Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі: Қаладағы күрмеулі мәселелер ескерусіз қалмайды

0 49

Бүгін – елорданың халықаралық тұсаукесері өткен күн. Осыдан 23 жыл бұрын Қазақ елі бүкіл әлемге өзінің жаңа астанасын таныстырды. Осы жылдар ішінде елорда кешегі елеусіз шаһардан шын мәнінде елдің астанасына айналды. Қазір қала тұрғындарына жайлы жағдай жасау үшін біраз жұмыс атқарылып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов шаһардың бүгінгі тынысы, болашақ жоспарлар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. ГАЗДАНДЫРУ – ҚАРАПАЙЫМ АДАМДАРҒА ҮЛКЕН ҚОЛДАУ

– Нұр-Сұлтан қаласының дамуы – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының жіті бақылауында. Жоспар бойынша қала ішінде газдандырылуы тиіс жер үйлері басым 16 елді мекен бар. Оның 10-ы жыл соңына дейін толық газға қосылады. Дәл қазіргі сәтте 7 елді мекенде газ тарату желілері толық құрылды. 2288 абонент, яғни 43 мың қала тұрғыны көгілдір отынға қосылуға дайын. Оның ішінде Оңтүстік-Шығыс, Железнодорожный, Көктал-1, Агроқалашық (былтыр газға қосылмаған бөлігі) елді мекендерінде газ тарату желілерінің құрылысы аяқталуға жақын, алғашқы үйлер көгілдір отынға қосылып үлгерді, – дейді Алтай Көлгінов.
Бас қала басшысының айтуынша, алдағы жылыту маусымында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерін газға қосуды жоспарлауда. Газдандыру жобасы аясында елорданың елді мекендерінде 350 шақырым газ тарату желілері салынды.
Газдандыру басталған сәттен тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың үйлерін қосу бойынша көмек көрсету мәселесі қарастырылды. Бір жолғы әлеуметтік көмек зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі ересектерге, ерекше бала асырап отырған отбасыларға, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға беріледі. Былтыр газ тарифі төмендетілді. Газдың бір текше метрінің бағасы 45 теңгеден 34,6 теңгеге дейін төмендеді (бұрын бір текше метр үшін 60 теңге белгілеу болжанған болатын). Әкімдік жеке сектордың тұрғындары үшін газ есептегіштерді тегін орнату жағын қарастырып отыр.
– Қаланың едәуір бөлігін жылумен қамтамасыз етіп отырған 1-ЖЭО және 2-ЖЭО жалпы алғанда 13 қазандықтан тұрады. Былтыр 4 қазандық газға ауыстырылды. Жыл соңына дейін қалған 9 қазандықты газға көшіреміз. Жалпы шаһарды газдандыру 3 кезеңнен тұрады. Жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатыр. Тағы 1 мыңнан астам отбасы үйіне газ қосуға техникалық шарттар алды. Жыл соңына дейін жалпы алғанда 11558 абонент немесе тағы да 143 мың қала тұрғыны газ қосуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар қазіргі таңда қаланың екі аумағында жергілікті, автономды жылыту орталықтарын толық газға отырғызу жоспарымыз бар. Бұл 2023 жылы аяқталады, – дейді елорда әкімі.
Алтай Көлгінов халық саны артқан сайын су тұтыну көрсеткіштері де артып жатқанын айта келе, қазір қаланы қосымша ауыз сумен қамтамасыз етіп, оны фильтрден өткізіп, тұтынушыға жеткізу жоспары толық мақұлданғанын жеткізді.
– Жоспар жүзеге асқанда жыл сайын қосымша 100 мың текше метр ауыз су пайдалануға берілмек. Елорданы газбен қамтамасыз етіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи жобасы. Оңтүстік өңірден тартылған мың шақырым құбыр – үлкен еңбектің нәтижесі. Алғашында Сарыарқаның сарышұнақ аязында көмір жағып үйренген жергілікті тұрғындар да, басқалар да елордаға газ келеді дегенге сенген жоқ. Алайда бұл жоба жүзеге асып, астанамызға газ құбыры жеткізілді. Енді үй-үйге кіріп жатыр. Бұл – бұрын бейнет көріп келген қарапайым адамдар үшін үлкен қолдау, – деді Алтай Көлгінов.

ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА КӨБЕЙЕДІ

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде 48 мыңнан астам адам тұрғанын айтқан қала басшысы былтыр шаһарда 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынғанын атап өтті. Оның 80%-ы – жеке инвестиция. Биыл бұл көрсеткіш 3,2 млн-ға дейін өсуі керек.
– Мемлекет басшысының қолжетімді тұрғын үй санын, құрылыс көлемін үш есеге арттыру туралы тапсырмасы болды. Былтыр бұл үдеден шыға білдік. Мысалы, жеңілдікпен берілетін пәтер алушылар санатын кеңейттік. Енді әлеуметтік пәтерлерге медицина қызметкерлері мен мұғалімдер ғана емес, әлеуметтік саланың басқа да өкілдері, өрт сөндірушілер, мәдениет және спорт қызметкерлері, полиция қызметкерлері де қатыса алады. Ал тұрғын үй сертификаттарының сомасын 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін арттырдық, – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.
Елордада «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы екі жылдан бері жалғасып келе жатқанын атап өткен қала басшысы бұған дейін мыңға жуық жас отбасы пәтер кілтіне ие болса, биыл тағы 300 жас отбасыға пәтер табыстау жоспарланып отырғанын айтты.
– Баспана мәселесі қоғамдағы өткір мәселенің бірі болғандықтан, мемлекет тарапынан жылдан-жылға жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Нұр-Сұлтанда 2019 жылы 2900 әлеуметтік пәтер берілсе, 2020 жылы 7 мыңнан аса пәтер табыс етілді. Ал биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Алтай Көлгінов.

ҮЛЕСКЕРЛЕР МӘСЕЛЕСІ ТҮБЕГЕЙЛІ ШЕШІЛЕДІ

Қала әкімдігі әлеуметтік нысандардың «қадамдық қолжетімдігін» қамтамасыз етуді басты мақсат етіп қойды. Яғни жаңа тұрғын үй кешені салынып беріле салмай, бірінші қабаттарында «Үй маңындағы дәрігер» медициналық мекемелерін ашуды да қамтамасыз етіп жатыр. Бұл қатарда оңалту орталықтары, балабақшалар, медициналық көмек көрсету пункттері, полицияның тірек пункті және тағы басқа әлеуметтік нысан бар. Осыны айтқан елорда әкімі үлескерлердің жағдайы қалай шешіліп жатқанына тоқталды.
– Үлескерлердің мәселесін шешу жөніндегі жоспарымыз орындалып келеді. 1,5 жыл ішінде «сақалды» құрылыс саны екі еседен аса азайды. 2019-2020 жылдары үлескерлердің 30-ға жуық тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Қалған 22 құрылысты 2021-2023 жылдары аяқтау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2019 жылы ведомствоаралық комиссияның шешімімен елордада үлескерлердің 52 тұрғын үй нысаны «проблемалық» деп табылған. Бұл – 15757 үлескер. 2019 жылы соның 10 нысанын толық аяқтадық. 13 үйде тұратын 2534 отбасы баспаналы болды. 2020 жылы 14 тұрғын үй нысанын құрайтын 20 үйдің құрылысы аяқталып, тағы 2723 отбасы үйлі болды. Енді, міне, 2021 жылы 18 тұрғын үй нысанын немесе 57 үйде тұратын 7300 отбасын баспаналы қыламыз деп межелеп отырмыз, – дейді Алтай Көлгінов.
Оның айтуынша, жоспар бойынша 2022 жылы 40 үй, 2023 жылы тағы 20 үй аяқталып, елордадағы үлескерлер мәселесі түбегейлі шешілмек. 15-16 жылға дейін созылып кеткен үлестік құрылыстардың кейбірі аяқталып, тұрғын үйлер жөнделіп, апатты жағдайдағы үйлер сүріліп жатыр.
– Өткен жылдың өзінде 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені жөнделді. Соңғы екі жылда 400-ден астам отбасы апатты жағдайдағы ескі үйлерден көшірілді. Биыл 200-ден астам отбасыны көшіреміз. Оларға жайлы, ең бастысы – өмір сүру үшін қауіпсіз жағдай жасауды жоспарлап отырмыз, – деді елорда әкімі.

АЛДАҒЫ БЕС ЖЫЛДА 67 МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

Елорда – бүгінде Еуразия жүрегі, әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан қалалардың біріне айналғанын айтқан қала басшысы бас қалада халық саны да, соның ішінде оқушылар саны да үнемі өсуде екенін жеткізді. Соған байланысты орта мектептер мен ауруханалардың құрылысына тоқталды.
– 2010 жылы қалада 74 мың мектеп оқушысы болса, қазір – 193 мың. Енді 2030 жылы бұл көрсеткіш 400 мың оқушыға дейін өседі деп отырмыз. Бұл – жақсы хабар, «балалы үй – базар», бізде енді соған сәйкес мектеп құрылысы да қарқынды болу керек. Алдағы бес жыл ішінде 80880 оқушыға арналған 67 мектеп салу жоспарланып отыр. Елордада жылына кемінде 10 мектеп салынбаса, өсіп келе жатқан халық санына сәйкес келмей, мектептерге артылған жүктеме әлеуметтік қиындықтар туғызуы ықтимал. Былтыр, мәселен, пандемияның өршіп тұрғанына қарамастан елордада 11 мектеп жаңадан бой түзеді. Биыл тағы 16 мектептің құрылысы жалғасуда. Білім беру мекемелерін ғимаратпен ғана қамту жеткіліксіз. Сапалы білімді арттыру мақсатында болашақ педагогтарды ынталандыру үшін орта білім алуға жыл сайын 800, жоғары білім алуға тағы 300 әкім грантын бөлу жоспарланып отыр. Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту үлесі жоспарлы түрде артатын болады. «Қадамдық қолжетімдік» принципіне сәйкес қосымша 30 «Үй маңындағы дәрігер» нысаны ашылып, 5 медициналық мекеме салынады, – деді елорда әкімі.

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК ЖАЙҚАЛЫП, ДЕМАЛЫС ОРЫНДАРЫ АРТАДЫ

Елорданы көріктендіру жұмыстарының бәрі «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-планы тұжырымдамасы аясында жүргізіліп келеді. Осы сала бойынша нақты даму картасы бар. Биыл бас қалада демалыс орындары мен жасыл желекті аймақтар айтарлықтай көбейеді. Экологияны жақсартып, тұрғындардың демалыста уақыт өткізуіне қолайлы орындар жасау үшін қаланы көгалдандыру, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерде (саябақтар, скверлер, бульварлар) тал-терек егу жалғасады. Осыны атап өткен Алтай Көлгінов көгалдандыру жоспарымен таныстырды.
– Б.Момышұлы даңғылы бойымен жағалауға дейін жаяу жүргіншілер желекжолын абаттандырамыз. «Толқын тәрізді аллея» аумағында үстел теннисі мен шахматқа арналған үстелдер, демалуға және әткеншек тебуге арналған саялы аймақтар орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл Триатлон паркін жаңа бөртегүл бағымен біріктіре отырып, эко-маршрут құруға мүмкіндік береді. Онда мыңнан астам бөртегүл көшетін отырғызамыз. Былтыр Триатлон саябағын ауқымды абаттандыруды бастадық, – деді Алтай Көлгінов.
Өткен жылы қалада алғаш рет көпірасты алаңдар жасалды. Сарайшық көшесіндегі «Арқар» көпірінің астында спортпен айналысуға арналған бірнеше аймақ ашылып, саябақ аумағында футбол алаңдары орнатылды. Бұл – Триатлон мен Президент саябағы арасындағы көпір. Мұны еске салған елорда әкімі жұмыстар биыл да жалғасатынын айтып өтті.
– Тұңғыш Президент саябағында саялы бастырмалар, әткеншектер, үш субұрқақ, оның ішінде тұманды булану, орындықтар және т. б. орнатылды. Алдағы уақытта өзен арқылы вело-жаяу жүргінші көпірін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл көпір екі саябақты – Тұңғыш Президент саябағы мен Есіл өзенінің бойындағы саябақты бірыңғай кластермен біріктіруге мүмкіндік береді. Осылайша қала тұрғындары аудандар арасында кедергісіз жүре алады. Көпірдің бойында демалыс аймақтарын жабдықтаймыз, ал көпірдің астына әткеншек орнатамыз. Әзірбайжан Мәмбетов көшесі бойында, қаланың оң жағалауында «Демалыс Променад» деп аталатын жаңа қоғамдық кеңістік жасадық, арбат іспетті, жаяу жүргіншіге арналған кеңістік болды, – деді елорда әкімі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қоғамдық кеңістіктерді (саябақтар, скверлер, бульварлар, бақтар) абаттандыру мен көгалдандыруға ерекше назар аударылып отырғанын атап өткен қала басшысы биылғы көгалдандыру жұмыстарының ерекшелігі – аулалық аумақтардан, саябақтардан, скверлерден, бульварлардан, елді мекендерден басқа, көрікті жерлеріміздің іргелес аумақтарын көгалдандыру.
– Бұл «бетонды орындар» санын азайтады. Мысалы, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры мен «Астана Балет» аумағында жасыл бақ, «Астана Опера» аумағында емен бағы, Триатлон саябағында бөртегүл бағы пайда болмақ. Қазір барлық жерде көшет отырғызылып жатыр. Өзім де қаланы көгалдандыруға қатысамын. Қаланың барлық ауданын, соның ішінде елді мекендерді көгалдандырамыз. Ағаш егуге қала тұрғындары, еріктілер, кәсіпкерлер де қатысатыны қуантады. Осы жылы 1 млн-нан астам жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер және т. б.) отырғызуды жоспарлап отырмыз. Қазір қаланың жасыл түске айналғанын, жаңа экоаймақтар мен «жасыл аралдар» пайда болғанын көруге болады. Егер жылдан-жылға сапалы тал егіп, тал егу жоспарын осы деңгейде ұстап тұрсақ, елорда санаулы жылдар ішінде жасыл қалаға айналмақ. Бір кездері тек даладан тұрған қала бақшалы қала болады. 2020 жылы 148 аула мен 60 қоғамдық кеңістік жаңадан тұрғындарға пайдалануға берілді. Осы жылы 150 аула мен 28 қоғамдық кеңістікті абаттандырамыз, – деді Алтай Көлгінов.

ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЖЕҢІЛДІКТЕР ЖАСАЛДЫ

Пандемия салдарынан қабылданған карантиндік шектеулер кәсіпкерлік ортаға көп зиянын тигізгенін айтқан елорда әкімі төтенше жағдай уақытында және одан кейінгі шектеулердің салдарынан Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 79 мың шағын бизнес субъектісі немесе 56%-ы жұмысын уақытша тоқтатқанын жасырмады. Шектеу шараларын енгізуден экономикаға тиетін әсерді азайту және іскерлік белсенділікті қалпына келтіру үшін елорда әкімдігі тарапынан бірқатар шаруа қолға алынды.
– Біріншіден, айтарлықтай зардап шеккен кәсіпкерлер үшін салықтық жеңілдіктер енгізілді. Сомасы 31 млрд теңгені құрайтын 97 мыңнан астам жеке кәсіпкерлер салықтық жеңілдіктерге ие болды. Екіншіден, мемлекеттің меншігіндегі ғимараттарды жалдап отырған кәсіпкерлер жалдау ақысын төлеуден уақытша босатылды. Үшіншіден, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына біршама өзгеріс енгізіліп, кредит мөлшері 6%-ға дейін төмендетілді, субсидияланатын сома 7 млрд теңгеге дейін өсірілді. Осы мақсатта бір жылда 2 млрд теңге дағдарысқа қарсы қаражат бөлініп, 500-ге жуық жоба қолдау тапты. Төртіншіден, пандемия кезінде отандық тауар өндірушілерге ерекше назар аударылуда. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жергілікті қамтуды қадағалайтын арнайы комиссия құрылды. Мемлекеттік сатып алуды жүргізу тәртібі өзгертілді. 2020 жылы комиссияның 30 отырысы өткізіліп, 18 мыңнан астам тауарға СТ-KZ, яғни отандық деген сертификаттар берілді, – деді Алтай Көлгінов.

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ҮЛГІСІ

Астана – руханиятымен де асқақ. Елорда әкімі осы тараптағы сүйіншілеуге тұратын жаңалықтарымен де бөлісті.
– Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтсам, нағыз рухани жаңғыруды басымыздан өткеріп жатырмыз десек артық айтқанымыз емес. Елордадағы жаңа көшелерге Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова есімдері берілсе, қаладағы бірнеше мектеп ұлт зиялыларының атымен атала бастады. Былтыр оқу орындарына Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жұмабек Тәшенев, Мәшһүр Жүсіп, Ілияс Жансүгіров, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан, Сәкен Сейфуллиндердің есімдері берілді. Биыл да ұлт зиялыларының есімдері жаңа мектептерге берілуі үшін республикалық ономастикалық комиссияның шешімін күтіп отыр. Бұл – өскелең ұрпаққа өте қажет дүние, – деді Алтай Көлгінов.
Әлем ұстаздарының бірі әл-Фараби мен ұлы Абайдың мерейтойлары карантин талаптары сақтала отырып атап өтілгенін айтқан бас қала басшысы елорда ақын-жазушылары бас қосатын «Жазушылар үйі» Жазушылар одағының астаналық бөліміне берілгенін, оң жағалауда «Қаламгерлер аллеясы» ашылғанын, ол жерде асылдарымыз, үш бәйтерек – Ілияс, Сәкен, Бейімбет ескерткіштері тұрғанын атап өтті.
– Ендігі кезекте осы жерде ұлт зиялылары, Алаш қайраткерлері Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейхан және Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіштер ашу жоспары бар. Бұл ұлт санасын жаңғырту жолында өте маңызды қадам деп білеміз. Күні кеше, 8 мамыр күні елорданың тумасы, даңқты батыр, ұшқыш Талғат Бигелдиновтің ескерткіші ашылды. Сонымен қатар биыл Ыбырай Алтынсарин, Дина Нұрпейісова, Қаныш Сәтбаев сынды ұлт ардақтылары да ұмытылмайды. Жақында тағы да 40-тан астам көшенің атауы ауысты, – деді елорда әкімі.

ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ ТҮРЕДІ

Алтай Көлгінов 2019 жылдың екінші жартысында – 721 адамды, 2020 жылы – 1005 адамды, биылғы жарты жылда 221 қала тұрғынын жеке қабылдағанын айта келе, қабылдаулар әр жұмада тұрақты түрде жүзеге асатынын жеткізді. Осындай қабылдауларды қала басшылығының барлығы өткізетінін атап өтті.
– 2020 жылы орынбасарларым жеке қабылдауларында 3100 адамды қабылдаған. Ең көп көтерілетін сұрақтар – әлеуметтік көмек түрлері, баспана, бизнес бастау және жеке өтініштер. Әрбір мәселе – жеке бақылауда. Себебі бұл – Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының ең басты алғышарты. Әр азаматтың жеке мұқтажын шешу арқылы қоғамдағы күрмеулі сұрақтардың алдын аламыз, шешімін табамыз. Сонымен қатар қала тұрғындары көтерген әр мәселе толық шешілуі үшін отбасы институтын қолдауға бағытталған «Жанұя» орталығына тек осы жылдың басынан бері әртүрлі сұрақпен 23580 азамат келген. Біздің сараптау бойынша келушілердің ең көп көтеретін мәселесі – баспана жайы, сол себепті былтыр арнайы Тұрғын үй орталығын аштық. Биыл бұл орталыққа тиісті сұрақтарымен 5 мыңнан аса адам келіп үлгерген, – деді Алтай Көлгінов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − thirteen =