АЛТЫННЫҢ АЛҒАШҚЫ ЛЕГI – ҰЛТТЫҚ БАНККЕ

0 147

Тау-кен Алтын

Кеше елордадағы «Тау-кен Алтын» аффинаж зауытынан шыққан алтынның алғашқы легі еліміздің Ұлттық банкіне жөнелтілді. Салмағы 500 келі 45 құйманың жалпы құны 21 млн АҚШ долларынан асады.

Естеріңізде болса,  аффинаж зауыты өткен жылдың желтоқсан айында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған.  Жобаны жүзеге асырудың стратегиялық мақсаты – ел экономикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алтын валюта қорын қалыптастыру.

– Міне, тазартылған алтынның алғашқы өнімі де дайын болды. Құнды металдардан тұратын қазақстандық шикізатты қайта өңдеу жөніндегі Президент тапсырмасы орындалды.  Индустриялық парк аумағында жүзеге асқан зауыт қызметінің басты бағыты – бағалы металдарды электрлік-химиялық аффинаждау.  Өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген зауыт үш айдын ішінде  түрлі келісімшартқа  қол жеткізді. Нәтижесінде, алтынның сапалы алғашқы партиясы Ұлттық банкке жөнелтілуге дайын, – дейді зауыт директоры Мейрамғали Тілеужанов.

Оның айтуынша,  зауытта  шикізат тапшылығы сезіледі. Өйткені, бағалы металл жеткізетін отандық кәсіпорындар  осы уақытқа дейін өнімдерін шетел асырып келген.  Бүгінде зауытқа шикізат тасымалдау жөнінде Қазақстанның тау-кен саласының өндірушілерімен меморандум жасалуда.

«Үш ай ішінде 7 тонна шикізаттан 500 келі дайын алтын алдық. Бірақ, біздің күшіміз  жылына 25 тонна алтын және 50 тонна күміс өндіруге қауқарлы. Тіпті, отандық инновациялық технологияны енгізу есебінен 75 тоннаға дейін жеткізу мүмкіндігіміз де  бар» дейді кәсіпорын басшысы.

Зауыттан шыққан  халықаралық үлгідегі алғашқы өнімдер барлық талаптарға сай келеді. Халықаралық бағам бойынша салмағы әр түрлі құймалар алдағы уақытта еліміздің сатып алушыларына да қолжетімді болмақ.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + five =