Алып елде жайылымдық жер неге жетіспейді?

0 118

Қазақстанда төрт түліктің 80 пайызы елді мекендердің маңайында жайылады. Көпшілік өңірлерде меншіктің қолындағы малдың көптігінен ауылдардың 5-6 шақырым радиусы айналасындағы жерлер азып-тозып кеткен. Бүгінде оның көлемі 27 млн гектарға жеткен. Соның салдарынан зооветеринарлық жағдай асқынып, мал басының ауру-сырқауы артып барады.

«Қазақтың көңілі қорадағы қойына қарап семіреді» дейді. Мал шаруашылығы – ықылым замандардан бері жалғасып келе жатқан ата-баба дәстүрі. Сондықтан жайылым жерлерді нәтижелі пайдалану халқымыз үшін өте көкейтесті мәселеге айналған-ды. Оның үстіне қазіргі заманда бұл агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласында мемлекеттің экономикалық саясатын жүзеге асырудың бір бөлігі болып табылады. Осы маңыздылықтарды ескере отырып, Nur Otan партиясы кезекті отырысында аталған мәселені күн тәртібіне қойды. Партия бақылау комитеті тобының мүшелері Парламент Мәжілісі фракциясындағы депутаттарымен және партиялық бақылаудың өңірлік комиссияларымен бірлесе отырып, ҚР «Жайылым туралы» заңы нормаларының орындалуына мониторинг жүргізді.
Жалпы, республика аумағында 184,5 млн га жайылым бар, оның 94,3 млн га (51 пайызы) қолданысқа берілген. 90,2 млн га жайы­лым алқабы пайдаланылмайды (75 млн га – мемлекеттік қорда, 17,2 млн га – басқа санатта). Пайдаланудағы жайылымның 78 пайызы – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің, 22 пайызы – елді мекендердің қарамағында.
Қазіргі күні ауылдық жерлерде 7738,7 мың (41,5 пайызы) адам өмір сүріп жатыр. Олардың қолында 9 млн 846 мың мал басы бар (ауылшаруа­шылық ұйымдарының қарамағында – 3,146 млн бас, жекеменшіктің қолында – 6,7 млн бас). Ішкі нарықтағы сүттің 75,5 пайызын, еттің 56 пайызын ауылдықтар өндіреді.
ҚР «Жайылым туралы» заңы бо­йынша жайылым жерлерін пайдаланудың 3 шартты түрі бар:
Бірінші – елді мекендердің маңайындағы жерлер. Ол – мемлекеттің меншігінде. Бұл жерлер жергілікті халықтың қажеттілігі үшін беріледі. Тек аталған алқапта жайылатын мал саны мемлекет белгілеген нормадан аспауы керек. Мал басы шекті нормадан асып кетсе, ауыл округі аумағына тиесілі екінші деңгейлі жайылымға жіберіледі. Егер бұл жағдайда ауыл аумағындағы жайылым жерлер жеткілікті болмаса, жетіспеген көлем жекеменшік қорынан мемлекет меншігіне мәжбүрлі түрде алынып, жергілікті тұрғындардың мал жаюына беріледі.
Екінші – ауыл округі аума­ғынан акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, шаруа қожалықтары 49 жылға жалға алған жерлер. Сондай-ақ жайылымнан басқа, шабындық, орман шаруашылығы мақсатындағы және ерекше қорғалатын аумақтағы (табиғи қорықтар) жерлер бар. Өзен-көл алқаптары да осы деңгейге жатады. Көпшілік жекеменшік жер иелерінің қолында мал жоқ, сөйте тұра олар бос жатқан алқапқа халықтың мал бағуына рұқсат етпейді. Мұндай учаскелер жер пайдаланушылар мен жекеменшік жер иелері арасында ҚР «Жайылым туралы» заңы бойынша реттеледі.
Үшінші – сыртқы жайылым. Бұл жерлер – толықтай мемлекеттің меншігінде. Алайда ауылдықтар ол учаскелерге малдарын өздігінен апарып жая алмайды. Қолданыстағы заңға сәйкес жер пайдаланушылар мұндай жерлерге бір көше, әйтпесе тұтас ауыл болып ұжымдасып, келісіп, ортақ отар, табын шығарып, малдарын бірлесіп баға алады.
Халық наразылығын тудырған бір кілтипан осы тұстан шығады. Nur Otan партиясы бақылау комитеті тобы жүргізген мониторинг нәтижесі көрсеткендей, ҚР АШМ өкілетті органдары, жергілікті атқарушы органдар (аудан, ауыл әкімдіктері) ҚР «Жайылым туралы» заңы нормаларының орындалуына жүрдім-бардым қарайды. Осыдан барып жергілікті тұрғындар өз ауылдық округі аумағындағы жерлерді жайылым үшін толықтай пайдалана алмай отыр. Жыл сайын әкімдердің халық алдында есеп беру кездесуінде осы өзекті мәселе ұдайы көтеріліп, талай дау-дамай туғызғанмен, оңтайлы шешілмей келе жатыр. Соның кесірінен жайылым алқаптарының 43 пайызы пайдаланылмай бос жатыр.
Бүгінде барлық облыстарда (Ақтөбе облысынан басқа) жайылымдық жерлер жетіспейді. Кей өңірлерде бұл мәселе тіпті күйіп тұр. Мәселен, жайылым үшін қажетті норманың Түркістан облысында – тек 7 пайызы, Жамбыл облысында – 10 пайызы, Алматы облысында – 12 пайызы, Қызылорда облысында 13 пайызы ғана пайдалануға берілген.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен шаруа қожалықтарының қарамағында 73,4 млн га жайылымдық алқап бар. Олардың қолындағы 3,146 млн бас мал үшін тек 26,3 млн га қажет. Ал 47,1 млн га аумағы пайдаланылмай бос жатыр. Керісінше, елді мекендердегі халықтың қолындағы 6,7 млн бас үшін 53,3 млн га жайылым қажет болғанмен, нақты жағдайда ауылдықтарға 20,9 млн га тиесілі. Яғни әлі 32,4 млн га жайылым жетіспейді.
АШМ мамандарының пікірінше, жергілікті халықтың мал жайылымы тапшылығын мемлекеттік жер қоры (75 млн га) және АШТӨ-нің бос жатқан жерлері (47,1 млн га) есебінен шешуге болады.
Көтеріліп отырған көкейтесті мәселе республикадағы барлық елді мекен халқының мал бағымына қажетті жайылымдық жерлердің ауданы анықталып, бекітілгенде ғана шешімін табады. Ол үшін ең алдымен ауылдық жерлердің нақты шекаралары бекітілуі тиіс.
Қазақстанда 2480 ауыл болса, соның 1611-інің шекарасы белгіленген, 869-ын нақтылау жүргізіліп жатыр. Бұл шараны 2021 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Дегенмен ауыл шаруашылығы жерлерінің аудиті және жер кадастрын цифрлау барысы баяу және оның сапалық тұрғысына да сын аз емес.
2019 жылы жер заңнамасының сақталуы бойынша мемлекеттік бақылау жұмыстары барысында мемлекет меншігіне сот арқылы 1,2 млн га пайдаланылмай жатқан алқаптар қайтарылды. Сонымен қатар, жыл сайын жайылым үшін мемлекеттік қордан жаңадан 2 млн га жерлер қолданысқа енгізіледі.
Қазіргі күні жергілікті атқарушы органдар ауылдық округтер ауқымында жүргізілген геоботаникалық зерттеу негізінде жайылымдарды басқару жоспарын және жайылым айналымы схемасын бекіту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Түйін: барлық өңірлер үшін жайылымдық жерлер тап­шылығы үлкен проблемаға айналып отыр. Негізгі түйткілдер: ауылдар маңайындағы жерлердің жекеге сатылып кетуі; пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару процесінің ұзақтығы мен күрделілігі; мемлекет меншігіне алынған жер үшін меншік иесіне ауқымы сонымен бірдей учаске берудің қиындығы (кей өңірлерде бос учаскелер жоқ); елді мекендер маңайындағы жерлердің көпшілігі екінші деңгейлі банктерде кепілде тұрғандығы; шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жариялануы және тағы басқалар.
Сөз соңында айтарым, жер көлемі бойынша әлемде 9-орында тұрған, халық саны аз Қазақстанда «жайылымдық жер тапшы» деген уәжді естудің өзі ұят. Бұл «қыста қар жетпейді» деген сияқты біртүрлі оғаш естіледі. Мұны алақандай жерде, түк өспейтін құм мен тастың үстінде отырып, қыруар халқын асырап жатқан мемлекеттер естісе, күлкіден шектері қатып қалар. Сондықтан жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі жер қатынасы мәселесінің дұрыс ұйымдастырылмағандығынан екені даусыз. Оны шешу – уақыт күттірмейтін мәселе.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + 4 =