Алтынайдың асуы

0 58

Ресей Федерациясының халық әртісі, «Достық» және «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақ ұлттық хореография академия­сының ректоры, «Астана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова мерейлі алпыс жасқа толды. Әлемге танымал балет бишісін Мәдениет және спорт минис­трі Ақтоты Райымқұлова мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мерейтойымен құттықтады.

«Сіз дүбірі алысқа естілген танымал балерина, қазақ балет өнерін өркендетуге зор үлес қосып келе жатқан тағылымды тəлімгер, қажырлы қайраткер ретінде халықтың ыстық ықыласына бөленіп келесіз. Тума дарыныңыз бен биге деген құштарлығыңызды ұштас­тырып, бекзат өнердің барлық биігін бағындырып жатырсыз. Əр қойылым арқылы дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі жұртшылық тарапынан үлкен қошеметке бөленіп, Ұлы Дала елінің есімін паш етудесіз. Елімізге сыйлы да елеулі Асылмұратовтар əулетінің өнерге деген адалдығын жалғап, биік белестерді бағындыра беруіңізге тілектеспін» деді министр.
Алматыда дүниеге келген Алтынай Асылмұратова – Санкт-Петербург қаласындағы А.Ваганова атындағы хореография училищесінің түлегі. Жиырма жылдан астам атақты Мария театрының прима-балеринасы болды. Ковент-Гарден, Гранд-Опера, Ла Скала, Ролан Петидің Марсель театры, т.б. әлемге әйгілі театр сахналарында өнер көрсетті.
Он төрт жыл А.Ваганова атындағы орыс балеті академиясының көркемдік жетекшісі болды. Астанамызда «Астана Опера» театры ашылғанда Елбасының арнайы шақыруымен осы өнер ошағының балет труппасына жетекшілік ете бастады. Қазақ ұлттық хореография академиясы жұмысын бастағанда, осы оқу орнының басшылығын қолына алды.
Алтынай балет бишілерінің отбасынан шыққан. Әкесі Әбдуахим мен анасы Галина өз кездерінде Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында қатар самғады. Әбдуахим Әбілбекұлы 1958 жылы Мəскеуде өткен қазақ мəдениеті мен өнерінің он күндігіне қатысып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген əртісі атағын алды. Ал атасы Әбілбек Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін академик Ахмет Жұбанов құрған оркестрдің (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі) құрамында домбырашы болды. Осындай өнерлі әулеттен шыққан Алтынайға Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы ұстаз» повесінің бас кейіпкерінің есімі берілген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 6 =