Алтыншы алқалы жиынның айтары көп

0 108

Кеше Тәуелсіздік сарайында VI Астана экономикалық форумы басталды. «Бұл жолғы басқосуда қаузайтын ортақ тақырып – «G-global форматында теңдестірілген экономикалық дамуды қамтамасыз ету».  Сондықтан «форум қорытындысы бойынша G-8, G-20 мемлекеттер тобына, сондай-ақ, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банкке ұсыныстар әзірленеді» дейді ұйымдастырушылар.

Биылғы форумға 100-ден аса мемлекеттің өкілдері қатысып отыр. Олардың арасында оншақты Нобель сыйлығының лауреаттары, отыз бес бұрынғы мемлекет басшылары мен министрлер, қырықтан астам халықаралық ұйымдардың, корпорациялар мен кәсіпорындардың жетекшілері бар.

«Жасыл» өркениет – жаңа саты

EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткіз­ге­лі отырғандықтан, «жасыл» экономика мә­­селесі халықаралық жиында жан-жақты тал­­қыланды. «Жасыл» өркениетке өту не­­гіз­­дері» деген тақырыппен өткен алғашқы сес­­сияда сөз алған БҰҰ Азия және Тынық мұ­­хиты өңірі бойынша Экология және да­­му департаментінің директоры Рае Квон Чунгтың айтуынша, біздің экономикамыз адам капиталына және табиғи қорды пайдалануға негізделген. Табиғи қорларымыз сарқылып жатқандықтан, біздің экономикамыз тар шеңбердің шырғасында қалып барады. Сондықтан, біз адам капиталына инвестиция жасауымыз керек.

«Оған университеттеріндегі берген білімі жоғарғы сұранысқа ие Еуропа мысал. Бізге «жасыл өсімді» қамтамасыз ететін маңызды бағыттарды басшылыққа алу керек. Біріншісі – баға, екіншісі – уақыт. Уақытты тек адамға, табиғи байлыққа инвестиция жасау арқылы ұтуға болады. Сондай-ақ салық саясатын өзгертіп, фискальды алым енгізу керек. Адамдарды осы арқылы қуатты, табиғи ресурсты үнемдеп пайдалануға үйрету керек» дейді Нобель сыйлығының лауреаты, доктор Рае Квон Чунг. Әріптесінің пікірін жалғастырған тағы бір ғалым – Орал мемлекеттік экономикалық университетінің ректоры Михаил Федоров желідегі «Жаһандық жасыл университет» құруды ұсынды. Оның пікірінше, желілік университет болашақ дамудың базасына айналып, бүкіл мемлекеттердің экономикалық дамуына серпін беруге көмектеседі.
Дәл осы күні форум қатысушылары «Климаттық қаржыландыруды оңтайландыру мен «жасыл» өсімді одан әрі жылжытуда институционалды инвесторлардың рөлі» мен «Болашақ энергиясы біздің өмірімізді қаншалықты өзгертеді?» деген сауалдарға да жауап іздеді. Нидерланды Корольдігінің бұрынғы премьер-министрі: «Жалпы «жасыл» экономиканы одан әрі дамыту бағытында технологиялар алмасуға дамыған және дамушы елдердің барлығы бірдей мүдделі болуы тиіс. Мұндай ұсыныстар «Үлкен жиырмалық» саммиттерінде айтылуы керек» десе, дамушы елдер атынан сөз алған Қырғызстанның экс-президенті Роза Отынбаева: «Біз осы жерде «жасыл» экономика мәселелерін талқылап жатқанда Орталық Азия мемлекеттерінде инвесторлар толып жүр. Аймақтағы тау-кен өндірісі саласында әлемнің барлық дерлік елдерінен инвесторлар кезекке тұрып жатыр. Ал олар қауіпсіз технологияны қолдана ма? Бұл өте маңызды. Сондықтан да біздің елдеріміз тау-кен өндірісі бойынша жаңа өндірістің ашылуын, әрі оған институционалды инвесторлардың қатысуын қолдайды» деп пікірін білдірді.

Жаһан әйелдерінің конгресі

Форумның алғашқы күніндегі тағы бір алқалы жиын іскер әйелдер тақырыбына арналды. Былтырғы форумнан бері өткізіліп келе жатқан «Жаһандық әйелдер конгресіне» Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия бойынша Атом энергетикасының құрметті төрайымы Барбара Леди Томас-Джадж, «Африканың белсенді әйелдері» ұйымы президенті Маделейн Мкуну, Германияның Кәсіпкер әйелдері одағының басқармасы мүшесі Карин Ван Моурук сияқты көрнекті тұлғалар қатысып, өз ойларын ортаға салды. Өз тарапымыздан Қазақстан әйелдері экономиканың қозғаушы күшіне айналып отырғанын «Даму» қорының төрайымы Ләззат Ибрагимова айта кетті.
– Бүгінгі таңда Статистикалық агенттіктің мәліметінше, ІЖӨ-нің 40%-ы әйелдердің арқасында құралып отыр. Алайда, олардың үлесі шағын және орта бизнесте ғана басым. Сондықтан біз әйелдер кәсіпкерлігіне жағдай жасағымыз келеді. Қазірдің өзінде кәсіппен айналысуға ниетті әйелдер «Бизнес – кеңесші» курсына жазылып, бухгалтерлік есеп, салық, маркетинг, заң саласы бойынша тегін дәрістер алуына болады. Биыл қолға алынған моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша 4 пайыздық өсіммен кредит алу, оған қойылатын кепілдің 70%-на дейін Қордың тарапынан қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастырып жатырмыз дейді ол.

Мемлекеттік қызмет мәселесі талқыланды

Өздеріңізге мәлім, елімізде биылдан бастап мемлекеттік қызметке күрделі реформалар жасалып жатыр. Мәселен, Сингапурдағы Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінің әкімшілік директоры Суквиндер Сингх Чопра біздің еліміздегі жаңа реформаны былай бағалады: «Мемлекеттік қызметкерлерді іріктеуге Үкіметтің де, мемлекеттік органдардың тарапынан кедергі болмауы тиіс. Оны мемлекет басшысына бағынатын бір орган атқаруы керек. Мысалы, Сингапурда «А-корпусын» жасақтаумен премьер-министрдің кеңсесі айналысады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда «А-корпусына» үміткер іріктеуді Президент әкімшілігі жүргізгені өте дұрыс». Мәртебелі мейманның пікірін жалғаған Мемлекет қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов еліміз шетелмен тәжірибе алмасуға әрқашан дайын екенін жеткізді. Шара соңында Мемлекеттік қызмет істері академиясының ректоры Болатбек Әбдірасылов Халықаралық әкімшілік ғылымдар институтымен, Грузия мемлекеттік қызмет бюросымен, Рединг Еуразия университетімен өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ, форумның алғашқы күнінде Қазақстанның дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі, инновациялық кластерлерді қалып­тас­­тыру шарттары, елімізде ақпараттық қа­­уіп­­сіздікті дамыту, саудадағы бейтарифтік, жергілікті өзін-өзі басқару аспектілері сияқты сан-салалы мәселелер бөлек-бөлек пікірталас тақырыбына айналды. Бүгін ҚР Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен VI Астана экономикалық форумы мен дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияның салтанатты ашылуы болады.

Еділ БӨКЕЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 − 4 =