АЛТЫН ТАҚҚАНДАР АЛЫСҚА САМҒАЙДЫ

0 178

Кеше «Қазақ елі» монументі алаңында биылғы мектеп түлектерінің салтанатты жиыны өтті. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша өз білімдерін дәлелдеген тоқсан екі «Алтын белгі» иегеріне төсбелгілерін тапсырды.

Марапаттау рәсімінде қала әкімі Иманғали Нұрғалиұлы мектеп бітірушілер мен ұстаздарды, ата-аналарды мерекемен құттықтап, сөз сөйледі. «Арғы ғасырда Ұлы Абай «Баланы оқытуға әркім құштар, Десе де ол бір арман қолдан ұшқан» деп тебіренген екен. Расында, бүгінгідей сауатты ұрпақ тәрбиелеу кешегі ата-бабаның сан ғасырлық аңсары еді. Енді, міне, біздің ұрпақ үшін бұл – тағдырдың берген бағасыз мүмкіндігі, тәуелсіз мемлекетіміздің мәртебелі міндеті. Сондықтан, бүгінгі заман баланы «Қайда оқытамын?» деген арманнан емес, «Қайда оқытамын?» деген таңдаудан тұрады. Осы күні бұл таңдау еліміздің бас қаласында Елбасының өсиетімен білім алып, тәлім жинаған, тәрбие көріп, арман қуған ұл-қыздарымыздың алдында тұр. Әрине, оның нақты бағасы оқушының білім нәтижесінен көрінеді. Ал, оның бірегей көрсеткіші – «Алтын белгі» деді қала басшысы.

Кешегі жылдарды саралаған елорда әкімі «Осыдан он алты жыл бұрын Астанада бұл төсбелгіні тек 1 оқушы иеленсе, биыл 92 түлек «Алтын белгі» тағып, ақжолтай үмітті ақтап шықты. Ал, жалпы, күні кеше өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуді қаламыздан ұзын саны 3252 оқушы тапсырып, оның ішінде 1081 бала 100-ден жоғары балл жинады» деп, мұның өзі үлкен көрсеткіш, зор мақтаныш екенін айтты.

«Ардақты жастар, бұл жетістік­теріңіз өздеріңізден кейінгі іні-қарындас­тары­ңыз­дың ынтасын оятады, «Мен – астаналық оқушымын» деген сезіміне серпін беретін үлкен үлгі, мақтан тұтар өнеге, өткен өмірлеріңіздің алғашқы межесі. Ендігі тағдыр тек өз қолдарыңызда. Десе де, зайырлы өмір үздіксіз талап-талпыныс пен ұмтылыстан, үйрену мен ізденуден, жаңару мен жаңғырудан тұрады. Бұл – әрбіріңіз үнемі есте ұстайтын ұранды ақиқат! Өз басым әлемнің озық көшінен қалмай, уақыттың талабынан талмай, талай табыстың биігінен көрінетіндіктеріңізге кәміл сенімдімін. Өйткені, сіздердің бойларыңызда Астананың асқақ рухы мен жүректеріңізде Елбасының жақ­қан жалыны бар. Осыны естен шығар­ма­ғай­сыздар!» деген И.Тасмағам­бетов түлектерге тілекші екендігін де жеткізді.

Айта кету керек, биылғы оқу жылында Астана мектептерін 4042 оқушы тәмамдады. Оның 3252-сі немесе 80,5 пайызы ҰБТ-ға жіберілген. Қала бойынша 2014 жылы орташа балл 87,58 пайызды көрсетті. Үш түлек – 124, 1081 оқушы 100-ден жоғары балл жинады. №9 «Зерде» мектебі мен №48 мектеп-лицейді бітірушілер арасында «Алтын белгі» иегерлері басымырақ.

УЫЗ ЛЕБІЗ

Әйгерім ҚОЖАБАЙ,
№54 мектеп-лицейдің түлегі, «Алтын белгі» иегері:

– Ұстаздарымызға үлкен алғыс білдіреміз. Себебі, біздің білім деңгейіміз – олар­дың жұмысының жемісі. Ұстаздарымыздың берген сапалы білімінің арқасында ҰБТ-ға дайын­дық барысында қосымша сабақтарға бару қажет­ті­лігі де туындаған жоқ. Ал Ас­та­на әкімінің қолынан «Ал­тын бел­гіні» алу – мен үшін үлкен құрмет. Біздің еңбегіміз бүгін жанды деуге болады. Білім нәрі­мен сусындау жолында төк­кен теріміз текке кеткен жоқ. Бізге артылған үмітті ақтай білдік.
Ата-анамызға, Елбасы­мызға осындай жақсы білім алуға жағ­дай жасап, біздерге қолдау көр­се­тіп отырғаны үшін үлкен алғы­­сымды білдіремін. Енді арман­даған оқу орнымның табал­ды­ры­ғын аттап, көп ұзамай туған хал­қым­ның арқа сүйер қызына айна­латыныма сендіргім келеді.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 2 =