АЛЫС ТА ЖАҚЫН МАЖАРСТАН

0 171

Лакителек

Лакителек Будапештен қырық шақырымдай қашықтықта орналасқан өте әдемі, шағын қалашық екен. Мажарстанда Лакителек халық институты әлем халықтарының тілдері мен мәдениетін оқып үйретуді қолға алған. Лакителектің басшысы әрі спикерлік қызметтегі Шандор Лежактың қолдауымен бұл институт жиырма жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жазда Лакителекте оқу-тынығу лагері өтеді. 2015 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қолдауымен Будапештегі академиялық кітапханаға іссапармен барған кезімде, осы лагерьге қазақтың салт-дәстүрі мен этнографиясынан сабақ беру туралы ұсыныс болған еді. Сәті биыл түсті.
Лакителекте 6 тіл (қазақ, орыс, украин, моңғол, белорус, мажар) бойынша секцияларға бөлінген сабақтар өтті. Қазақстан, Ресей, Украина, Моңғолия, Беларусь елдерінің өкілдерін шақырған. Ашылу жиынында сөз сөйлеген профессор-оқытушылардың қатарында болып, институт директоры Шандор Лежак мырзаға «Дина – Dina» атты қазақша-түрікше кітабымды тарту еттім. Қазақстанның Венгриядағы төтенше және өкілетті елшісі Нұрбах Рүстем оқу орталығына келіп, қазақ тобындағы мажар студенттермен кездесу өткізіп, жиналғандардың сұрақтарына жауап берді. Қазақстан туралы фильм көрсетіп, қазақ тіліндегі кітаптарды студенттерге тарту етті. Сондай-ақ, оқу топтарының жұмыстарымен танысу үшін Беларусьтің Мажарстандағы төтенше және өкілетті елшісі А.Хайновский мен Моңғолияның президенті Х.Баттулга да Лакителекте кездесу өткізді.
Бір сабақты қазақтың күй өнеріне, киелі аспабы домбыраға, күй тұлғаларына арнадым. Биыл ғана «Фолиант» бас­пасынан шыққан «Дина – Dina» атты қазақша-түрікше альбом-диск кітабым жақсы көрнекі құрал болды. Мажар студенттеріне Қадыр Мырза Әлидің домбыра туралы бір шумақ өлеңін айттым. Бұл өлеңді ұнатқандары соншалықты, жаттап та алды. Будапештің өзінен және басқа қалалардан жиналған бұл қауым біраз жылдан бері қазақ тілі мен мәдениетіне құмар жандар екен.
Биыл Лакителек келушілер санын шектеген. Әйтпесе, қазақ тілі тобына жазылушылар көп болады екен. Татар, қырғыз, әзербайжан, түрік тілдері курсына жазылушылар аз болған соң, бұл топтар биыл шақырылмапты. Лакителекте оқумен қатар, мәдени-әдеби шаралар да жиі ұйымдастырылады. Көбісінің атасы не анасы жағынан қыпшақ қанды боп келеді, содан болар, балаларына «Қазақстанда кыпшақтар тұрады екен, қазақ тілін үйренсеңдер» дейді екен. Давид Қараның айтуына қарағанда, мажар жастарында қазақтың тілі мен салт-дәстүріне, мәдениетіне деген үлкен қызы­ғушылық бар. Лакителек – өте жақсы ой­лас­тырылған және әлем тілдері мен мәде­ниетін танытуға арналған ғажап жоба.

Сеченидегі «Қазақстан әдебиеті»

Әр халықтың да қасиет тұтар рухани қазынасы – кітап десек, кітапхана – рухани қазынаның алтын ордасы. Былтыр Будапештегі атақты Сечени кітапханасында Мәдениет және спорт министрлігінің және Қазақстандағы Венгрия елшілігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының әкімшілігі «Қазақстандық әдебиеттер мен мәдениет орталығын» ашқан еді. Сечени кітапханасы 1825 жылы граф әулетінен тарайтын меценат Иштван Сеченидің бастауымен пайда болған екен. Ол өзінің тапқан табысын осы кітапхананы салуға жұмсапты. Бұл кітапханада Сеченидің жеке қорындағы 12000 кітап сақталған.
Кітапхана музейінде алғашқы кітап-қолжазбалар, ежелгі карта-сызбалар, ерте заманғы орындық-шкафтар, сия-қаламдар сияқты және басқа да заттар қойылған. Кітапхана ісіне мол қаражатын аямай салып, кітапхана мәдениетін қалыптастырған меценат Сеченидің құрметіне арнап оның және ұрпақтарының суреттері ілінген, сонымен қатар олардың шығу тегі туралы анықтамалық та бар. Кітапханаға арнайы рұқсатпен ғана кіре аласыз.
Сечени кітапханасында Қазақстан, Қытай, Тайвань елдерінің ғана кітап орталықтары ашылған екен. Сечени кітапханасының кітаптарды толықтыру орталығының басшысы Ева Дани ханым кітапханамен таныстырып, сұрауым бо­йынша «Қазақстан әдебиеті» орталығына апарды. Орталықта Абай, Мағжан, М.Әуезов, І.Есенберлиннің, Н.Назарбаевтың, Ә.Кекілбаевтың кітаптары қойылған. Барлығы 30-дан аса кітап бар.

Қоңыр салған ізбенен…

Атақты түркітанушы-ғалым, этнограф, отыз екі тіл білген полиглот, соңына мол ғылыми мұра қалдырған Қоңыр Иштван Мандоки салған ізбен өсіп келе жатқан жас­тар көп. Соның бірегейі Венгрия Ғылым академиясының аға ғылыми қызметкері, түркітанушы-этнограф Давид Шомфаи Қара студент кезінен Қоңыр Иштван Мандокиге «шәкірт болсам» деп армандаған екен. Оннан аса тілде еркін сөйлеп, ғылыми дүниелер жазып жүрген Давид бұл күнде Қоңырдың көзіндей. «Алпамыс батыр» эпостық жырын жатқа айта жөнелгенде, осы арадан тоқтай қалшы демесең, ертеден қара кешке жырлауға бар.
Мажардың түркітанушы, жас ғалым қызы Жужанна Жидай қазақ тілін Давидтің көмегімен үйрене бастағанын айтады. Алматыда, ҚазҰУ-дің докторантурасында оқып жатқан Жужанна жазғы демалысқа еліне келген беті, әуежайдан түсе сала, чемоданын көтеріп туған үйіне емес, бірден Лакителекке келіпті. Қазақ тілі курстарына қатысу үшін. Қазақ тіліне деген не деген құрмет, не деген махаббат! Ұзын бұрымын қазақ қыздарындай ғып өріп, құлағына қазақы өрнекті сырға салыпты. Бар жаңалығымен бөлісіп, Қазақстанның ұнағанын қазақ тілінде жеткізіп жатыр. Кетерінде Егер қаласында тұратынын айтып: «Маған қонаққа келші, сені ата-анаммен таныстырғым келеді» деп шақырып кетті. Бұл жолы қонаққа барудың сәті түспеді.
Давидтің айтқаны: «90-жылдары Иштван Мандоки зайыбы – Оңайша апайдың көмегімен Алматыға университетке келіп оқыдым. Будапештке келгенімде, әке-шешем таңғалған: «Қалтаңда соқыр тиының жоқ, танымайтын елде қалай оқыдың, қалай күн көрдің?» деп. «Қазақтар мені бауыр тұтты, көмектесті, аш болмадым, олар сондай ғажап халық» дегенімде: «Шынымен де ғажап екен! Ондай да халық болады екен-ау, ертегі сияқты» деген еді.

Маржан ЕРШУ,
Астана-Будапешт-Лакителек-Астана

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 13 =