Алып держава алаңдаулы

0 268

АҚШ-та 3 қарашада өткен президент сайлауының нәтижесі ресми түрде жарияланбағанымен, БАҚ арқылы Джо Байденнің жеңіске жеткен хабары соңғы күндері бүкіл әлемді шарлап кетті. Себебі Байден президент сайлауында елдің қазіргі басшысы Дональд Трампты жеңетін дауыс жинады. Бұл – Байденнің елу жылдық саяси карьерасындағы президент болуға жасаған үшінші талпынысы.

Сайлаудан кейінгі  текетірес

Бұл жолғы сайлауда дауыс берген 150 миллионға жуық адамның 74 миллионы Байденге қолдау көрсеткен, бұл – АҚШ тарихындағы ең үлкен көрсеткіш. Егер Байден шынымен жеңіске жетсе, ол АҚШ-тың 46 президенті ретінде келер жылы 20 қаңтарда қызметіне кіріседі. Осылайша, 77 жастағы Байден АҚШ тарихындағы ең қарт президент атанса, 74 жастағы Трамп соңғы 25 жылда бір-ақ рет сайланған АҚШ билеушісі ретінде есте қалмақ.
Дауыс саны 279-ға жеткеннен кейін Байден сайлаушыларына алғыс білдіріп, барлық америкалықтардың президенті болуға уәде берді. «Мен елді бөліп-жаратын емес, біріктіретін президент болуға уәде беремін. Мен көк және қызыл штаттарды емес, Америка құрама штаттарын көретін президент боламын» деді ол. Ал Дональд Трамп жеңілгенін әлі мойындаған жоқ. Керсінше, ол Байденнің жеңісін ерте тойлап жатқанын, сайлау­дың соңғы қорытындысы әлі шықпағанын жеткізді. Өкілдер палатасындағы республикалық партияның мүшесі Стив Скалис те twitter-де «соттың шешімі шықпайынша, сайлаудың қазіргі қорытындысын соңғы нәтиже деп тануға болмайды» деп жазба қалдырды. Сайлаудан кейін екі кандидаттың да жақтаушылары көшеге шығып, наразылық шараларын өткізді.

Заң бұзушылық  болғаны рас па?

Жұрт сайлау ең әділ өтетін ел деп білетін АҚШ-тың бұл реткі сайлауының да күмәнді, күңгірт тұстары жоқ емес. Оның нақты дәлелі ретінде Трамп командасының сайлау нәтижесімен келіспей, сотқа шағым түсіргенін атауға болады. Мәселен, 3 қарашадан кейін Трамптың жақтастары бірнеше штаттағы дауыс санауды тоқтатуды талап етті, 5 штатты сотқа берді. Алайда кейбір штаттар «анық дәлел жоқ» деген сылтаумен, арызды кері қайтарды. Ал Трамптың жеке адвокаты «осыдан 5-10 жыл бұрын қайтыс болған 21 мың адам сайлауда дауыс берді, осыдан өткен қаралық болмас» деп наразылық танытса, Трамп «егер заңды дауыстар саналса, онда мен сайлауда мүлде басымдылықпен жеңдім, егер заңсыз дауыстар есепке алынса, онда ол қарсы жақтың дауыс ұрлаудағы алаяқтыққа барғандығының дәлелі. Мен ірі бұқаралық ақпарат құралдарының, қомақты қаражат пен алпауыт технологиялардың араласуына қарамастан жеңіске жеттім» деп мәлімдеді.
Тәуелсіз зерттеу орталықтары да сайлаудың күдікті тұстары өте көп екенін алға тартып отыр. Мәселен, АҚШ-тың 29 штатының 353 округіндегі сайлау билеттерінің саны сол жердегі дауыс беру құқығы бар тұрғындар санынан 1,8 миллион асып кеткен. Тәуелсіз байқаушылар Мичигандағы сайлауда Трамптың нәтижелері өзгеріссіз қалғанын, ал Байденді қолдаған дауыстардың бірден 138 мыңға күрт көбейгенін байқаған. Оның үстіне, федералдық заң бойынша, сайлау өтіп кеткеннен кейін поштамен келген билеттерді есептеу – заңға қайшы. Алайда сайлау билеттері әлі күнге дейін қабылдануда.

Трамп неден  ұтылды?

Бұл реткі сайлауда Трамптың «жеңіліп» қалуын сарапшылар да сан-саққа жүгіртіп жүр. «Трамп жеңілген жоқ, ол сот арқылы өз мүддесін қорғап шығуы мүмкін» деп үміттеніп отырғандар да жоқ емес. Дегенмен, Трампты ыңғайсыз күйге түсірген нақты себептер де бар. Мәселен, президент Трамптың АҚШ одақтастарының көбімен қарым-қатынасы жақсы болмады. Ол НАТО мүшелерін ортақ қорғанысқа көп қаржы бөлмейді деп жиі сынады, әсіресе Еуропа одағына, Жапония мен Оңтүстік Кореяға сауда мәселелері бойынша жаңа талаптар енгізуге тырысты.
Трамп кезінде АҚШ пен Қытай қарым-қатынасы нашарлай түсті. Қытаймен сауда соғысын жүргізіп, қытайлық компаниялардың АҚШ-та жұмыс істеуіне шектеу қойып, санкция салды. Қытай мен АҚШ қатынасындағы сезімтал тақырып саналатын Шыңжаң, Тибет және Тайвань мәселесінде батыл қадамдар жасап, Қытайдың қарсылығына қарамастан Қытайдағы аз ұлттардың құқығын қорғайтын бірнеше түрлі заңға қол қойды. Нәтижесінде, бұрын Қытай АҚШ-тың бірінші орындағы сауда серіктесі болса, енді үшінші орынға түсіп қалды. Ал Ресейге үлкен жақтан алып айтқанда, «ұзын арқан, кең тұсау» саясатын қолданды. Сол себепті осы реткі сайлауда Байден Трампты «Путиннің жақтасы» деп атап, Трамптың ресейге қарсы тұра алмағанын сынға алды. «АҚШ-тың басты жауы Ресей, ал Қытай АҚШ-тың басты бәсекелесі» деді ол.
Трамп билік жүргізген кезде АҚШ қоршаған ортаны қорғау жөніндегі париж келісімінен шықты. Сондай-ақ АҚШ-тың экономикалық мүдделеріне тиімсіз деп санаған «транс Тынық мұхиты серіктестігі» сияқты ұйымдардан бас тартатын жарлықтарға қол қойды. Ал ішкі саясатта АҚШ-та, ең алдымен, бәрі америкалықтар үшін болуы керек деген идеяны алға тартты. АҚШ азаматтарының тұрмысын жақсартуға, жұмыс орындарын ашуға және ел ішінде бизнесті дамытуға күш салды. Соның нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 3.7 пайызға дейін төмендеді. Бұл – АҚШ тарихындағы 50 жылдағы ең төменгі деңгейдің бірі. Трамп билікке келе сала Барак Обаманың медицина саласындағы реформаларын өзгертуге кірісті. Сонымен қатар, оның көші-қон саясаты да АҚШ-қа көп тиімділік әкелді. Сайлауалды бағдарламасында айтқан уәделерін орындап, Ауғанстаннан әскерін шегіндірді. Орта Шығыстағы 3 араб мемлекетті АҚШ-тың ара ағайын болуымен Израильмен дипломатиялық қатынас орнатты. Алайда Қытайдан тараған вирустың кесірінен соңғы жарты жылда жұмыссыздық күрт артты да, мұның соңы Трамптың сайлаудағы жеңілісіне алып келді.
Бір сөзбен айтқанда, Байден Трамптың коронавируспен күресіне көңілі толмаған, президенттің қоғам алдында өзін агрессивті ұстайтынынан әбден шаршаған халықтың жаппай наразылығын пайдалануға тырысты. Сондай-ақ ақпарат құралдары Байденнің әрбір сөзін әсірелеп көрсетіп, Трамптың үнін шығармауға барын салды. Мәселен, АҚШ-тың бірнеше телеарнасы Трамп мәлімдеме жасап жатқанда эфирді үзіп тастады. Twitter мен facebook-та Трамп мәлімдемесінің видеосын «даулы контент» деп белгіледі. Мұның соңы Трампты ақпараттық бәсекеде дәрменсіз орынға түсіріп тастады.

Джо Байден кім?

Байден – Вашингтондағы мемлекеттік қызметке 50 жылын арнаған саяси қайраткер. 35 жыл сенатта қызмет етіп, 2009-2017 жылдары президент Барак Обаманың тұсында 2 мәрте АҚШ-тың вице-президенті болды.
Байден 1942 жылы Пенсильвания штаты Скрантон қаласында дүниеге келген. Ол – төрт баланың үлкені. 1966 жылы Нелия Хантерге үйленген. 1972 жылы жол апаты болып, Нелия мен бір жасар қызы Наоми көз жұмып, ұлдары Хантер мен Бо жарақаттанған. Бо 2015 жылы 45 жасында мидың қатерлі ісігінен көз жұмды. Ал Хантер қазір 50 жаста. Джо Байден әйелі мен қызының қазасынан кейін балалармен көбірек уақыт өткізу үшін сенаттан кетпек болған, бірақ әріптестері оны райынан қайтарған.
Байден 1988 жылы және 2008 жылы екі рет президенттік сайлауға түспек болып, демократиялық партияның үміткері болуға талпынды, бірақ екеуінде де партияішілік сайлауда көздеген мақсатына жете алмады. Ал бұл жолғы президент сайлауына қатысатынын 2019 жылы сәуірде хабарлаған еді.

Алдын ала құттықтап жатыр

Бұл жолғы сайлауда кімнің президент болатыны 20 желтоқсанда ресми түрде жарияланады. Алайда Байденді көп ел басшылары жеңісімен алдын ала құттықтап жатыр. Германия канцлері Меркель Байденнің жеңіске жетуін трансатлантикалық байланыстардағы «жаңа әрі айрықша кезең» деп атады.
Жұрттың көбі Трамптың жақын одақтасы әрі қолдаушысы деп санайтын Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон да Байден мен Харристы жеңісімен құттықтады. Осы қатарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Назарбаев та Джо Байденді жеңісімен құттықтады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − six =