«АЛТЫН БЕСІК» ТЕРБЕЛСЕ АСТАНАМДА

0 111

Астанада кімнің қолтаңбасы қалып, кірпіштеріне кімнің маңдай тері сіңбеді?! Елорданың салынуына, кеңге қанат сермеуіне еліміздің 71 қаласы, 432 құрылыс компаниясы қатысты, 135 зауыт құрылысты материалдармен жабдықтауда. Ол аз десеңіз, жергілікті фирмалармен бірге жаңа астананы түрік, итальян, француз, швейцар… компаниялары да көтерді. Жыл сайын 60-тан 100-ге дейін орташа және ірі нысандар пайдалануға беріліп отырды. Қарқынды құрылыс пен бүкілхалықтық қолдау бар-жоғы он-он бес жылдың жүзінде сайын Сарыарқа даласында қазіргі заманғы, жаңғыртылған, қайталанбас келбеті бар шаһар салуға мүмкіндік берді.

Елордада бар әркімнің қолтаңбасы

Қаланың сәулеттік концепциясын әзірлеуде Елбасының еуроаралық келбет беру идеясы ескерілгені рас. Елорда құрылысы бас жобасының авторы, белгілі жапон сәулетшісі – Кишё Курокава. Ал оның Амстердамдағы Ван Гог мұражайының, Куала-Лумпурдағы халықаралық әуежайдың, Осакадағы ұлттық этнологиялық мұражайдың нобайын сызғанынан хабардармыз.

Курокаваның жобалары бойын­ша жасалған сәулеттік ансамбль­дер қазіргі заман дизайны мен азиялық айшықты үйлестірді. Бұл қалаға қайталанбас келбет берді, ал сұлулығы мен ғимараттарының биіктігі бойынша қала талайды таңдай қақтырған Токио, Нью-Йорк және Дубаймен таласқа түсе алады. Мақтанатын нәрсе-ақ!

Хай-тек стилімен әлемге танылған британдық Норман Фостер ше?.. Лондондағы Millennium Bridge мен Пекиндегі аса ірі әуежайдың, Берлиндегі жаңартылған Бундестагтың және Еуропадағы ең биік ғимарат – Майндағы Франкфурт қаласында көтерілген Коммерцбанктың және Нью-Йоркте Hearst корпорациясы үшін атақты мұнараны салған Фостер де бас қалаға пирамида тектес Бейбітшілік және келісім сарайын сыйға тартты. Сәулетшінің командасы сонымен қатар көпке арман болған «Хан ша­тыр» ойын-сауық орталығын ойлап тапты. Фостер мырза енді 88 қабат мұнарадан тұратын Әбу-Даби-плаза кешенін тұрғызуда.

Қолды байлаған – қаражат

Мұның бәрін неге айтып отыр­мыз?..

Курокава мен Фостерге қашанғы таңғаламыз? Ғажайып салтанатын үйлестірген архитектуралық сызба­ларды өзіміздің де ұлдарымыз ойлай алады, көрсете алады! Және олар ұлттық нақышымызды сақтайды. Өйткені, ол – ҚАЗАҚ! Негізінен, «Алтын бесік» жобасын был­тыр, Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына тарту етпек болыпты…

Жә, аптықпай, басынан бастайық. Боз Жеңісбекұлы. Суретші. Астана Астана болғалы қаласын әкімінен кем сүймейтін тұрғынына айналған. Содан бергі әлгі ине-жіпке тізген ғимараттарымызға қарап, елордаға өзінің де үлесін қосқанды жөн са­найды. Ұзақ жылғы тәжірибесі мен ойын он саққа жүгіртіп, «Алтын бесік» кешенін нобайлайды. Оны­сын қаланың бас сәулетшілеріне көрсетеді. Бәріне ұнайды, жата кеп мақтайды. Егемендіктің торқалы тойына дейін көпшілікке сыйламақ та болады ғимаратты. Алайда, соңы соқпақты жолға айналып, тұйыққа тіреле берген. Себеп – қаражат жоқ!

Қазақтың иісі аңқиды…

Енді «Алтын бесікке» тоқталайық.

Боз немересінің шүмекейі көрінгеннен-ақ, арша ағашынан зерлі бесік жасауға кіріскен. Міне, оюларын келістіруде. Қазақы қалыппен. Осы кезде ғой, «Әр үйде бір бесіктің бары анық. Қазақ елі де бір шаңырақ, бір үй. Ендеше, неге Астанада, елордада бесік жоқ» деп ойлағаны. Содан, «Алтын бесік» жобасы дүниеге келеді. Бар-жоғы – екі-үш қабатты нысан. Жалпы ауданының өзі 1970 шаршы метр аумақты ғана алады. Сырт келбеті кәдуілгі бесігімізден айнымайды. Ұлттық нақыштармен безендірілген. Ішінде сүндетке отырғызу, тұсау кесу, бесікке салу, ат қою, сәбиді қырқынан шығару, неке куәлігін тапсыру сынды салт-дәстүрлерімізді орындауға арналған бөлмелері бар. Яғни, мұнда тек ҰЛТТЫҢ иісі, ҚАЗАҚТЫҢ иісі аңқиды! Қызметкерлер де қазақша киім киюі шарт!

Астанада ұлттығымызды айшықтайтын нысандар аз деуден аулақпыз. Бірақ, өз ұлымыздың идеясымен, ойымен, қолымен сызылған ғимарат керек. Боз суретші айтады, бүгінде еліміздің қай қаласында болмасын балабақша мәселесі күн тәртібіндегі басты шаруалардың бірі болып тұр. Бұл – біздегі демографиялық ахуалдың жаман еместігін аңғартады. Балабақшада орын жоқ, кезек соңы қара көрсетпейді деп қамықсақ та, бір жағынан қуануымыз тиіс. Өйткені, балабақша қатарын жыл санап арттырғанымызбен, бәрібір орын жоқ. Ал өзге елдерде балабақшалар қаңырап бос тұр. Иә, рас! Ұрпағымыз азаймасын! Тұқымымыз көбейсін!

Ендігі үміт – ЕХРО-2017-де

Боз Жеңісбекұлы «Алтын бесік» нобайын қолына алып, құзырлы орындардың басшыларын жағалап, табалдырығын тоздырған. Айтатын­дары: «Ойың ұнайды, бірақ қаржы жоқ. Өзің инвестор тап, жерді біз бөліп береміз». Ал, инвестор табыл­ды делік, бірақ ол қандай адам, нені көксейді, не ойлайды? «Жарайды, салып берем, бірақ, ол қонақ үй немесе мейрамхана болуы керек» деп шарт қойса ше? Онда алтын бесігімізді жоқтап, «есіл бесігім-ай!» деп, сан соғып қалмағымызға кім кепіл?

Ендігі үміт – елін ойлаған ел ағаларында. Алла жазса, Астанамыздың төрінде ЕХРО-2017 көрмесі есігін айқара ашады. «Ал­тын бесікті» ең болмаса, ЕХРО-2017-де жарқыратып көрсетер ме еді! Шіркін!

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + fifteen =