«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Алтын адам» немесе жыл жәдігерлері

0 860

Алдағы жылы қазақ жерінен алғашқы «Алтын адамның» табылғанына тура 50 жыл толады. Бұл өз кезінде еліміз үшін ғана емес, әлем үшін үлкен жаңалық болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында оның мән-маңызын атап өтті. Тәуелсіздігімізді алған соң Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан кең-байтақ даламыздың батысы мен шығысы, орталығынан да бірнеше «Алтын адам» табылды. Соның әзірге соңғысы биылғы жазда Шығыс Қазақстан облысының Елеке сазы деген жерінен шықты.

Осы күндерге дейін табылған «Алтын адам» қорымдарының көбісі тоналған. Тек Есік қорғанынан анықталған оның алғашқысы мен Елеке сазынан қазып алынған кейінгісі ғана бүтіндей шыққан. Яғни киімі бастан-аяқ алтынмен апталған. Жанына жерленген заттар да жақсы сақталған. Мұның жайын жақында газетімізге берген сұхбатында белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев тарқатып айтты.
Археологтың айтуынша, Елеке сазынан екі адамның сүйегі шыққан. Біріншісі – әйел, екіншісі – ер адам. Әйелдің жас мөлшері – 13-15-дерде. Бірақ әйелдің заттарынан түк қалмай тоналған. Оң жағында жатқан ер адамның заттары сол қалпында сақталған. Бұл – 17-18 жастағы жігіт, бойы – 160-170 сантиметр шамасында. «Алтын адам» деп белгіленген ер адам мүрдесінің үстіне тастар құлап, тонаушылар оны көрмей қалған болса керек.
Жігіттің бас киімі, үстіндегі киімінің өңірлері, сол жақ беліндегі қорамсақ пен садақтың қабы, оң жақ беліндегі қанжардың қынабы түгелдей барыс, бұғы секілді түрлі аңдардың бейнесіндегі алтын әшекейлермен безендірілген. Мойнындағы алқасы сом алтыннан құйылып жасалған. Аяғындағы қонышы жоқ кебісі мен бұтындағы шалбарына дейін көзге көрінбейтін, өте ұсақ, диаметрі 1 мм алтын моншақтар өткізілген. Ал оның өмір сүрген дәуірі болжам бо­йынша VIII-VII ғасыр, яғни біздің заманымызға дейінгі 2700-2800 жылдар.
Есік және Берел қорғандарынан табылғандарынан төрт ғасыр бұрын туған бұл «Алтын адам» патша әулетінен шыққан деп болжанып отыр. Қазір тиісті ғылыми-зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл процесс бірнеше жылға созылады. Ол үшін алыс-жақын шетелдерден мамандар шақыртылды. Генетикалық және антропологиялық жұмыс­тарға Чехия, Ресей ғалымдары тартылды.
Айтқандай, биыл Мәдениет және спорт министрлігінің ұйытқы болуымен «Алтын адамның» әлем музейлеріне шеруі» атты халықаралық көрме жобасы қолға алынды. Жыл ішінде бұл жоба әлемнің алты елінде, атап айтсақ, Беларусь, Әзербайжан, Ресей, Қытай, Польша және Оңтүстік Кореяда жүзеге асырылып, шетелдіктер көрмені тамашалаған. Аталмыш жоба табалдырығымызды аттағалы тұрған жылы да жалғасады.
1925 жылы паң Парижді салған әнімен тамсантқан Әміре Қашау­баевтың сол кезде жеңіп алған күміс медалінің Ұлттық музейге тапсырылуы да өтіп бара жатқан жылдың елеулі жаңалықтарының бірі деп есептейміз. Бұл жәдігерді былтырғы ақпан айында Астанада өткен әміретанушы Жарқын Шәкәрімнің «Амре в Париже» атты кітабының таныстырылымында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қолынан алғаш рет көргенбіз. Сонда министр медальдің Ұлттық музейге тапсырылатынын айтқан. Соны күтіп жүрген едік. Жақында бұл тарихи сәттің куәгері болдық. Музейге медальді биыл жалпыұлттық прокатқа жол тартқан «Әміре» кинотуындысында бас кейіпкердің бейнесін сомдаған актер Санжар Мәдиев тапсырды.
Тағы бір атап өтерлігі, биыл Астананың 20 жылдығына арналған салтанатты қабылдауға қатысқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана ел қамын жеген Едігеден бастап Әз Тәукеге дейінгі қазақ хандарының ордасы болған. Менің тапсыр­мам бойынша зерттеу жүргізген астаналық археологтар Есілдің бойындағы Күйгенжар ауылының тұсынан Әз Тәуке ханның жазғы ордасының орнын тапты» деген еді. Бұл мәселемен біраз жылдан бері айналысып жүрген тарихшы-ғалым Жамбыл Артықбаев жұртшылықтың көзін ашып, Әз Тәукенің жазғы ордасы Есілдің Күйгенжар ауылынан аса беріп оңға қарай шұғыл бұрылатын жерінде, өзеннің оң жағалауына орналасқанын хабарлады.
Ал сол маңда қазба жұмыс­тарын жүргізген К.Ақышев атындағы ғылыми-зерттеу институты сырға, сақина сынды жәдігерлерді тапты. Бұл жәдігерлер «Мәңгілік ел» салтанат қақпасында орналасқан қазіргі заманғы өнер галереясында ел назарында ұсынылды. Институт директоры Марал Хабдулинаның айтуынша, өкінішке қарай, қазылған қорғандардың дені тоналған болып шықты. Алайда ғалым­дар мұнымен тоқтамайды. Олай болса, осы саладан келер жылы елді елең еткізер жаңалықтарды күтеміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды