Әлсіздік пен әлімжеттік

0 39

Бір қарындасымыз жоғары оқу орнын жаңа бітірген баласын әскерден қалай алып қалсам екен деп уайымдап жүргенін айтты.– Жалғыз ұлдың бейбіт заманда жарымжан болып қалғанын қаламаймын. Қазір әскерде болып жатқан неше түрлі сұмдықты естігенде төбе шашың тік тұрады. Біз баламызды әскерге жібермейтін болып шештік…
Бүгінде осындай ой­лайтын жандар айна­ламызда аз емес. Оған негіз де жоқ емес. Бұ­рынғы кеңес заманында өзге ұлттың жігіттерімен жұдырықтасып, өз ұлтының намысын бірге жыртатын сарбаздарымыз енді өз қазағының қолынан мерт болып жатыр. Тіпті, әскерден босауына бір ай қалған жігіттер темір табытпен оралғанын көргенде, расында да бауыр етің балаңды қанша қастерлі дегенмен, Отан қорғауға жіберуге жүрексіне бастайсың. Әскердегі әлімжеттік, кейін студент болғанда, жатақханадағы жан­­жалдарға жалғасады. Басқасын былай қойғанда, мектептегі бозөкпе қыздар мен бозбалалар да мәселені жұдырықпен шешетін болып алды. Бұл сонда неғылған қатыгездік деп еріксіз жағаңды ұстайсың. Кінәні тағы да сол тәрбиедегі келеңсіздікке аударып, астарына үңілгіміз кел­­мейді. Қазақтың қа­­заққа қастығының, әлі жеткеннің әлсізді аяма­уының бір төркіні рухани азып, діліміздің орыс­тануында жатқан сияқты.
Сана уланғанда құндылықтардың әдіре қалатын әдеті. Әйтпесе, ата салтымыз бен асыл дініміз әдемі үйлесім тапқан. Шариғатқа жүгінсек, «Бауырыңның жүзіне қарап күлімдегенің де садақаға жатады», «Танығанға да, танымағанға да күлімдеп амандас», «Адамдар арасында есендік пен бейбітшілікті, сәлем беруді, амандасуды жайыңдар», «Бауырының бір қажетін өтеген адамның Алла о дүние­де қажеттіліктерін өтейді» деп үйретеді ха­дистер. Мұның бәрі әр қазақы отбасында үнемі айтылып отыратын ұлағаттар емес пе?! Кезінде Каирдегі мешіт әрі әйгілі әл-Әзһар университетін басқарған, қазіргі заманғы көрнек­ті дін ғұламаларының бірі Мұқамед Абдухтың Еуропаға барғанда олардың көшеде күлімсіреп жүретінін, адасқаныңды айтсаң, жөн сілтеуге дайын тұратын елгезектігін байқап: «Еуропада мен исламды көрдім, алайда мұсылмандарды кез-
дестіре алмадым, ал бізде мұсылмандарды көрдім, бірақ исламды таба алмадым» деген екен үлкен өкінішпен.
Әдетте, бүкіл арсыздық пен азғындықтың бастауындай болып көрінетін Батыстың өзінен Исламды байқай білген ғұламаның мұсылманы қалың өз еліндегілерден түңілгендей болғаны – біз үшін де таныс, тіпті үйреншікті жәйт. Бізде де мұсылман көп болғанымен, нағыз момын, яғни иманы бүтіндер аз. Ал иман әлсіреген жерде әлім­жеттік басталарын күнде көріп жүрміз.

Қонақбай САТТАРОВ,
ақын-публицист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + fifteen =