Алты ай тілеп Айтқа жеткен

0 171

Ақ пен қараны, са­уап пен күнәні, адал мен арамды, ақиқат пен жалғанды, жақсы мен жаманды түсiндiрiп адамзатты хақ жолға нұсқаушы қасиетті Құран Кәрiм түсiрiлген және Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлық жүктелген қасиеттi рамазан айы да аяқталып, мұсылман жұрты ынтыға күткен мерекеміз – ораза айтымен де қауышып отырмыз. Айт құтты болсын, мерекеде мерейлеріңіз үстем болсын! 

Қасиетті рамазан айын күллi мұсылман әлемінің қатарында қаламыз Астананың мұсылман тұрғындары дін Исламның бес парызының бiрi – Рамазан оразасын ұстады. Иә, Рамазан iшiнде Алла тағаланың шапағат-рахымына бiрiнен-бiрi артық бөлену үшiн қолдарынан келгенше мүбәрак айды сыйлап, қастерлеп, ауыз бекітіп, ауыз ашар беріп мүмкiндiгiнше қайырлы iстердi көбейтiп, жүрегi, тiлi және iс-әрекетi де ғибадатта болуына ұмтылды.

Сонымен сарыла күтіп, сағына қарсы алған рамазан айымыз демде өте шықты. «Ендігі жылы бұл қасиетті рамазан айымен қайта қауышуға ғұмырымыз жете ме, жоқ па?» деген қимас сезімдермен бүгін айт намазын оқып отырмыз. Ата-бабаларымыз оразаға алты ай қалғаннан бастап: «О Жаратқан ием, рамазан айының оразасына аман-есен жеткізе гөр» деп тіле­се, ал, ораза біткеннен соң алты ай бойы: «О, Жаратқан Алла, рамазан айында ұстаған оразаларымызды қабылдыққа жаза гөр» деп тілейді екен. Қарап отырсақ, жыл он екі ай қасиетті рамазан айынан қол үзбеген. Рамазан айы аяқталғанда пайғамбарымыздың өзі: «Уа, Жаратқан, Бізді келесі қасиетті Рамазан айына жеткізе гөр!» деп тілейтін.

Рамазан – ұлық ай. Пайғамбарымыз: «сендер рамазан айының қасиетін толық түсінсеңдер жыл он екі ай рамазан болуын тілейтін едіңдер» дейді. Рамазандағы оразаның сыйы – жәннат. Бірақ, «рамазан бойы толық ораза ұстадым, ендігі барар жерім жәннат» деп жәннатты еншілеп алғандай жайбарақат, бейқам қалуға болмайды. Ораза аяқталғаннан кейін ораза ұстаған адамның жүрегі үрей мен үміттің арасында болуы қажет. Өйткені, оразасы қабыл болды ма, болмады ма, анық емес. Қазіргі уақытта үміт пен қорқу мәселесінде тепе-теңдіктің аса сақтала бермейтіндігі – шындық. Бір өкініштісі, көпшілік кейде тек жаһаннамнан ғана үрейленсе, кейде бірыңғай жәннатты айтып, шектен тыс сеніп алады.

Үміт артудың да өзіндік шарттары бар. Пенденің Алланың рақымынан үміт етуі, егін еккен егіншінің жағдайына ұқсас. Диқан әуелі құнарлы жер таңдайды. Жақсы тұқым егеді. Оны уақытында суғарып, баптайды. Егіні бітік шығуы үшін арам шөптерін жұлады. Содан кейін барып, әртүрлі апаттан сақтасын деп Алла тағаладан еңбегінің тілеуін тілейді. Әйтпесе, құнарсыз тастақ жерге дән сеуіп, мол өнім күту ақымақтық емес пе? Былайша айтқанда, жалған үмітке иек артып дандайсып кетпеу, не болмаса тым күйзеліп, үмітсіздікке салынбау қажет.

Хадис шарифте: «Мүмін-мұсылман жасап қойған күнәларын (ойша үлкейтіп) былайша елестетеді: Ол мүмін-мұсылманға (жасаған күнәсі) бейнебір таудай. Ал, өзі сол таудың етегінде отыр, сол тау өзіне құлап кететіндей шошынады. Надан кісі күнәларына мұрнының үстіне қонған шіркей тәрізді немқұрайлы қарайды» делініпті. Құранның «Сәжде» сүресі 16-аятта: «Олар қорқып әрі дұғаларының қабыл болуынан үміт етіп, Раббыларынан тілек тілейді» деп, Алладан қорыққан құлдарды мақтайды. Өйткені, үнемі күнә-кінәларын ойлап, жүрегі лүпілдеп, Жаратқаннан қорқып жүрген пенде әр қадамын аңдап басып, аңдаусызда омақаса орға жығылмас үшін сақтығын күшейтеді.

Сондықтан, оразадан кейін мұсылман баласы үнемі үмітте болуы керек. Ұстаған ораза қабыл болуын, нә­тижесі жәннат болуын үнемі Алла­дан тілеп жүруі және үмітпен қатар қабыл болмай қалуынан қорқуы да қажет. Бұл – оразаның қабыл болу шарты.

Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз: «Рамазан айындағы жасаған ғибадат-құлшылықтарымыздың қабыл болуының белгісі – Рамазан айынан кейін адам дұрыс жағына өзгеріп, бо­йында (ораза ұстағаннан) қалыптасқан жақсы істерді одан әрі жалғастыруы» деген. Бұл хадистен Рамазан айынан кейін мұсылман адамның бойынан оразаның әсері табылмаса, яғни, оразадан кейін, өтірік айтатынын, ғайбат айтатынын, боқтанып сөйлейтінін қоймаса, оразадан кейін тағы ескі жаман мінезін, қылықтарын жалғастыра берсе, демек, бұл Алла тағала оның рамазанда істеген ғибадаттарын қабыл етпегендігінің белгісі.

Рамазан айында ұсталған оразадан мақсат – нәпсіні тізгіндеп, бастағы ақылды нәпсіге әкім ету. Дініміз тыйым салған күнә істерден сақтану, нәпсі қаласа да оған жол бермейтін күшке ие болу. Хадис шарифте: «Адамдарды жәннатқа кіргізетін нәрсе тақуалық пен көркем мінезділік» делінген. Адам тақуалықты рамазанда үйренеді. Тақуалық дегеніміз – денедегі нәпсіні тізгіндеу. Тақуа адам жәннатқа лайық. Жәннатқа лайықты адамның тағы бір қасиеті – көркем мінезділік. Көркем мінезділік – нәпсісін тізгіндеген, тақуалы адамның бойынан табылады. Өзін-өзі басқаруы күшті, нәпсісі тәрбиеленген адамның мінез-құлқы да тамаша болады. Ондай адам сабырлы, мейірімді, жомарт келеді. Басқаға күндес болмайды, зұлымдық, жамандық жасамайды. Ораза ұстаған адам нәпсісін басқара білуі, мінез-құлқын жағымды етуі, тілін жаман сөздерден тыюы арқылы оның бойы күнә-кемшіліктерден тазарып, Алланың рахметі мен мағфиратына бөленіп, жәннатқа лайық құлға айналады.

Рамазан – әр жылы қайта оралып, мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін ай. Хадисте «Ораза ұстау сабырлықтың жартысы» дейді. Сондай-ақ, ашу-ызаға, қызбалылыққа бой алдырмай, сабыр қылады, өзін күнәдан сақтайды. Бұлардың барлығы сабырлылықтың арқасында атқарылатын амалдар.
Қасиетті Құранда: «Сабыр еткендерге Алланың қайтарар сыйы қисапсыз» («Зумар» сүресi, 10-аят.) делінген. Олай болса, рамазан айында жасаған құлшылықтардың сауабы қисапсыз көп. Хадис шарифте: «Сабырдың сауабы – жәннат» дейді. Басқа хадисте: «Сабырлылық – қуаныштың кiлтi» делінген.
Айт намазы – екi ракағат, айт хұтбасы намаз соңынан оқылады. Айт намазының өзге намаздардан айырмашылығы – айтта азан мен иқамат айтылмайды. Сосын, қосымша такбирлері бар.

Айт күнi момын мұсылмандар намаздан соң бiр-бiрiн құттықтайды. Мұны мерекенiң негiзгi сәнi деуге тұрады. Осылайша мұсылмандардың татулықтары, ара қатынастары нығая түседі. Хадис шәріпте: «Аллаға иман келтiргеннен кейiнгi амалдардың абзалы – пенделердiң бiр-бiрiне сый-құрметi» делiнген. Мұхаммед (с.ғ.с.): «Мұсылманның мұсылман туысына жақсы сөзден артық сыйлығы, һадиясы болмайды» дейдi. Сондықтан айт намазына жиналған көпшiлiк жылы лебiздерi мен тiлектерiн бiр-бiрiне айтысып тарағаны дұрыс.

Елiмiздiң мұсылмандары айтқа арнап дастархан жаяды. Қонақжайлылық – халқымыздың зор қасиеттерінің бірі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға және қиямет күнiне сенетiн кiсi келген қонағын құрметтеп, сыйласын» деген. Тағы бiр хадисте «дұғасы қабыл болатын үш кiсi болса, соның бiрi қонақтың үй иесіне жасаған дұғасы» делiнген. Сондықтан «Қонағыңды қарсы ал, Қыдырыңа жолығасың» дейдi дана халқымыз.

Айт мейрамында әке-шешелерiмiзге, ауру-науқастарға, туған-туыстарға, достарымызға барып хал-жағдайын бiліп, айтпен құттықтау – үлкен сауап iс.
Өкiнiшке қарай, кейбiр мұсылман бауырларымыз айт мейрамында тек на­маз оқып, марқұмдарға Құран бағыштап, дұға-тiлек айтумен шектеледi. Иә, бұны қате деп айта алмаймыз. Дегенмен, ата-анасы өмірлік болса, айтқа орай арнайы дидарласып, хал-жағдайларын сұрамау – мұсылман адам үшін үлкен айып.
Имам Мүслим (рахматуллаһи аләйһ) риуаят еткен хадис шәріпте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ата-аналарыңызға мейірімді болыңдар, сонда перзенттеріңнен мейір көресіңдер» деген.

Сосын, әр қоғамда ерекше көңiл бөлудi талап ететiн жандар бар. Олар – жетiм-жесiр және тағы басқа мұқтаждар. Мерекелерде оларға айрықша көңiл бөлу –мұсылмандардың мiндетi. Өйткенi, олар көмегiмiз бен жылы лебiздерiмiзге мұқтаж жандар. «Ниса» сүресінің 9-аятында: «Кімде-кім артында қалатын ұсақ (жас) балаларына қандай қамықса, басқалардың жетім қалған ұсақ (жас) балалары үшін де сондай қамықсын» делінген. Егер кімде-кім бір жетім баланың басынан сипап қайырымдылық көрсетсе, жақсы сөз сөйлеп мейірімділік жасаса, сол жасаған ісінің жақсылығы ол дүниеден өткеннен кейін бала-шағасына міндетті түрде қайтады. Жамандық та солай. Алла тағала Дауд (ғ.с.) пайғамбарға айтқан екен: «Ей Дауд! Сен жетімдерге әкесіндей қамқор бол, жесірлерді сыйла. Сен мынаны біл, не ексең, соны орасың, сен адамдарға не істесең, сенімен де солай істеледі. Ақыр, күндердің күнінде сен өлмейсің бе?! Сонда балаларың жетім, әйелің жесір болып қалмай ма?!» деді.

Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.): «Мен және жетімді өз қолына алған адам мына екеуі сияқты жәннатта жақын боламыз» деп сұқ және ортаңғы саусақтарын көрсетті дейді. Имам Ибн Мажәһтың риуаят етуінше: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жақсысы – жетімге құрмет көрсетілетін үй, ең жаманы – жетімді жәбірлейтін үй» деген.

Айт мерекесі баршамызға құтты болсын, бауырлар! Рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен жасаған қайыр-садақаларыңыз қабыл болсын! Ұлық Раббымыз айт мерекесін күллі Ислам әлеміне хайырлы-берекелі етсін! Барша мұсылман ағайын болып, келесі Рамазандарға аман-есен жетуді баршамызға Алла Тағала нәсіп етсін! Ораза айт баршамызға берекелi болып, Алла тағала елiмiзге тыныштық, ынтымақ, әрбiр отбасына қуаныш, бақыт бергей!

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ,
Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − two =