АЛТАЙДЫҢ АЛТЫН ТАМЫРЫ

0 225

ERA_3959

Еуразия ұлттық университетінің жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі «алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер» деп, өнегелі жүздесулер өткізіп келеді. Солардың қатарына өлең-сөздің хас шебері, ардақты ақын Ұлықбек Есдәулеттің 60 жылдық мерейтойына арналған «Алтайдың алтын тамыры» атты әдеби-сазды кеш қосылды.

Ұлағамен кездесіп, жыр әлеміне еніп, ғибратты әңгіме тыңдауға құштар жастардың ыстық жалыны ерекше сезілді. Алтайдың өр үні естілген бұл кешке жасы да, жасамысы да жиналды. Жаңа толқын, жас буын ақын ағаларына деген құрметін «Қазақия», «Қазақ тілі», «Бұрышқа тұр!», «Хат», «Нұрғисаның аққулары», «Менің фамилиям», «Қолыңнан не келеді?» өлеңдерін мәнерлеп оқумен жеткізіп қана қоймай, оның сөздеріне жазылған әндерін де орындады. Орынгүл Махмудова құс жолын өлеңнен тапқан ақынның «Құс жолы»  әнін, ал Мәдина Қайратқызы «Көздеріңе ғашықпынды» акапелла түрінде шырқады.  Қасірет сырын шертіп, Семей полигонының әнұранына айналған «Заман-ай» әні болса екі дауыста дуэт арқылы айтылды. «Бұл әнімнің екі дауыста шырқалғанын бірінші рет естуім. Әдемі шығады екен» деп таңданысын да жасырмады кештің басты қонағы. Сондай-ақ, осы кеште ақынның «Қара пима» поэмасы желісімен журналист Қалыбек Атжан түсірген 20 минуттық фильм алғаш рет көрерменге жол тартты. Бірінші бөлімді өнерпаздар ақынға арнаса, екінші бөлімде кешті жүргізген Кенжеғали Мыржықбай сол мезетте келіп отырған көрермендердің сұрағын оқып, Ұлықбек аға сұрақтарға жауап берді…

– Сіз бірсыпыра газет-журналдардың редакторы болыпсыз. Қазіргі мерзімді басылымдардың беделі не көтереді?

– Мерзімді басылымдар жалған сөзбен жүн сабайтын болса, қайдан бедел көтерсін? «Бір газетке қарасам, коммунизмде, екіншісіне қарасам, түрмеде жүрген сияқтымыз» деген сөзді оқырманның аузынан естігенім бар. Шынын айтқанда, бізде өмірдің ортасынан ойып шындықты әсірелемей, боямасыз көрсету жағы жетіспей жатуы мүмкін. Беделін көтеретін нәрсе – ақиқатты жазу. Ең үлкен төте жол – сол ғой деп ойлаймын.

Өзіңіздің сыншылдығыңызға қалай қарайсыз?

– Кезінде «Жазушы» баспасының және «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөлімінде жұмыс істедім. Ақындық көзқарасымыз сыншылыққа жанас­пауы мүмкін. Сондықтан, өзімнен сыншы шықты деп есептеймеймін. Бірақ жастардың, өз қатарымыздың шығармалары туралы пікір білдірген, тіпті, артық-кем сынаған кездеріміз болған.

Сын – қасапшының балтасы емес, соқыртеке ойнағандағы сойыл емес. Бізде қазір онша сын жоқ. Оны сын жолындағы Бақыт Сарбалаевтың өзі біледі. Әдебиет порталынан кейде жастардың сынын оқып, «болса да жазып жүргендер бар екен ғой» деп ойлаймын. Бұрындары сынмен не проза, не поэзия, не драматургия жазу қолынан келмеген адамдар айналысады деген ұғым болған. Мен ол ұғымға қосылмаймын. Бақытжан Майтанов, Асқар Егеубаев, Зейнолла Серікқалиев, Сағат Әшімбаев сияқты сыншылардың жазғандары – интеллектуалдық деңгейі жоғары, керемет білімді адамдардың жазуы. Менің ойымша, сыншы болу үшін ақын-жазушының оқығанынан бәленбай есе көп оқу керек.

– Жазушылар одағын мақтайтындар да, даттайтындар да бар. Одақ жаңа заманға ілесе алды ма?

– Адам типі жағынан үшке бөлінеді: құрушылар, құрушылардың жемісін терушілер және қиратушылар. Біз бар нәрсені қиратуға асығып тұрамыз. Ал, орнына балама ретінде ұсынатын түгіміз жоқ. «Әй, осы одақтың не керегі бар, таратып жібермей ме?» деген ой менде де болған еді. Бірақ, Жазушылар одағын қиратып, қайта құра алмай жүрген көршілес республикалар бар. Оның бірі – Қырғызстан. «Жаңаша құрамыз» деп, баяғы ғимаратынан айрылып қалды. Бірнешеге бөлініп, енді біріге алмай жүр. Одақтың өзі осы уақытқа дейін сақталып келгеніне қайта шүкіршілік айту керек. Ондай шаңырақтың жоғынан бары жақсы ғой.

– Соңғы кездері ән сөздеріне көп сын айтылады. Сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Бір отырыста Сейфуллин Жолбарысқа ашық айттым. Испандық сияқты әндері бар. Мен Колумбияда, Испанияда болған адаммын. Ол жердегі екі әннің бірі сол. Музыкасына сөзінде мән-мағына жоқ қазақша мәтінді жазып алады да, бізге келіп айтады. Ал, жастар қол соғып, әнге қосылып жатады. Бұл ән емес қой. Шәмші ағадан үйрену керек. Әндерінің сөзі қандай! Сөзді тану композиторға байланысты. Бәлду-батпақ сөздердің бәрін ән қылып айта беретін болса, композитордың мықтылығы жоғалады.

«Сұрақтар бар, бірақ ол сұрақ төркінінің ар жағында өлең жатыр ғой» деп Ұлаға бірқатар өлеңдерін оқыды. Әсіресе, «Дің», «Қанды жұма», «Бақытты халық» өлеңдері оқылғанда залдағы жастар жан-жақтан қолдап, зор қошемет білдіріп жатты. Мэлс Қосымбаевтың «Қыз деген гүл емес пе, гүл деген шөп емес пе, шөп деген көп емес пе» деген сөздерін еске түсіріп:

– Сезімі суына бастаған, миы жүрегін жеңе бастаған бізден гөрі махаббаттың не екенін қайнаған махаббаттың ортасында жүрген жастар жақсырақ білетін шығар. Мен қайта сіздерге сұрақ қойғым келіп отыр, – деп аудиториямен әзілдесіп, кештің ажарын одан әрі аша түсті.

ERA_4100

Аға мен іні буынның үндестігі тамаша үйлесім тапқан кеш соңында Ұлықбек Есдәулетке Лев Гумилев атындағы төсбелгі тапсырылды, ал ақын білім ордасының кітапханасына бірнеше өлең жинағын тарту етті. «Оқымысты наданды түсінеді. Надан оқымыстыны ешқашан түсінбейді. Оқымысты  болуларыңызды тілеймін. Ақылдарың болса, білім алыңдар» деген тілегін білдірді ақын аға.

ЕГІЗ ЛЕБІЗ

Көпен ӘМІРБЕК, жазушы:

Ұлықбектің тұла бойы тұнған махаббат. Адам махаббаты түрлі-түрлі болады. Біреу даланы, біреу қаланы сүйеді, біреу айға, біреу жұлдызға ғашық. Қол жетпесе де күнге, біреу жердегі гүлге табынады. Шәмші Қалдаяқовтың «Алғашқы махаббат туралы ән көп, өлең көп. Ал, екiншi махаббат, үшiншi махаббат, төртiншi махаббат деген ән естiген емеспiн. Сондықтан да алғашқы махаббаттың аты — алғашқы махаббат. Ал одан кейiнгiнің бәрi – алғашқы махаббатты қайталау. Повтор, повтор…» деген сөзі бар. Ұлықбек поэзияға «повтормен» емес, өзінің алғашқы махаббатымен келді. Ол барлық нәрсеге алғашқы махаббатындай қарайды.   Қадірлі елін, қасиетті жерін сүйеді. Шіркін-ай, Алтайдан Атырауға дейін, Шыңғыстаудан Маңғыстауға дейін, Абайдың елінен Адайдың еліне дейін жырлаған.

«Бір қанденге сәлем беріп шықсам деп кезек күтіп отыр міне арыстан…» дейді. Лирик қана емес, ашынатын, ашынатынын халыққа жеткізуге асығатын ақын.

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, академик:

Ұлықбек бауырымыздың кеші – нағыз ақынның кеші. Ол үнемі ғашықтық сезіммен жүреді. Ішінде таза сезім болғандықтан, Ұлықбектің поэзиясы да адамдарға сондай сезім сыйлайды. Әдемі шумақтармен қысқақысқа  жазады. Бала кезімізде бәріміз бұрышқа тұрғанбыз. «Әттең, осы бұрыштан құтылатын күн бар ма?» дейтін кездеріміз есте. «Мен өскенде, бұрышсыз үй тұрғызам!» деген жолдары бар «Бұрышқа тұр!» өлеңі қандай керемет айтылған. Үйреншікті тіркестердің өзін жаңаша қырынан пайдалану шеберлігі бар. Ақынның құдіреті осында.

 Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + eleven =