АЛТЫНСАРИН ҒИБРАТЫ АСЫЛ ҚАЛПЫНДА

0 135

9xYK-FF9ydQ

Жалпы тарих, оның ішінде қазақ тарихы адам сапасын жетілдірудің ғасырлар бойы шыңдалған ғибраттарының маржандарын қалыптастыратын салт-сана, әдет-ғұрып дәстүрлердің мәдени рухани өремізді айшықтаудағы маңызының ерекше екендігін мойындатады. Рухани өзегіміздің басында әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн Сина, Беруни, Хорезми, Туси, Омар Хаям, Хафиз, Рудаки, Фирдоуси, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Яссауи, Низами, Науаи, Насими, Шоқан, Абай сынды ұлы тұлғалардың тұрғандығы тағы белгілі. Олардың өз рухани мектебі, талапты ізбасарлары болғандығы – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Тұлғалар еңбегінің жемісі бүгінде ұлт даналығының қайнар бұлағы екендігі баршаға аян.

Адамзат қоғамына тән барлық әдептік қасиеттерді – ар, ұят, намыс, қайрат, мейірімділік, қайырымдылық, ілтипаттылық, кешірімділік, қамқорлық, адамдық, ізеттілік сияқты ғибраттарды – адам сапасының индикаторларын ашу, дамыту және жаңғыртуда мектептің маңызы әлімсақтан мойындалған. Десек те, жаңа заманда осы үрдісті қазақ баласына орай қалыптастырған көрнекті ағартушы, жаңашыл педагог, жазушы, Ыбырай (Ибрахим) Алтынсарин – барша қазақ жұртшылығының мақтанышы. Ол 1864 жылы Н.Ильминскийге жолдаған хатында: «Осы жылы қаңтардың 8-күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды, оған 14 қазақ баласы кірді: бәрі жақсы, есті балалар… Бұл балалар небары үш айдың ішінде орысша, татарша жаза білетін болды» деп жазды. Ыбырай айтқан мектеп жанынан интернат ашылады. Баса назар аударарлығы, қазақтың тұңғыш ағартушысының бастамасымен ашылған білім ошағының іргесі қаланғанына жүз елу жыл толыпты.

1888 жылы 10 сәуірде Орскіде мұғалімдер мектебі, оның ұсынысымен кейін 1891 жылы Торғайда, 1893 жылы Қостанайда, 1895 жылы Қарабұтақта, 1896 жылы Ақтөбеде жанында интернаты бар қыздар училищелері ірге қалайды. 1879 жылы Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрес­томатиясы», «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты еңбектері өзі жасаған жаңа әліпбиімен қазақ тілінде басылды. Ағартушының 1884 жылы «Ислам шариаты» деген еңбегінде «Ғылым мен өнерді игеруде шариаттың зияны жоқ, ол ғылымды теріске шығармайды» деген жолдар бар. Бұл ойлардың өзіміз өмір сүріп отырған ХХІ ғасырда да салмағы бар екенін айту қажет.

Парасатты ұл-қыздарымызға ата кәсібімен қатар, отырықшылықты игеру қажеттігін, еліміздің дамыған өркениеттер қатарына көтерілуін армандады. Ы.Алтынсарин кемсітушілік пен нәсілшілдіктің қай түріне болса да қарсы болды. Адамдарды діні мен сеніміне қарамай құрметтеуге, сыйлауға шақырды, қазақтың бақытын еңбектен табуын қалады. Ол көрнекті философ-педагог Коменскийдің: «Қолдағы барын қанағат ете білетін адам – шын бақытты адам және біз өзіміздің адал еңбегімізбен тіршілік етіп отырмыз деп айтатын адам – шын бақытты адам» деген ізгілігін қуаттады. Орыс тілін, орыс мәдениетін игеруге шақырды. Бір ғажабы, аталмыш ұстанымдардың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» ғибратымен мақсаттас, мүдделес және бағыттас екендігі әрі ұлт менталитетінің өміршеңдігін айқындайтын үрдіс екендігі таң қалдырады, қуантады. Ал «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы мектеп ұжымдарының оқу-тәрбие жұмысында болашақ ұрпақтың бойына серпінді сенім, сергек шешім, салмақты сөз, салиқалы іс және пайдалы пайымдау мен ой ғибраттарын қалыптастыру қажеттігін жүктейді. Бұл – өте абыройлы міндет және оны орындауда тарих ғибраттарын есте ұстау маңызды.

Нұркен МЫРЗАХАНҰЛЫ,

Дүниежүзілік Вена университетінің құрметті профессоры, «Тұран-Астана» университетінің профессоры, биология ғылымының докторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × two =