да жиірек ұйымдас­тырылып тұрады. Еске алу кеші жинақы, әсерлі өтті, дегенмен қазақ поэзиясына ерекше құбылыс болып келген Фариза ақынның орны білініп тұрғаны анық. Кеш барысында жиналған көпшіліктің Фариза ақынды сағынғаны байқалып тұрды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды