АЛТЫННЫҢ АУЫЛЫ АЛЫСТАП БАРАДЫ

0 30

Токио Олимпиадасы қазақ спортшылары үшін ең сәтсіз Олимпиада ретінде тарихта қалатын сыңайлы. Соңғы 2 күндегі күллі қазақ жанкүйерлері үлкен үміт күткен грек-рим күресі мен бокстағы нәтижелеріміз еріксіз осы ойға жетелейді. Олимпиада ауылынан әлі де сүйінші хабар күтеміз.

Сейсенбі күні таңертең грек-рим күресінен 87 келіде ел намысын қорғаған Нұрсұлтан Тұрсынов қарсыласы Денис Кудлаға есе жіберіп қойды. Бокстан үкілеген үмітіміз Закир Сафиуллинге де ширек финалда сәттілік жетіспеді. Ол австралиялық Гарри Гарсайдтен айласын асыра алмады. Ал кеше бокстан ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалда америкалық боксшы Ричард Торреске жол берді. Алғашқы екі раундта төрешілер Торрестің өнерін жоғары бағалады. Олай болатын жөні де бар. Расында америкалық боксшы шаршы алаңда ә-дегеннен тізгінді өз қолына алды. Қамшыбектің қапысын тауып, жойқын соққыларын жұмсап үлгерген. Тіпті Қоңқабаев бір мәрте нокдоун да алды. Үшінші раундта Торрестің соққысынан Қамшыбек ауыр жарақат алып, жекпе-жекті уақытынан бұрын тоқтату туралы шешім қабылданды. Осылайша Қоңқабаев Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.

Қамшыбек Ермаханның жолын қайталады

Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында көк туымызды алып шыққан Қамшыбек сол туды көкте желбірете алмаса да, өзіне дейін осы мәртебені иеленгендерге қарағанда өте жақсы нәтиже көрсетті. Бұл орайда ол 1996 жылы Атланта Олимпиадасында тәуелсіз Қазақстанның аспан түстес байрағын алып шығып, қола медаль жеңіп алған Ермахан Ибрагимовтың ерлігін қайталады. Сол Ермаханның Сидней Олимпиадасында да туды алып шығып, кейін оны көкке көтеріп, алтыннан алқа тағынғаны есте. Содан бергі 21 жыл ішіндегі Олимпиадалардың ешқайсысында қазақстандық ту ұстаушылардың бағы жанбаған-да. Қамшыбек байрақты бәсекеде қанжығасын қоламен майлап қана қоймай, Токиоға қазақ туын текке ұстап бармағанын да дәлелдеп берді.

Бар үміт Бибосынов пен балуандарда

Ендігі кезекте бокс жанкүйерлері жартылай финалда ақтық сынға берілетін жолдама үшін ұлыбританиялық Джамаль Яфаимен жұдырықтасатын Сәкен Бибосыновке үлкен сенім артады. Сонымен қатар бозкілемдегі алғашқы белдесулерін жеңіспен бастаған Нұрислам Санаев та спорттық бабында екенін байқатқан. Алғашқы жекпе-жегінде Гвинея-Бисау елінің өкілі Иуна Фафе Диамантинді айқын басымдықпен жеңген ол ширек финалда әлем чемпионы жапониялық Юки Такахашиді жарыс жолынан шығарып тастады. Дегенмен жартылай финалда Нұрислам Санаев үндістандық Рави Кумардан айласын асыра алмады. Белдесуді жақсы бастаған Нұрислам соңғы сәтке дейін 9:2 есебімен алға шыққан. Алайда қазақ балуанына бұл басымдықты соңына дейін сақтай алмады. Соңғы минуттарда аяғынан кішігірім жарақат алып қалған Санаев кейін үнділік балуан­ның әдісіне түсіп қалды. Енді ол Иран балуаны Реза Атринагарчи Олимпиаданың қола медалі үшін белдеседі.
Бүгін еркін күрестен ел намысын қорғайтын Данияр Қайсанов, Юсуп Батырмурзаев, Татьяна Ахметова-
Аманжол бозкілемге шығады. 74 келі салмақта өнер көрсететін Данияр Қайсанов алғашқы белдесуін жапон балуаны Кейсуке Отогуроға қарсы өткізеді. Ал 125 келі салмақ дәрежесінде Юсуп Батырмурзаев германиялық Геннадий Гудиновичпен күш сынаспақ.
Сол секілді әйелдер арасында 53 келіде ел намысын қорғайтын Татьяна Ахметова-Аманжол ширек финалда Польша палуаны Роксана Засинамен күреседі.
Жанкүйерлер бозкілемдегі алғашқы бәсекесіне ертең шығатын Әлішер Ерғалидың да аты Олимпиадада олжа салуы мүмкін балуандардың қатарында айтылып жүр.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × five =