Алты блокбекет орнатылды

0 12

Полицияның мәліметі бойынша, елордаға Жібек жолы, Қосшы, Қараөткел, Талапкер, Қоянды ауылдарының аумағынан кіретін жолдарға арнайы бақылау бекеттері орнатылып, көліктердің кіріп-шығуына шектеу қойылады. Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте қазақстандықтардың карантин енгізілгеннен кейін елорданың аумағына қалай кіретінін түсіндіріп берді.«Нұр-Сұлтан қаласына авто­көлік құралдарының кіруіне және шығуына шектеу енгізілді. Осыған байланысты қалаға кіретін барлық жолдар жабылып, 6 арнайы бақылау бекеті қойылды. Ол жерде тәулік бойы Қорғаныс министрлігінің әскерлерімен бірге полиция қызметкерлері жұмыс істейді. Бұл бекеттер Жібек жолы, Қосшы, Қараөткел, Талапкер, Қоянды ауылдарының маңында орналасқан» деді Ержан Сәденов. Сонымен қатар бас қаладан Алматы, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Қорғалжын және Қабанбай батыр кенті бағытындағы қозғалыстар да шектеледі. Оның түсіндіруінше, карантин енгізілгенге дейін елорда аумағынан шығып кеткен Нұр-Сұлтан тұрғындары ғана қалаға кіре алады.
Полиция департаментінің басшысы карантиндік жағдайды бұзған азаматтардың заң бойын­ша жауапқа тартылатынын мәлімдеді. «Құзырлы мемлекеттік органдар медициналық тексеруден, емделуден, карантин тәртібінің сақталуын бұзған азаматтардың бақылауға алынып, заң бойынша жауапқа тартылатынын ескертеміз. Қала ішінде карантин тәртібін қатаң сақтау, қаланың сыртқы периметріне бақылау енгізу арқылы инфекцияның таралуын тоқтату – ең басты мақсатымыз» деді Ержан Сәденов.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды