«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алтай КӨЛГІНОВ: Сындарлы диалогқа дайынмын!

0 149

Елорданың жаңа әкімі болып таға­йындалған Алтай Көлгінов кім? Оның алдында қандай міндеттер тұр? Осындай са­уалдарға кеңірек тоқталайық. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында үш жыл әкім болған 41 жастағы «Болашақтың» түлегі Алтай Көлгінов жастығына қарамастан мемлекеттік қызметте 23 жыл еңбек етіпті. Жас шенеунік сая­саттағы мансабын Бас прокуратурада бас маман болып бастаған. Әр жылдары Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікте, Әділет министрлігінде, Президент Әкімшілігінде, жекеменшік құрылымда жұмыс істеген.

Алтай Көлгінов көпбалалы отбасынан шыққан. Әкесі Сейдір Көлгінов те көпбалалы отбасында өскен. Мамандығы – қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Анасы Нәзипа Көлгінова – үй шаруа­сындағы әйел. Алтайдың 7 апасы да әлеуметтік саланың қызметкерлері. Қарапайым отбасынан шыққаны әсер еткен болар, өмірдің мәні туралы өзі былай дегені бар: «Әр адамның өзінің құндылықтары бар. Меніңше, өмірдің мәні деген – адамға пайдаңды тигізу. Әуелі жақындарыңа, достарыңа, отбасыңа пайдаңды тигіз. Ал біздің жұмысымызда қоғамға пайдалы болу – парызымыз».
А.Көлгіновтің бұқарашыл, халықшыл екендігін ел біледі. Ұлықтар өзінің ай сайын қанша жалақы алатынын айтуға жүрексінгенде, Көлгінов 761889 теңге алатынын ашық айтқаны есімізде. Спортты жаны сүйеді. Марафондарға белсене қатысады, үлкен теннис ойнайды. Тағы бір ерекшелігі, әлеуметтік желілерде өте белсенді. Instagram мен Twitter-дегі парақшасын үш тілде жүргізеді. Көбінесе Қ.Тоқаевтың жазбаларымен бөліседі. Айтпақшы, Нұр-Сұлтан қаласына әкім болып тағайындалған күннің ертеңіне Facebook-тен өзінің парақшасын ашты. Жаңадан ашылған аккаунтында: «Әлеуметтік желілер байланыстың ең тиімді құралына және диалогтың қуатты алаңына айналды. Ол жерден тұрғындар өзіне қажетті ақпаратты тез алады, жаңалықтарды оқиды. Әлеуметтік желілердің көмегімен елорда тұрғындары мен қонақтарының маған тікелей өтінішпен шыға алатын мүмкіндігі бар. Халықтың барлық үндеуі мен ұсыныстарына міндетті түрде құлақ асамыз. Мен сындарлы диалог пен ынтымақтастыққа әрқашан дайынмын! Ендеше бәріміз бірігіп, өз қаламызды жайлы, қуатты, ажарлы және гүлденген мекенге айналдырайық» деп жазды өзі.
Ел Президенті Қ.Тоқаев А.Көлгінов туралы: «Бұл – ұйым­дастырушылық қабілеті мен біліктілігі жоғары жас маман» деген баға берді. Мемлекет басшысы атап айт­қандай, Батыс Қазақстан облысында бірнеше жыл табысты еңбек етіп, жергілікті тұрғындардың арасында үлкен беделге ие болғаны рас. 2012 жылы БҚО әкімінің орынбасары, келесі жылы Орал қаласының әкімі болды. Одан кейін үш жыл облыс­ты басқарды. 2017 жылы қарапайым адамдармен диалог жасау мақсатымен «Ашық әкімдік» акциясын өткізді. Биылғы Батыс Қазақстан облысындағы бір оқиға әлі елдің есінде. А.Көлгінов аудан әкімдерінің біріне тұрғындармен есеп беру жиынын қайта өткізуді тапсырды. Сөйтсе, әпербақан әкім алдыңғы кездесуде халыққа сұрақ қойғызбаған көрінеді.
Батыс Қазақстанның бұ­рынғы әкімі өңір тұрғындарына тасжолдарды жүйелі жөндеумен, көбірек баспана салумен және қазақтың батыр қызы М.Мәметованың ескерткішінің орнын ауыс­тыруымен есте қалды. Ол сондай-ақ Оралдағы әуежай мәселесін шешіп, нысанды мемлекет меншігіне қайтарды, әуе терминалына жөндеу жүргізді. Содан шығар, елордаға жаңа қызметке аттанарда батысқазақстандықтар А.Көлгіновті ризашылықпен және қимастықпен шығарып салды. Сол жердегі сөйлеген сөзінде экс-әкім: «Елбасының берген тапсырмаларын біз Сіздермен бірге жүзеге асырдық! Менің түсінгенім, кішкентай және үлкен же­ңістерге жету үшін бізге бірлік пен еңбекқорлық, адалдық керек екен» деген ойын жеткізді.

Көлгіновтің алдында қандай міндеттер тұр?

Жаңадан сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанның су жаңа әкімінің алдына қойылған міндеттерді ашық айтты. Елорда әлеуметтік мәселелерді шешуде көштің басында болып, өзге қалалар мен өңірлерге үлгі болуы керек. Ең алдымен қарапайым халықтың әл-ауқатын арттыруға дұрыс көңіл бөлінуі тиіс. Президент жақын арада адамдардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған аса маңызды шешімдер қабылданатынын мәлім етті.
Әрине, 1 млн-нан асатын халқы бар елорданың жаңа басшысын қыруар жұмыс күтіп тұрғаны анық. Ол әуелі Бақыт Сұлтановтан қалған көпбалалы аналарды, тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, үлескерлер мәселесін шешумен, балабақшалардағы орын жетіспеушілігін азайту сияқты ең күрделі мәселелерге басын қатырады. Бұған қоса, су тасқынын болдырмау, шеткі аймақтарды дамыту жұмысын жалғас­тыру, коммуналдық қызметті жетілдіру және қала тазалығын ретке келтіру де жаңа әкімнің тікелей міндеті болмақ. Қалалық мәслихаттағы кездесуде ел Президенті құдықтар мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды.
Елбасының тапсырмасы бойынша Б.Сұлтановтың кезінде көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету үшін 13 қадамнан тұратын іс-шаралар іске асырылғаны мәлім. А.Көлгінов бұл шараларды жалғастыра ма, әлде өзінің жоспарын ұсына ма, оны алдағы уақытта көрерміз. Қазір елордада ең күрделі мәселенің бірі – баспана. 45 мыңнан аса адам мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу кезегінде тұр. Оның ішінде 20 мыңнан астамы – көпбалалы, әлеуметтік ахуалы төмен отбасылар, мүгедектер. А.Көлгінов көпбалалы және тұрмысы нашар отбасыларға бұрынғы әкім беремін деп уәде еткен 1800-1900 пәтерді жыл соңына дейін бере ала ма?
Алтай Көлгінов көпке ұзатпай шешуге тиісті мәселенің бірі – экология. Қыстыгүні елорданың жекеменшік секторынан ауаға таралатын көк түтін көпшіліктің де, биліктің де мазасын қашырғалы қашан. Ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Қ.Тоқаев ең алдымен көңіл бөлемін деген түйткілдердің ішінде осы экология да бар. Сонымен қатар елорданың шетіндегі, ескі орталықтағы үйлердің арасындағы тас­жолдардың сапасы да сын көтермейтіні белгілі. Ал 41 жастағы әкімнің халық пен биліктің арасындағы диа­логқа қаншалықты бастамашы бола алатынын уақыт көрсетер.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды