«АЛТЫНШЫ» ҚАРУДЫҢ ӘЛЕГІ

0 94

«Бес қаруын асынып…». Бұл тіркесті естімеген қазақ некен-саяқ шығар. Этнографиялық дереккөздер былай дейді: «бес қару дегеніміз – ататын бір қару; кесетін бір қару; ұратын бір қару; түйрейтін бір қару; шабатын бір қару».

Бірақ, бүгінгі атажаулардың ұрыс алаңдарынан ақпарат айдынына ойысқаны қашан! Ақпарға жауапты БАҚ болса, кезінде «төртінші билік» деп айдар тағылған сала енді біздер үшін «алтыншы қару» деп мойындалуға шақ қалып тұр. Оны тұрмыс күнде таңертең, түсте, кешке қайта-қайта дәлелдеп отыр.

«Тек Борат күлмесін де…»

Енді шекаралар көбіне қарудың қауқарымен емес, БҰҰ-ның қарарымен өзгеретін заман боп тұр. Әлемнің зайырланған бөлігінде бүгіндері жалаң қылыштан гөрі, ақпараттың мысы басым. Осы тұста бізге қызығы – алпауыт елдер әбден әккіленіп алған ақпараттық науқан жүйесі.

«Ақпын, ал аққа құдай жақ» деген – бұл күндері бос сөз. Қызығы сол: оны қазір сөз жүзінде дәлелдеуің керек. Болмаса, ең пәк адамның әлде парасатты істің, қайсыбір қарсыластардың арқасында адамзат естіп-көрмеген пасық та озбыр болып шығуы ғажап емес. Көбіне кешкі жаңалықтағы бір ауыз сөз жеткілікті.

Бұдан қалай қорғанамыз? Нелік­тен жыл санап ақпарат­тандыру, қоғамдық пікірді алдын ала дайындау бюджеті қампаюда? Бұл істе біздің еліміздің не айтары бар? Ин­тер­нет не әкелді? Жазарман жар­шы­лардың төл мерекесінде осы жағын қаузасақ дейміз.

Мысалға осы медиатехнология сала­ларында алдына ел салмаған мем­лекет АҚШ-ты алсақ, ендеше. Пуб­лицист, осы күндері батыстық үлгі­де ақпар таратуға машықтанып жүр­гендерге өзі – пірге, еңбегі – Қасиетті кітапқа айналған Уиллиам Тафтқа жү­гінсек, ақпараттық науқан жүйелі түрде әміркендік үлгідегі «ақтабан шұбырынды» 1930 жылдары басталды дейді. Елді жұ­мыссыздық, сәйкесінше бере­кесіздік жайлаған жылдары, білесіз бе, біздерде мәдениет сала­сы қаңғып кете жаздаса, АҚШ-та актерлер мен режиссерлер, журналистер мен баспасөз керісінше бақуатты болған. Себеп: елдің қам көңілін жадыратып, биліктің анау ұшар басындағылардың қарап отырмағанына елдің көзін жеткізу. «Иә, Рузвельт бәрібір де ереуілдер мен кө­терілістен сақтана алған жоқ, де­генмен, ашынған аш халықтың Аме­риканы аяғына дейін төңкеріп тас­тамағаны – тап осы медианың ар­қасы» деп жазады әйгілі публицист.

Екінші Дүниежүзілік жылдары еңсесі көтеріліп қалған Америка енді осы әдісті әлемдік форматқа енгізе қойды. Содан бері баспасөз АҚШ-тың абзал образын жазбаша түрде, Холлиуд киносымен жеткізіп келе жатыр. Ең мықтысы сол, бұларды тіпті сатып алып оқисыз және қарайсыз. Қарсыласпен кү­рес­ті соның есебіне жүргізудің мұн­дай әдіске таң қалмасқа шара жоқ.

Ақпараттық машина әскери­лерден де көп ұпай әкеліп жатыр: адам шығынынсыз-ақ саяси карта қайта қатталып, ақырған пат­шалар құлап жатыр. Әнебір елдің әнебір басшысы тиімсіз бе? Жақсы, ендеше, алдымен әйгілі «сыған қазағы» Борат – Саша Барон Коуэн Қаддафи боп киініп шығып, шек-сілеңді қатырады. Бұл уақытта баспасөзде адам айтса нан­­ғы­сыз Либиядағы адам құқығы жө­­нінде есеп, ал көк­жә­шіктен сая­си режим­ құр­банының аяныш­ты моно­­логы да дайын болады. Бітті, енді салық төлеу­шілер мил­лиард­таған әскери ассигнацияға дайын!

Мұндай механизмге көз жеткізу қиын емес. Және де бұл жеке ой-толғаудың нәтижесі емес. News Corp. сияқты тажал корпорация ақ­па­­раттық науқанға қатысын тіпті сотта мойындаған. Ал енді жеке өзіңіз үшін де мысал үшін амери­калық мерзімді басылымдарды бір шолып шығуыңызға болады. Мұнда «Даладағы дауыл» сияқты әскери науқандар алдындағы баспасөз бен электронды БАҚ-тың сондай үлгілі «ауызбіршілігін» көре аласыз.

«Ол да біздің барған тау»

АҚШ-қа медиатехнологияға алғаш түрен салған ел деген айдар тағып отырғанымызбен, біздің елді бұл істе кенже қалып, балаң болды деуге әсте болмайды. Советтер билікке қарудың күшімен келгенімен, тек БАҚ арқылы ғана бекіп қалды десек болады.

Советтік БАҚ-тың мейлінше сыналған тұстары сол қанқұйлы отыз жетіншілер мен Екінші дүние­жү­зілік соғысы кездері шығар. Ста­­линді әлі де билік құрау­шы топ­­тардың серкелері мойындай қой­­маған кездері қорқытып, те­рең ба­ты­ратын құрал ретінде бүкіл­одақ­тық «Правда» газеті ерекше көз­ге түседі. Технология шамамен былай: алдымен партияның іші-сыр­тындағы, ірі әскери қайрат­кер­лерді қаралаған көлемді мақа­ла жа­рық көреді; қоғамдық көз­қа­растың қы­сы­мымен олар пар­тия қатарынан, саяси бюро қата­рынан шығарылып, қарапайым адам күйіне жеткізіледі; ақыры бас­тал­ғанынан аяқталуы тез сот ұйым­дас­тырылып, ату жазасына кесі­леді. Кешегі алаш арыстарының да осынау ақпараттық шабуылда құр­бан боп кеткені қынжылтады. «Айып­таулар­дың» түрлілігі сонша, тап­сырыс алған редакция қиялы­ның ұшқыр­лығына таң қала­сың. Кім жоқ мұнда: «жапон тың­шысы», немесе бірден бірнеше бар­лаудың тыңшысы (айталық, Бухарин – неміс, жапон, француз, ағылшындарға «жұмыс» істепті-міс), «империалистік пиғылдағы топтардың құйыршығы», «сәтті мезетті аңдып тығылып отырған егеуқұйрық», «адам кейпіндегі залымдар», қысқасы, советтік «Прав­да­ның» қолына қалам бер де, бала­ғат­қа қой! Өкінішке қарай, қоғам қай­рат­керлерінің кемінде екі рет өл­тіріл­генін түсінесің: атылу алдында өзің ту­ралы мұндай мақала оқу, оған қойылған қолдардың ішінде кешегі достардың қолтаңбасын кө­ру, сірә, мұндай қорлықты ойлап табу­­дың өзі үлкен талантты талап ететін болар.
Кейінірек, соғыс жылдары және одан кейін «Правда», ендеше, барлық одақ баспасы, оның ішінде өзіміздің қазақ газеттері де көбіне қоғамды сыртқы жауларға қайрау мен ерен еңбек көрсетуге үгіттеу бағытында жазуға ойысқан. Бір ауысымда 100 тонна көмір қазу, шөлейт жерден көз көріп, құлақ естімеген егін жинау – міне, аға ұрпақ еліктеп өскен образдар. Ақпараттық науқан өз жемісін мың есе қайтарды: 50-жылдарға қарай КСРО ондаған позиция бойынша өндіріс көрсеткіші жөнінен алдыңғы орындарға шықты. Сайып келгенде, қонаевтық миллиард пұт астық та бар мұның ішінде.

Интернет интервенциясы

Түрлі араб көктемдері мен басқа да саяси «жыл мезгілдері» қазір әлемде ақпараттық бопсалау мен беделді тәрк етудің жаңа үлгі­сі шыққанын паш етті. Тіксініп қалдық. Шынымен, елдегі саяси ахуал кейде әлдекімнің әлеуметтік желідегі бір түйір шатпағына бола төңкеріле салуы үрей тудырады. Бұл орайда қорғаныстың бірнеше түрі де белгілі боп қалды.

Біріншісі, ирандық-солтүстік корейлік үлгі. Ел ішінде сыртқы электронды БАҚ таралуына мей­лін­­ше шектеу қою. Бірақ, бұдан ел ты­ныш һәм бас аман болады деу қисын­­сыз. Есте­ріңізде болса, тек жақ­­сыны ғана жет­кізетін советтік БАҚ-тар­­дың ел арасындағы «беде­лі» ортадан төмен еді, ал кейбі­реу­лері тіпті қисық қал­жыңға арқау боп жататын. Барды жасыру мен жоқты асыру бәлкім отбасылық қаты­нас­тарда жемісін берер, тек қоғам­дық өмірде емес. Сайып келгенде, одақтың құлауы­ның бірден-бір себебі – ашық қоғам құруға ұм­ты­­лыс екенін естен шығар­майық. Өткенге қай­туға әзір ешкімнің ықы­лас білдіргені байқалмайды.

Ақпараттық қауіпсіздіктің «иран-корей үлгісі» деп, шартты бөл­­­ге­­німіз­бен, қызылбастар бұл са­ла­да қағылездік танытып отыр. Ай­та­лық, сыртқы оқиғалардың қа­тар­да­ғы пар­сылық үшін ұлттық-ді­ни ерек­шеліктеріне қарай интер­пре­тациясы жиі пайдаланылады. Содан ба, Ирандық жүйені Батыс қаншама құбыжық қылып көр­сеткенімен, ақпараттық ахуал корей түбегіндегідей құр даңғаза айқай мен күн көсемге арналған мадақ емес. Шынымен, солтүстік корей­лердің ел ішіне беретін ақ­параттар ағынын бақылап отыр­саңыз, кейде тіпті күлкіңіз ке­леді. Маркс деген кісі қоғамтану ілімінде атымен жоқ екені, есесіне оның еңбектері – Ким Ир Сеннің шығармасы ретінде бе­рі­летінінің өзі неге тұрады?!

Теріс ақпараттық науқанға қарсы екінші әдісті – «уды умен қайтару» деп атасақ та болады. Мұндайды Ресей кешегі гүржілермен сегізкүндік соғысында шебер пайдалана білді. Бақсаңыз, енді «майдан алаңынан тікелей репортажға» қоса, жалпы – грузин ұлтының, олардың басшыларының образдары тәрк етілді. «Тым-тырақай қашқан гру­зин­дер, есалаң президент, еңсе­сі езілген ел, қанқұмар жауын­гер», міне, әлі де ресейлік ақпа­рат айды­нында қалып отырған қазақстан­дықтар үшін нақышына келтіре салынып берген соғыс бейнесі. Тек Гүржістанға тікелей қатынағандар мен ағылшынтілді БАҚ-тарды оқу қабілеті бар оқырмандар үшін бұл соғыста Ресей соншама тамаша жеңіске жеткен жоқ. Бірақ, бізге қызығы – қоғамдық түрлі, кейде тіпті бір-біріне жұлдызы қарсы топтар медиасының осы соғыста аузы бір бола қалуы. Шынымен, мемлекет мүддесі жолында осылай жұмыла алсақ, керемет емес пе? Ал шындық қазір кімге қызық?

Осы орайда Ресейдің аталмыш ақ­­па­раттық науқанды 80 пайыз интер­нетте жүргізгенін айта ке­тейік (таза визуалды бағалау – Е.О.). Ен­­деше, Қа­зақ­станда мұндай мүм­кін­дік бар ма?

«Майл-Агенттен» бөтен шаруа

Соңғы бесжылдықта еліміздің әлем­­дік ақпарат айдынындағы имидж­­дік обра­зына күш салу ке­рек­ті­гі ай­тылып жүр. Тіпті, 2007 жы­лы сол кез­дегі Сырт­қы Істер Министрі Ма­­рат Тә­жин халықаралық конференция кезінде дәл осыны айтқан болатын. Және де бұл көбіміз ойлайтындай – Батыстық телевидениеде шаттықта өмір сүріп жүрген балалар мен бақуатты қариялар түскен роликтер көрсету емес. Немесе, тек ол ғана емес.

Расы керек, қисапсыз қаржымен қаша жөнелген байшікештер сүтін ішіп, аяқ босатқан кешегі өз отанын батыстықтарға құбыжық етіп бітті. Еліміздегі «адам айтса нанғысыз қанқұйлы заңдар» мен «еркіндіктің аянышты халіне» Батыс көрермен-оқырманы сеніп-ақ қапты. Осы жерде кемшін түскен тұсымыз қарсы науқан жүргізбегеніміз.

Бұған Батыстағы қаптаған имидждік PR-агенттіктердің қазақ­стандық қашқын байшыкештерді төңіректеп қоймайтынын әбден түсінуге болады. Ең қиын тұсы – еліміз ресми деңгейде сол озбыр агенттікерді жазалауды талап ете алмайтыны: Еуроодақ пен АҚШ-та, тіпті, судыр-суайт БАҚ-қа тосқауыл заң жоқтың қасы. Сонда қалай, жекелеген кегі кеткендер тұтастай елді қаралауға қақысы бар да, біздің ақталуға қақымыз жоқ па?

Бұған, олардың қиыннан қиысты­рылған қилы әрекеттерін қосыңыз. Елді, оның тұлғаларын тәрк ету үшін жасалған қарабайыр карикатуралардан бастап, шығу тегі күмәнді фоноскопиялық «жазбалар», біз үшін өте-мөте ыңғайсыз операторлық ракурстан түсіріле қойған жүздеген бейнетаспаларды қосыңыз. Олардың массасы ел ішіндегі адамдардың өзі сеніп қала­тындай көлемге жетті. Ендеше, жаман­дықты термек бар болса, оны тәрк етпектік те болуы керек қой? Оның үстіне…

Қозғалмасақ, қорқынышты…

Оның үстіне, осы күні төңкеріс құ­ра­лына айналды делінетін әлеу­мет­тік желілер жақын арада … тіпті де сонда отыратындардың шын көз­қарасын білдіре алмайтын күйге же­тетін түрі бар. Иә, әйгілі Facebook те, Twitter де өте-мөте жақын бо­ла­шақта «басқарылмалы» болуы әб­ден ықтимал. Неліктен?

Міне. Жақында ресейлік Сыртқы Барлау Қызметі (СВР) мынадай мазмұндағы жабық тендер жария-лады: «Ірі әлеуметтік желілерге хабар таратудың және алдын ала дайындалған сценарий бойынша интернет-қолданушылардың көзқа­ра­сына ықпал етудің автомат­тандырылған жүйесін жасау»! Айна-қатесіз, тақырыбы тап осылай! Бұл нені білдіреді?

Бұл болашақта интернеттегі қоғам­дық-саяси көзқарасты қара­байыр программалық роботтар қалып­тас­ты­ратынын білдіреді! Мас­қара дей­сіз бе? Масқара десеңіз, «әлеу­меттік бот» деп аталатын дүние­де жоқ қолданушыларды АҚШ ертеден пайдаланып келеді. Дөре­кі мысал келтірсек.

Мысалы, «Сирияға басып кіруге қалай қарайсыз?» деген сауал тас­талды делік. Әрине, қолданушылар­дың дені оған «Жоқ!» деп, кесімді жауабын бірден беріп тастар еді. Сөйтіп, Сирияға шабуылдауды қо­ғам­ның қолдамайтыны белгілі бо­лар еді. Бірақ «тұшымды» жауап ке­рек қой! Сол кезде әлгі, аты бар, заты жоқ жансыз роботтар сауалнамада «қажетті» жауаптың ұпайын асы­ратын болады. Бұл дегеніңіз – аза­маттық еркіндігің еркін саудаға кетті деген сөз.

Бірақ «мемлекеттің мүддесі үшін…» деген тәтті сөз бар. Небір патшалар ел есінде елу жылдығын бұрын ойлағаны үшін қалған. Ендеше, мұндай айуан болман деп, сыртқа теппей, осы бастан ақпа­раттық майданға да көңіл бөле бас­тағанымыз дұрыс. Бұл – психологияны, телекоммуникацияны, тағы да ондаған салаларды қамтитын күрделі мәселе. Әңгіме басында атап өткеніміздей, қазір жақсылар жақсымын деп айқайлауға мәжбүр кезеңдер келді. Кез келген істі, ақпараттық демеуді сол істің қосымша емес, құрамдас бөлігі ретінде қарап, стратегияны өзгерту мәжбүрлігі келді. Бұл тұста кенже қаппыз, енді қайттік деуге де болмайды. Бұл спорттық Олимпиа-дадан сипаты басқа дүние. Ақпараттық қорғаныс, электронды ресурстарда қоғамдық көзқарас қалыптастыру әдістерін жетілдіру, пайдаланудың жаман болса да, тұрпайы болса да, өз нұсқамызды жасауға тиіспіз де, мәжбүрміз де. Әйтпесе, ақталу үшін де, басқа үшін де әлгінде сөз етіп өткен батыстық кеңселерді жалдайтын боламыз. Қыруар қаржыға. Сенімсіз адамдарды. Күмәнді тәсілдермен. Әпендінің «кең сарайдай боз үйім!» деп, екі башайы сыртқа шығып жатып, несіне шаттанғанын сонда түсінетін боламыз. Себебі, жаман да болса – өзінікі екен…

Ерлан ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 1 =