«Алтын күрек» ақын

0 435

Торғайдың Тосын құмынан шығып, қосын әдебиет ауылына тіккен арқалы ақын, халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлын өз басым майда, жылы лебімен қардың көбесін сөгетін алтын күрекке ұқсатамын. Көктемнің алғашқы күні жарық дүние есігін ашқан ақынның бар болмысы да табиғаттың осы бір сыйына келеді. Аңқылдаған, ақ жүрек қалпымен жан-жағына шуағын шашып жүретін азамат жетпіс бесінші көктемін қарсы алғалы жатыр. Өлең өлкесі мен театр төрінен шырайлы шығармаларымен өз орнын ойып тұрып алған қаламгер баспасөзге де бөтен емес. Қаламының желі бар, қара сөзге келгенде де ешкімге дес бермейді.ОРМАНОВТЫҢ БАТАСЫ МЕН ҚАБДОЛОВТЫҢ ШАҚЫРУЫ

Серік Тұрғынбекұлы – лирик әрі құлашы кең эпик ақын. Бұған қаламынан туған жүректі қозғайтын жырлары мен тарихи дастандары дәлел. Драматургиясы да өрелі өлеңдерінен арна тартады. Ақындық оған ұлы анасы Бижаннан дарыған деп есептейді. Бұл кісі не айтса да өлеңмен ағытады екен. Турашылдығы сол кездегі әкім-қаралардың өзін састыратын болыпты.
Ақынның әкесі де қара жаяу емес еді. Домбыра тартып, қисса, дастандарды жырлайтын. Алайда Ұлы Отан соғысында ауыр жараланып, қабырғасының астында қалған оқтың зардабын тартты. Ғұмыры ұзақ болмай, небәрі отыз жеті жасында өмірден озып кетті. Серік онда бес жаста ғана еді. Ақындық жолға түсуіне, бәлкім, осы жағдай да әсерін тигізген болар. Әйтеуір, қаламды қолына ерте алды. Бесінші-алтыншы сыныптарда оқып жүргенде өлеңдері аудандық, облыстық газеттерден көріне бастады. Оныншы оқығанында жырлары республикалық газеттерде жарияланды. Ал мектеп бітіретін жылы «Жұлдыз» журналында жарқ ете қалды. Сол кездің өзінде ақындар санатына қосылды.
1965-1966 жылдары сол кездегі Целиноград қаласында, қазіргі елордамызда Тың өлкесі ақын-жазушыларының республикалық кеңесі өтіп, оған Торғай атырабынан сатирик Сейіт Кенжеахметов, жас ақындар Таңатқан Сәтбаев пен Серік Тұрғынбекұлы делегат болып қатысты. Бұл алқалы жиынға Ғабит Мүсірепов бастаған Жұбан Молдағалиев, Ғали Орманов, Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытбаев секілді қабыр­ғалы қаламгерлер келді. Ғали Ормановтың секциясына түскен Серік ақынның өлеңдері оң бағасын алды. Сонда секция жетекшісі: «Алматыға кел, сенен жақсы ақын шығады» дейді. Кеңеске қатысқан әдебиеттанушы ғалым Зейнолла Қабдолов арқасынан қағып, оқуға шақырады.
Бұл қыркүйек айы болатын. Содан ойлана келе, ақ бас Алатау баурайына аттанады. ҚазМУ-дың журналистика факультетіне сырттай оқуға түседі. Оның себебі сол уақытта «Жаңа өмір» аудандық газетінде жұмыс істейтін. 1967 жылы ғана Алматыға біржола келіп, Қазақ радиосына қызметке орналасады. Бала кезінен бірге тай-құлындай тебісіп өскен досы, ақын Кеңшілік Мырзабековпен табысады.

МҰҚАҒАЛИ МЕН ЖҰМЕКЕННІҢ ЖАНЫНДА ЖҮРГЕНДЕ

Алатау алабында Кеңшілік екеуі баллада жанрын биікке көтерген Қайнекей Жармағанбетов, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков сынды атақты жерлестерін арқа тұтты. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың, терең ақын Жұмекен Нәжімеденовтің соңынан еріп, тәлімдерін көрді.
Мұқағалидың: «Серік өлеңдері – арындап алып та қашпайтын, бір орында тап­жылмай тұра да бермейтін, бойында қаны бар байыпты, байсалды жырлар. Ол бо­йындағы дарынын шашпай-төкпей, асықпай, аптықпай жаймен, ақылмен жырлауға ұмтылады» дейтіні сол тұс. Біздіңше, бұдан асырып әлі ешкім айта қойған жоқ. Серік ақын да қарыз болып қалмай, ақиық ақынның рухына арнап «Мұқағали» поэтикалық драмасын жазды. Бұл туындының Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында қойылып келе жатқанына жиырма жылға жуықтады. Осы драма театр әртісі Жанқалдыбек Төленбаевтың жұлдызын жандырды. Жұрт актерді осы күні Мұқағали деп атайды.
Серік Тұрғынбекұлы поэзиясының табиғаты туған топырағынан тамыр тартады. Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің дастандарымен өсті. «Осы күні өзім дастан жазып жүрсем, бала кезімде жаттаған сол дастандардың әсері, Нұрхан дастандарына деген балаң шағымдағы құштарлығым шығар» деген еді ақын бізбен бір сұхбатында. Жас кезде еліктеу-солықтау деген де болады. Серік ақын бір кездері Сырбай Мәуленовке еліктеген. «Сырбайдың дауысына салып, Сырбайша күркіреп өлең оқыған кезеңдерім басымнан өтті. Өйткені бұл ақынды Алматыға бармай тұрғанда көрген едім. 1963 жылы Сырбай мен Ғафу Нұрханның 60 жылдық мерейтойына елге келді. Өлеңді жаңа жазып жүрген кезім. Сырбайға еліктедім де қалдым» дейді ақын өткен жылдар естеліктерін жаңғыртып.

ДАРА ДАСТАНДАРЫ МЕН ДРАМАЛАРЫ

Ақыры өлең өлкесінде өз соқпағын салды. Шығармашылығынан поэзиядағы айқын азаматтық үні, дара дастаншылығы менмұндалайды. Шоқтығы биік шығармалары да жеткілікті. Мысал үшін бір ғана «Кейкі батыр» дастанын алайық. «Қазақ өлеңінің жалында құйындай ойнайтын шабандоз ақын Серік Тұрғынбекұлы бұл дастанында су шайқалмас жорғадай төгіліп-ақ бағыпты. Күллі ұлт болып өз тарихымызды саралап жатқан рухани ізденіске өрелі үлес қосқан талантты суреткерге риза болмасқа хақыңыз жоқ» деген еді бұл туындысы туралы әдебиетіміздің абызы Әбіш Кекілбайұлы. Оны Ақселеу Сейдімбек «Бес ғасырлық мектебі бар қазақ поэзиясының поэтикалық мол ғибратын ақын Серік қапысыз пайдаланып отырады» деген пікірімен қостайды. Осы дастаны үшін Серік Тұрғынбекұлы халықаралық «Алаш» сыйлығын иеленді.
Тағы бір дастаны «Махамбет және Жәңгір хан» аталады. Осы шығармасы үшін ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен батыр әрі ақынның 200 жылдығы тұсында «Махамбет» сыйлығын алды. Ал «Кенесарының Ақмоланы алуы» дастаны Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мүшәйрада бас жүлдені иеленді.
Биыл қазақ баласының ғарышты бағындырғанына 30 жыл толады. Осы оқиға да Серік ақынды тебірентіп, қаламынан «Ғарыш-Қазақ» атты поэмасының тууына себеп болды. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровке арналған бұл туындының тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ әде­биетінде алатын орны ерекше деп есептейміз. Сондай-ақ ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірінен сыр шертетін «Ахмет-Іңкәр» атты дастаны да тамсандырады. Осы күні халық әні делініп келген «Аққұмды» кейбір зерттеушілер Алаш арысына телиді. Серік ақын көркемдік қиял арқылы соған жетелейді. Дастанды оқып отырып, оған сенбеске де амал қалмайды.
«Кейкі батыр» дастанын ақын кейіннен драмаға айналдырды. Қазір бұл спектакль І.Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театры мен С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры сахналарында жүріп жатыр. Айтпақшы, автор – Серке театрының құрылу тарихының тікелей куәгері. 1973-1978 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің туған жеріндегі меншікті тілшісі болды. Сонда осы өнер ордасы Арқалық қаласында құрылды. Алайда Торғай облысы таратылған соң, Жезқазғанға көшірілді.
Жоғарыда «Мұқағали» поэтикалық драмасы туралы айттық. Бұл туынды елордамызда жазылды. Оның тууына қазақ театрының корифейі, Қазақстанның Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов себепші болды. Астана Алатаудан Арқаға ауысқанда, Есілге қарай бет түзеген көштің алдыңғы легінен Серік Тұрғынбекұлы көрінді. Ақын бас қаламызға 1998 жылдың мамыр айында қоныс аударды. Бастапқыда Қаллеки театрының әде­биет бөлімінің меңгерушісі болды. Мәмбетов Елбасының арнайы шақыруымен елордаға келгенде, екеуі қоян-қолтық араласып, бірге жұмыс істеді.
Серік Тұрғынбекұлы кейіннен Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры болды. Ақын ұлының аты да – Сәкен. Бірақ Қаллеки театрымен байланысын үзген жоқ. Оған дәлел – қаламынан туып, төрт-бес жыл бұрын осы театрда сәтті сахналанған «Шәмші» элегиясы.

ӘСЕТПЕН БІРІГІП  ӘН ТУДЫРҒАН

Бір атап өтерлігі, Тұрғынбекұлының ән мәтіндері де қазір ел аузында. Алайда Шәмшімен бірге ән жазу бұйырмады. Есесіне, тамаша композитор Әсет Бейсеуовтің шығармаларына мәтін жазды. Оның ұзын саны жүзден асып жығылады. Соның ішінде «Ұшады Маңғыстаудан шағалалар», «Жолың болсын, жолаушы» әндерін ерекше жақсы көреміз. Таяуда екінші ән туралы Facebook-те жақсы ұсыныс оқып қалдық. Жазба авторын ұмыттық, бірақ онда астана әуежайынан жолаушыларды шығарып салғанда, осы әнді қою керек деген ой айтылды. Өте дұрыс, бұған құлақ қою керек деп есептейміз.
Сейдолла Бәйтерековтің «Түркістан», Марат Ілиясов­тың «Сұлуым», Алтынбек Қоразбаевтың «Менің-дағы бір аққуым бар шығар?», «Бал-балалық күндер-ай», «Туған жерім – тамаша», Марат Омаровтың «Жан гүлім» әндерінің мәтіндері де Тұрғынбекұлының қаламынан туған. Біз айтпай кеткен басқа да талай әндердің сөздерін жазды. Осыған бастама мектепте оқып жүргенінде композитор Болат Хамзиннің «Торғай қызы» әніне жазылған өлең болды.
Серік Тұрғынбекұлы – Астананың 15 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жарқыра, жайна, Астана!» мүшәйрасының бас жүлде иегері. Рас, бас қаламызды өте көп жырлады. Бес жыл бұрын жетпістің жотасына шыққанда туған жері – Жангелдин ауданының Құрметті азаматы атанды. Елордада бастапқы күндерінен дерлік тұрып жатыр деп жоғарыда айттық. Бас қаланы көптеген өлеңдеріне, дастандарына арқау етті. Биылғы мерейто­йында Нұр-Сұлтан қаласының Құрметті азаматы атағын беру керек деп ойлаймыз. Оған ақын әбден лайық!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + 17 =