АЛЫП ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫ

0 336

ТІЛШІМІЗ ЕРКЕҒАЛИ БЕЙСЕНОВ ОН ЖЕТІ ҚАБАТ ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСЫП ҚАЙТТЫ 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астаналықтарды өз қала­ларына ұқыппен қарауға шақырып: «Барша аста­налықтарға айтарым, салынып жатқан нысан­дардың бәрін балаларымыз үшін сақтаңыздар! Балаларды мәдениетке, таза көшені ластамауға үйретіңіздер! Бұл тазалық – қаламызда жұмыс істеп жатқан адамдардың орасан зор еңбегі» – деп еді. Рас, еңсе тіктеген елорда – ең алдымен ұлтымның ұстыны, қазақтың қолтаңбасы, Алаштың абырой-беделі! 

 Мына бір кірпіш дүниенің…

Білуімізше, біздің елорда жақын болашақта әлемнің барынша дамыған және келешегі зор отыз қаласының біріне айналмақ. Алға қойылған асулы міндет – 2030 жылға дейін Астананың Қазақстандағы және Орталық Азия қалалары арасындағы көшбасшы, үлгілі қала болуына баса назар аудару.

Үміт үдесінен шығуға болады. Себебі, маңызды сәулеттің мәнін қашырмауға қазірден қамданған Астана қаласының Құрылыс басқармасы құрылыс бағдарламаларының әкімшісі ретінде инвестициялық жобаларды жергілікті бюджеттен жүзеге асыруда. Астанаға жыл сайын шамамен 40-50 мың адам көшіп келетінін ескерсек, баспана мәселесін шешу бастамасы да өз күшінде тұр. Талаптан танатын түр байқалмайды. Оған қоса, 2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаладағы бірқатар маңызды нысандарды аралағанда, елордамызда әкімшілік және тұрғын үй ғимараттары бойынша біраз мәселелердің шешіл­генін айтқан болатын. Ендігі екі жылда да осы бір «кірпіш дүниенің» олқы соқпағаны анық. Кейінгі кезек те кемшіліксіз келе берер деп сенеміз.

 …тетігін тауып қалаған…

Қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы Талғат Рахманбердінің мәлімдеуінше, биыл жыл соңына дейін жұмысқа орналасқан жастардың да саны едәуір ұлғаятын болыпты. Міндеті айқын мекеме осы жылы екі мыңнан астам адамды студенттік құрылыс жасағына жұмысқа орналастыруды жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіш құрылыс пен қаланы абаттандыруына жұмысқа кірісер ынталы жастардың арқасында әлде де өсе түсуі мүмкін. Әрине, оларға құрылыстың қыр-сыры алдын ала үйретіледі. Жан-жақты тәжірибе арқылы шыңдалғаннан кейін, қаланған қабырғадағы әр тетікте бір кетік болмайды. Еурожөндеудің шарты да сол – тегістік өлшемі. Тепе-теңдіктен сәл қиыс кетсең-ақ, «баланың ісі – шала» екеніңді әшкерелегенің!

…жиырма бес бригаданың жігіттері…

Біз «мың рет естігеннен бір рет көрген жақсы» деген ұстаныммен Астана қаласындағы тұрғын үй құрылысы нысандарының біріне барып, қайнаған тірлікке қанығып қайттық. Онда 25 құрылысшылар бригадасының жұмылдырылуымен қатарынан 17 қабатты екі үй тұрғызылып жатыр екен. Қос тұрғын үй жарыса еңсе тіктеп, жалпақ қабырғалары қалқиып тұр. Енді іші-сыртын қаптап, әрлеу жұмыстарын жүргізу жағы көп уақыт ала қоймайтынға ұқсайды. Бұл нысандарды салуға да негізінен казіргі заманауи, әлемдік стандарттарға сай безендіру материалдары, алдыңғы қатарлы технологиялармен жабдықтап қолданылып жатыр. Әрқайсысы он адамнан тұратын 25 бригада жігіттерінің құрылыста кемінде 3 жыл тәжірибелері бар екен. Есілдің сол жағалауындағы аса маңызды мемлекеттік нысандардың мінсіз болуына мән, сәулетіне сән берген құрыш білекті құрылысшылардың бір шоғыры – осылар. Қазір де күні-түні бір тынбай, ауысыммен еңбек етуде. Құрылысы қатар басталған қос нысан бірдей бітіп, тұрғындардың пайдалануына желтоқсан айында берілуі тиіс.

…қазақы құрылысшылар екен

Шын мәнінде, бұл жігіттердің бұлжытпай орындап жатқан оңды жұмыстарынан арнайы репортаж жасап, газетке аясын кеңейтіп-ақ беруге тырысқанбыз. Ол үшін тас қалаушы, саз-цемент езуші қара жұмыскер, дәнекерлеуші тектес басқа да арнайы мамандардың өз міндеті туралы өтімді пікірлері керек. Бірақ, Қазақстанның әр қиырынан жиналған өзіміздің қазақ жігіттерінің ашық әңгімелесіп, сыр ақтарудан сырғақтағандарына қайран қалдық. Өйтетіндей, ел игілігіне жарап тұрған еш жұмыстың сөкеттігі жоқ қой! Нағыз ұлттың ұланы екенсің, бірақ, қазақы қалыпты сақтағанда да, бұлайша тым ұяңдық танытудың қажеті қанша?!.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − twelve =