«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Алтын шымылдық» шапағы

0 341

Халықаралық театр күні мерекесінде елордадағы үздік театрларға арналған І «Алтын шымылдық» байқауының байрағы желбіреді. Бұл салтанатты кеш Астананың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. 

Жастар театрында өткен думанға бас шаһардағы барлық театр ұжымы жиналды. Шара шымылдығын қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ашып, театр тарландарын төл мерекесімен құттықтады. Көрнекті сөз зергері Ғабит Мүсірепов «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп бағалапты. Шындығында, көрерменге рухани ләззат сыйлап жүрген театр өнерпаздарының еңбегі ерен.
Биылғы фестивальдің форматы өзгешелеу болды. Сахна майталмандары қызыл кілемнен өтіп, жұртшылық оларға құрмет көрсетті. Мерекелік бағдарламаның көрігін Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, М.Горький атындағы академиялық орыс драма театры, Жастар театры, «Наз» би театры және Қуыршақ театрының әртістері қыздырды. Олар өздері әзірлеп әкелген қызықты қойылымдарын көрерменге ұсынды. Салтанатты шара одан әрі марапаттау рәсіміне ұласты. Жеңімпаздар өнерін саралау үшін тәуелсіз сарапшылар алқасы құрылған. Солардың шешімімен жүлдегерлер анықталды.
Сонымен, «Жыл энергиясы» аталымында бас шаһардағы Жастар театрының «Жасауыл» әфсанасы (авторы – Жаныш Құлмамбетов, режиссері – Бекболат Құрманғожаев) І «Алтын шымылдық» жүлдесін жеңіп алды. «Жыл қимылы» номинациясы Қуыршақ театрына бұйырды. Бұл өнер ұжымы жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» қойылымын (режиссері – Құралай Ешмұратова) сәтті сахналаған. «Жыл көзқарасы» номинациясында Қаллеки театры ұжымына ақын Серік Тұрғынбекұлының «Шәмші» эллегиясы үшін (режиссері – Болат Ұзақов) берілді. «Жыл әрекеті» жүлдесін «Наз» би театры алса, М.Горький атындағы академиялық орыс драма театры А.Пушкиннің «Евгений Онегин» спектакльі үшін (режиссері – Юрий Квятковский) «Алтын шымылдық» сыйлығымен марапатталды. Қысқасы, байқаудан елордалық бар театрдың қанжығасы бос қайтпады. Енді жыл сайын бұл фестиваль театр тарландарының кәсіби мерекесінде өтетін дәстүрге айналмақ.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды