Алтыншаш ТАБУЛДИНА, Астана қаласы №5 емхананың бас дәрігері: «КЕЗЕКСІЗ ЕМХАНА» жобасы жүзеге асырылуда

0 165

Астанадағы №5 қалалық емханада алты отбасылық денсаулық орталығы, акушерлік-гинекологиялық бөлім, алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімі, лабораториялық, диагностикалық бөлім, арнайы хирургиялық көмек бөлімі, арнайы соматикалық көмек бөлімі, күндізгі стационар, хирургиялық, урологиялық, отоларингологиялық және травмалық аймақта операция жүргізетін амбулаториялық хирургия орталығы да бар. Таяуда өткен тікелей тілдесу барысында аталмыш емхананың бас дәрігері Алтыншаш Жұмашқызы Табулдина оқырмандармен осы орталықтар мен бөлімдердің жұмысы туралы әңгімеледі

                                   

– Мен Астанаға Көкшетау қаласынан көшіп келдім. Аты-жөнім – Ботажан Асқарова, тұрғылықты мекенжайым бойынша Конституция көшесіндегі №4 үйдің 1-пәтерінде тұрамын. Сіздердің емханада қаралу үшін қалай тіркелуге болады?
– Ботажан, ең алдымен, бұрын қаралып жүрген елді мекендегі, яғни Көкшетау қаласындағы емханадан тіркеуден шыққандығыңыз туралы қағаз алып келесіз. Сосын біздің емханаға келіп, тіркелу туралы өтініш жазасыз.

– Емхананың негізгі ережелері, мамандардың қабылдаулары туралы ақпараттарды қайдан қарап, білуімізге болады?
– Емханаға қатысты барлық ақпараттарды біздің мекеменің электронды адресінен www.gp5-astana.kz немесе 57-63-20, 57-63-62 телефондарына хабарласу арқылы алуыңызға болады.

– Соңғы кезде жиі ауырамын. Сіздің емхананың маңында тұрамын. Дәрігерге қаралу үшін қалай жазыламын?
– Емхананың тіркеу бөліміне келіп немесе 57-63-20, 57-63-62 телефондары арқылы және www. egov. кz электрондық үкіметі арқылы жазыла аласыз.

– Есімім – Альмира. Дене қызуымның және қан қысымымның шамадан тыс көтерілуіне байланысты аймақтық дәрігерге көрінгім келеді, бірақ аймақтық дәрігерге қаралу үшін бүгін кезек толық екен, сонда мен қайда барамын?
– Альмира, біздің емхананың балалар ғимаратында 116-бөлме және ересектер ғимаратында 145-бөлме бар. Осында отырған дәрігерлер жедел аурумен келген науқастарды қарайды. Сонда барыңыз немесе 57-63-20, 57-63-62 телефондарына хабарласу арқылы дәрігерді үйге шақырта аласыз.

– Дәрігерге көрінейін десем, тіркеу бөліміндегілер алдын ала жазылу керектігін айтты. Бұл не үшін қажет?
– Дәрігерге алдын ала жазылу сіздің уақытыңызды үнемдеуге және кезекте көп уақыт тұрмауға, сондай-ақ, дәрігердің сізге арнайы уақыт бөліп қарауына мүмкіндік береді.

– Сонда мен өз аймақтық дәрігеріме қалай жазыла аламын?
– Ол үшін өзіңізге ыңғайлы уақытты таңдап аласыз да, дәрігердің жұмыс кестесіне байланысты қалаған уақытыңызға жазыла аласыз.

– Менің балам жиі ауырады. Дәрі-дәрмектерді үнемі дәріханадан сатып аламыз. Өзіңіз білесіз, қазіргі кезде арзан дәрі жоқ, аздап қана алғанның өзінде көп ақша кетеді. Емханадан тегін дәрі-дәрмек алуға болады дегенді естідім. Біздің де тегін дәрі алуымызға бола ма?
– Иә, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылғы 14 қарашадағы №786 бұйрығына сәйкес, белгілі аурулармен ауыратын адамдар амбулаториялық деңгейде тегін медициналық көмек көрсетудің кепілді көлемі шеңберінде тегін дәрі-дәрмектермен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етіледі. Балаңыз диспансерлік есепте тіркелген болса, тегін медициналық көмек көрсету кепілді көлемі шеңберінде учаскелік дәрігер балаңыздың сырқатына байланысты тегін дәрі-дәрмектерге рецепт жазып береді. Сол бойынша «Гиппократ» дәріханасынан өзіңізге қажетті дәрілерді ақысыз ала аласыз.

– Көзім ауырып жүр. Осыған байланысты окулист дәрігеріне қаралайын деп едім. Ол үшін алдымен қайда баруым керек?
– Окулистке қаралу үшін, біріншіден, өз аймақтық дәрігеріңізге келіп тексерілесіз. Содан кейін дәрігердің бағыттамасымен окулист дәрігерге жазыласыз. Өзіңіздің уақытыңызға ыңғайлы күнді белгілеп, дәрігердің жұмыс кестесіне сәйкес келген кезде көз дәрігеріне қарала аласыз. Егер көз дәрігеріне жедел түрде көріну керек болса, окулист дәрігері аймақтық дәрігердің бағыттауымен сізді кезектен тыс қарайды.

– Кезекті еңбек демалысына шыққанмын. Жалпы, денсаулығымды бір тексертіп алсам деймін. Қан талдау, УЗИ және ЭКГ өту үшін кімге қаралуым қажет?
– Медициналық тексерулерден өту үшін бірінші өзіңіздің аймақтық дәрігеріңізге барасыз. Дәрігер сізді қарағаннан кейін, бағыттама бойынша зерттеулерге жібереді. Денсаулығыңызға уақытында көңіл бөлгеніңіз құптарлық нәрсе. Сондықтан, салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығыңызды үнемі бақылап отыруға кеңес беремін.

– Мен – Гүлмира Райымбекова, сіздің емханада жалпы тәжірибелі дәрігер Федороваға қараламын. Жалпы тәжірибелі дәрігер дегенді бұрын түсінбейтінмін, қазіргі уақытта жалпы тәжірибелі дәрігерге қаралу өте ыңғайлы екеніне көз жеткіздім. Терапевтке және балалар дәрігерлеріне бөлек жазылмайсың, дәрігер барлық отбасымызды бірге қарайды. Бұл ретте Федорова Ольга Александровна – өте мейірімді, отбасымыздың барлық мүшелеріне өз ықыласын білдіріп, жақсы емдік шараларын жүргізеді. Ол кісіге алғысымды білдіремін.
– Рахмет, жалпы емхананың жұмысы туралы не айтасыз?
– Алтыншаш Жұмашқызы, емханамызға кіре берістен тәртіп пен тазалық байқалады. Есік алдындағы жайқала өскен гүлдерге қарап, бас дәрігердің еңбегін көргендей боламыз. Соған ризамыз. Айтарым, өздеріңіз де аман болыңыздар. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер.

– Мен – Қосшы елді мекенінің тұрғыны Нағима Каримовамын. Маған сіздердің емханаларыңызға қаралған ыңғайлы. Бірақ мені ол жерде тіркеуге алмады. Қазіргі кезде емханаға тіркелу еркін таңдау арқылы жүргізілмей ме? Мені неге тіркеуге алмайды?
– Нағима, Қазақстан Үкіметінің №1263 қаулысына сәйкес, тек қала тұрғындары ғана бір территориялық аймақ бірлігі арқылы тіркеуге тұра алады. Сіз Қосшы елді мекенінде тұруыңызға байланысты сол аймақтың емханасында қарала аласыз.

– Есімім – Әлия Ахметова, сіздерде күндізгі стацио­нар бөлімі бар дегенді естідім. Оған қалай жатуға болады?
– Әлия, біздің емханада қаралу үшін, ең алдымен, өз дәрігеріңізге барасыз. Науқасыңызға байланыс­ты дәрігер сізге жолдама береді, сол бойынша барлық медициналық тексерулерден өтесіз, сосын күндізгі стационардың дәрігері сіздің медициналық тексерулеріңіздің қорытындысы бойынша ем белгілейді. Ем қабылдау сырқатыңызға байланыс­ты бес күннен жеті күнге дейін созылуы мүмкін. Бұл ретте бізде бәрі тегін екенін ескерткім келеді. Яғни, сіз күндізгі стационарда ақысыз емделе аласыз.

– Аяғымды жарақаттап алдым. Осыған байланысты қаламыздағы теміржол ауруханасына барып, алғашқы медициналық көмек алған болатынмын. Енді травматолог дәрігерге көрінуім керек. Сіздің емханада мұндай дәрігер бар ма? Оған көріну үшін қайда баруым керек?
– Бізде травматолог дәрігерлер бар. Травматологқа алдын ала жазылу арқылы алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін үш күн өткен соң қабылдауға келуіңізге болады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 9 =