Алтын МАХАНБЕТОВА, әнші-продюсер: «ӘНШІ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ» БАҒДАРЛАМАСЫ — МЕНІҢ ТӨЛҚҰЖАТЫМ»

0 1  761

– Мамандығыңыздың алтын қазығы ұстаздық екені белгілі. Десе де, қалың қазақ сізді «Әнші болғым келеді» атты жоба арқылы таниды. Бұл бағдарламаның идеясы кімге тиесілі?

Иә, «Әнші болғым келеді» балалар бағдарламасы менің төлқұжатым десем де  болады.  Тұңғыш  рет 2002 жылы наурыз айында «Алматы оңтүстік астана» телеарнасында жарыққа шықты. Эфирде 10 жыл жүріп,  жас өнерпаздармен бірге ержеткен  бағдарламам өнерге іңкәр мыңдаған өреннің «алғашқы сахна мектебі» бола білді деп ойлаймын. Алғаш балалар музыкалық бағдарламасын  ашу  және оның тақырыбы жайлы ойланған сәтте, бірден ойыма оралғаны   өзімнің кішкентай күнімдегі «әнші болғым келеді» деген арманым болатын. Сол балалық  қиялыма өзімнің жобам арқылы қайта оралып,  балалармен бірге «Әнші болғым келедіні»  шырқап жүргенде, көзді ашып-жұмғанша 10 жыл өте шыққанын байқамай да қалыппын.

– Онжылдық тарихы бар бағдарламамен аттас кітап та жарық көрген екен. Ол кітаптың ерекшелігі неде әрі таралымы қалай болып жатыр?

Құлағы түрік, көзі қарақты қауымға белгілі, 2009 жылы наурыз айында  «Әнші болғым келеді» атты балалар музыкалық комедиясының тұсауын кескен болатынмын. Әрине, бала жанын түсінетіндер  және балалар үшін  бұл туынды  қызықты фильм болды деп айта аламын. Қаржының тапшылығына байланысты жарнамасы аздау болды. Дегенмен өзімізге жеткілікті көрермендер аудиториясын жинай білдік. Сыншылар тарапынан оң баға берілді. Сондай-ақ, кітабым  да «Әнші болғым келеді» деп аталды. Олай болатын себебі, фильмде де, кітапта да менің балаларға арнаған шығармашылық қолтаңбам бар.   Ән жинағымда  белгілі, сондай-ақ,  жас  ақындардың өлеңдеріне жазылған балаларға арнаған 94  әнім мәтіні  және нотасымен, оған қоса осы әндерді орындаушы әнші-өнерпаз шәкірттерімнің фотоларымен  «Өнер»  баспасынан  жарық көрді.  Әрі оған қосымша ретінде әндерімнің үнтаспасы МР-3 түрінде жарыққа шықты. Қазір  «Атамұра» , «Өнер» баспаларынан таралып жатыр.

– Балалар шығармашылығына бет бұрғаныңызға он жылдан асты. Қандай ой түйдіңіз? Аталған саланың кемшін тұстары мен жетістігі деп нені атар едіңіз?

Балалар шығармашылығына түбегейлі бет бұрған алғашқы жылдарымда   менің бағдарламам эфирден апта сайын көрерменмен қауышатын жалғыз балалар  байқауы болатын.  Қуанатыным – бағдарлама соңынан  көптеген балалар хабарлары дүниеге келді. Тағы бір жетістігім – «Әнші болғым келеді»   балалар әндерін тудыруға  сазгерлер мен ақындарға  шабыт берді.   Қазір бізде балалар әндері бар, бала балаша ән сала алады. Жете алмай жүрген кемшін тұсы деп қаржы мәселесін айтар едім.  Сапалы дүниеге міндетті түрде қаржы жеткілікті түрде құйылуы тиіс. Продюсерлік орталықты ашқан сәттен бастап, алдымен Алланың, одан соң халықтың қолдауымен өз күнімізді өзіміз көріп келе жатырмыз.

Бұдан бөлек, апталық  бағдарламам ғана емес, жылдар  бойына мерекелік даталарға орай үлкен сахналарда  түрлі концерттік кештерімді көрермен назарына ұсынып келемін. Мазмұны, мәні, сценарийі, орындалатын әндердің сапасы  тұрғысынан кемшілігі жоқ  дерлік. Ал фестивальдерімде, өкінішке қарай, бірде жарықтан, бірде дыбыстан не болмаса сахналық безендіруден, не түсірілімнен кемшін тұстар кездесіп тұрады. Оның бәрі түптеп келгенде қаржының жетіспеушілігінен  болатын жағдай.

Жалпы, балалар шығармашылығымен айналысатын ұстаздарға  қояр талабым және ескертуім – бала балалар әнін шырқау керек. Бұл психологиялық тұрғыдан да, физиологиялық тұрғыдан да дұрыс жол.

– Әнші болғысы келетін мыңдаған бүлдіршін сіздің бастамаңызбен сахнадан бағын сынап көріпті. Жүзден жүйрік шыққандарының басын қосып Алматыда кеш өткіздіңіз. Енді астаналық ағайынмен кездеспек екенсіз…

Сәуір айында Абай атындағы ұлттық опера және балет театрында «Алматы» эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен «Әнші болғым келедінің» 10 жылдық мерейтойына орай авторлық кешімді өткіздім. Кеш барысында өнер жұлдыздарымен  бірге  өнерпаз шәкірттерім  бірге қос дауыста менің әндерімді шырқады. Сол жерде халықтың алдында ән жинағым мен үнтаспамның тұсаукесерін жасадым.

Танымал әншілер мен балалар  қос дауыста ән салатын «Мен бақытты баламын » атты фестивальімді жұртшылық назарына жылма-жыл ұсынуды дәстүрге айналдырғаным көпшілікке мәлім. Бұл да менің төл жобам. Қазір жасыратыны жоқ, бүкіл телеарналарда танымал әнші мен талапкер баланың дуэтін жарыса жасап жатыр.

Ал сұрағыңызға келсек, 25 қазан күні «Әнші болғым келедінің» он жылдығы  аясында елордалық көрермендерге арналған шығармашылық кешімді өткізуді  жоспарлап отырмын.  «Конгресс-холл»  сарайында өтетін концерттік бағдарламада  «Астана»  эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен менің әндерімді елімізге танымал әншілер мен екі қаланың жас өнерпаздары  шырқайтын болады. Қазір қызу дайындық үстіндемін.  Жанды дауыста өтетін кештің көрерменге берер әсері зор болатынына сенімдімін.

Жазып алған Айнұр ШОШАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × three =