Алыптармен айшықталған Астана

0 111

Әлемнiң «мен» деген мықты елдерiнде мемлекеттiң болмысын танытып тұратын ескерткiштер бар.
Әйгiлi Мысыр пирамидасы, Үн­дiстанның Тәж Махалы, көне аңыз­дарда перiлер тұрғызыпты-мыс дейтiн Қытай қорғаны, әлем­нiң жетi кере­метi саналатын Алек­сандрия мұна­расы, Американың Азаттық мүсiнi, Францияның Эйфель мұнарасы…
Тiзе берсең, тiптi көп.
Ал, «Қазақстан» дегенде…
Әрине, алдымен, жаңа әлемдегi жаңа Қазақ­станның жарқын бей­несiн танытатын, елдiң бой­тұма­рын­дай болған Астана ауызға оралады.
Ал, Астана туралы айтқанда…
Елорданың ортасынан орын теп­кен, сан ғасырлық тарихы­мызға, бүгiнiмiз бен ертеңiмiзге қойылған мәңгiлiк ескерткiштер ерiксiз көңiл аудартады.
«Қазақ елi» монументi.  Астана әкiмi Иманғали Тасмағамбетов: «Париждегi Эйфель мұнарасы, Нью-Йорктегi Азаттық мүсiнi жай ес­керткiш ұғымынан асып, сол елдiң символы мен мақтанышына айнал­ған. Астанадағы «Қазақ елi» компо­зициясы да осы секiлдi елiмiздiң сан ғасырлық тарихын, басынан кешкен небiр аумалы төк­пелi замандарды, азаттықтың ақ таңы атқалы берi жеткен жетiс­тiктерiмiздi әспеттейтiн дәуiрлiк маңызы бар тарихи кешен болары сөзсiз» деп баға берген ескерткiш бұл.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Монументтiң маңында Конс­ти­туция күнiне, Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына арналған әскери шеру­лер, Қазақстан халқының бiр­лiгi кү­нiне арналған мерекелiк ше­рулер өттi.  Әз Наурыз мерекесi т­алай рет тойланды.
Тағылымы мол сәулет туын­ды­лары­ның қатарында «ұлы­сымызды заманында ұйыстырған» Керей мен Жәнiбек хандардың еңселi ескерт­кiшiн ерекше атауға болады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Керей мен Жәнiбек хандардың еңселi ескерткiшi – мызғымас мемлекеттiгiмiзге ар­нал­ған мәңгiлiк белгi», – десе, ел аға­лары «Өт­кенiмiзден үлгi алатын, соның iсiн әрi қарай жалғай ала­тын, ұлысын ұлықтай алатын ұр­пақтың өсiп келе жатқандығын көр­сетедi. Бес ғасырдан кейiн ес­керткiштерiн орнатып отыр­ған мына бiздердiң тегiмiздi бiле­тiн­дiгiмiздi, елдiгiмiздiң тарихын бiле­тiндiгiмiздi бiлдiредi»  деп бағасын берген-дi.
Бiрлiк пен келiсiмге шақырып, күлiмсiреп тұрған ана бейнесi. Қо­лында бейбiтшiлiк пен көркеюдiң белгiсi саналатын алтын тостаған. Қазақстанда тұратын барлық ха­лықтардың бiрлiгiн бiлдiретiн 101 ма­сақтан тұратын 40 метрлiк стелла. Барельефтiң оң жағында кеңес әскер­лерi, сол жағында жоңғар басқын­шыларын жеңген қазақ батырлары. Астында мәңгiлiк алау жанып тұр. Бұл – Отан-Ана монументi.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұлы Отан соғысы жылдарында 1 млн 300 мыңдай қазақстандық соғысқа аттанып, шамамен олар­дың 700 мыңы соғыс даласында қалды. Мұны ұмытуға болмайды. Бұл мемо­риал келешек ұрпаққа бейбiтшiлiк құнын бiле жүруi үшiн қажет.
2001 жылдан берi Астана өмi­рiндегi талай-талай саяси оқиғалар мен кездесулердiң куәсi болып тұр­ған мүсiн бұл.
2006 жылы Елiмiзге ресми са­пар­мен келген Египет Араб  Респуб­ли­касының президентi Хосни Му­барак, 2007 жылы Ресей Феде­рациясының президентi Владимир Путин, 2009 жылы елiмiзге тұңғыш рет келген Франция президентi Николя Саркози, 2010 жылы Гер­мания Федеративтiк Республи­касының канцлерi Ангела Мер­кель, бұдан өзге де талай мемлекет басшылары Отан қорғаушылар алаңында болып, Отан-Ана ескерт­кiшiне гүлдестесiн қойды. Тағзым еттi.
Тұғырға орнатылған ат үстiнде қаһарман батыр Есiл жағасында ел тыныштығын күзеткен сақшыдай қалт етпей тұр. Бұл –  Хан Кененiң мүсiнi. Қазақтың соңғы ханы.
Белгiлi саясаттанушы Ерлан Қарин бiр сөзiнде ескерткiшке қатысты былай дегенi бар: «Астана құрылысы Кенесары ескерткiшi мен Еуразия ұлттық университетiн салу­дан басталды. Хан Кененiң ескерт­кiшiнiң бiрiншi болып қолға алы­нуының бiр сыры бар. Әрiп­тесiм Берiк Әбдiғалиев Кене­са­рының қазiргi Астананың орнында болған бекiнiстi бiржола ала алмай өкiнiште кеткенiн, ендi мына бейбiт күнде оны бiздiң алға­ны­мыздай сезiледi деп айтатыны бар едi…  Астананың сим­волы тек Бәй­терек қана бол­мауы тиiс. Алдымен, ең соңғы ха­нымыздың ескерткiшiн салуы­мыздың өте үлкен мәнi бары екенiн жиi айтуымыз керек».


Қазақ батырларының ерлiк дәс­түрiн дәрiптейтiн елорда төрiндегi тағы бiр тұғырлы ескерткiш – қазақ­тың даңқты батыры, қол­басшысы Қанжығалы қарт Бө­генбай бейнесi.
Оң қолын жауды тоқтатқандай жоғары көтерiп, сол қолына семсер ұстаған салт атты батыр бейнесi жоғары рух пен батылдықтың сим­волына айналып үлгердi.
Бiр кездерi сәтсiздеу сомдалған Абай ескерткiшiне көңiлi толмаған көрнектi ғалым, абайтанушы Рым­ғали Нұрғали аға­мыздың «Еңселi елiмiздiң елдiгiн ай­қындайтын Абай ескерткiшi елорданың төрiнде тұруы керек»  деп айтқаны бар едi. Ғалым­ның арманы орындалды. 2010 жылы қала күнi қарсаңында қаланың қақ ортасында, Абай және Бейбiтшiлiк көшелерiнiң қиылысында  көрген адамның көзiн сүйсiнетiн еңселi ескерткiш бой көтердi.  Ұлы ақынның ескерткiшiнiң жанында талай ақындар жыр оқыды. Деректi және көркем шығармалардан үзiндiлер тыңдалды. Талай рет  баспагерлер кiтап көрмесiн ұйымдастырды.
Астананың онжылдық ме­рейтойы қарсаңында елорда ес­керткiштерiнiң қатары бiрқатар ұлт тұлғаларының бейнесiмен то­лықты. Елорда тойына тарту ре­тiнде  Жамбыл облысы – Бауыр­жан батырдың, Ақтөбе облысы – Әлияның, Алматы облысы – Жамбыл ақынның ескерткiштерiн Астана төрiнен тұрғызып бердi.
Бүгiнде Астана қаласында  45 тарихи және мәдени ескерткiш бар. Оның он екiсi археологиялық, жиырма тоғызы қала құрылысы және сәулет өнерi, төртеуi  монументалды құрылыс болып табылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Айтпақшы, таяуда ғана қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов Мем­лекет басшысына елордада қала құрылысы архитектурасы саласында жүргiзiлiп жатқан жұмыстар туралы хабардар еттi.
Болашақта елордада бой көте­ретiн «Ашаршылық құрбандарына ескерт­кiш» монументi мен  Құр­манғазы ес­керт­кiшiнiң үлгi-идея­сына арналған республикалық байқаудың нәтиже­сiмен таныс­тырды. Алдағы уақытта елорданың еңселi ескерткiштерiнiң қатары тарихи маңызы зор осы екi ны­санмен толығады.

Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × five =