Алпыстан кейін де өмір бар

немесе қартаю – адам ғұмырының бір сатысы ғана

0 211

«Қартайдық. Қайғы ойлаймыз ба?»

Бала кезде де, жастық шақта да көп адам өзін қартаймайтындай сезініп, ол жастың мәселелеріне терең үңіле қоймайтыны рас. Тек өз қатары зейнеткерлікке шыға бастағанда ғана «қыр астындағы» қарттық ауылына мойын созып «Қалай болар екен?» деген ой қылаң береді. Үлкендердің «Бала шақтағы суреттерімде ол кезде менің қазіргі жасымдағы ата-­әжем әлдеқайда кәрі көрінеді» деген сөздерінің астарында неге олай екенін түсінбеу де, қартая бастағанын мойындамау да, өзінің жақсы «сақталғанына» сүйсіну де бар. Мұндай «ерекшеліктің» сырын ғалымдар: қазір адамның өмір сүру жасы ұзарып, бұрынғы «қарттық жас» бүгінгі өлшеммен «орта жасқа» айналғандығымен түсіндіреді.Сонымен бірге бұл өзгерістің екінші жағы да бар: өмір сүрудің ұзаруы әсерінен жер халқының қартаюы белең алуда. 2018 жылы тарихта алғаш рет планетадағы 65 жастан асқан адамдардың саны 5 жасқа дейінгі балалар санынан асып түсті. БҰҰ-ның 2019 жылғы қайта қаралған «Әлемдік демографиялық перспективалар есебінде» 2050 жылға қарай әлемдегі әрбір алтыншы адам 65-тен (16%) асатыны атап көрсетілген. Ал Еуропада бұл көрсеткіштің өсуі одан да тез: 2050 жылға қарай халықтың төрттен бір бөлігі «65 жастан асқандар» санатына жататын болады.
Бұл қартаюдың – қазіргі заманның өзекті мәселелерінің бірі екенін, оны еңсеру үшін адамзат алдына ғаламдық мәні бар міндеттер қойылатынын білдіреді. Оның негізгісін БҰҰ Бас ассамблеясы Орнықты дамудың 17 мақсатының үшіншісі ретінде: «Кез келген жастағы барлық адамдар үшін салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және бақуатты болуға жәрдемдесу» деп тұжырымдады. Іле-шала ұйымға мүше барлық елдерде, соның ішінде бізде де, халықтың қартаюы­нан туындайтын мәселелерді тиісінше шешуге бағытталған құжаттар қабылданды.
Жаһандық үрдістің Қазақстанды айналып өтпесі белгілі және соған сәйкес қоғамға ауқымды міндет жүктеледі. Олар: қартайған адамдардың лайықты ғұмыр кешуі үшін жағдай жасау – кезінде өз басының мәселелерін ысырып қойып, қоғам мүддесі үшін тер төгіп, еңбек еткен жандардың денсаулығына қамқорлық таныту; оларды қоғамға пайда келтіруге тарту; бос уақытын жақсы өткізуді ұйымдастыру және тағы басқалар. Ал біздің елорданың зейнеткерлері ондай қамқорлықты сезінуде ме?
Сұраққа жауап іздеп, қалыптасқан әдет бойынша интернетке жүгіндік: әлеуметтік желіде осыдан 2-3 жыл бұрынғы ақпараттар ғана жүр. Жаңасын іздеп, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің сайтын аштық. Ештеңе таппадық. Әкімнің халықпен кездесулерінде ақпарат бар шығар дегенбіз: атқарылған жұмыстар жөніндегі есептер бөлімі 2018 жылғы есеппен тұйықталыпты. «Қаладағы өмір» айдарында азаматтардың түрлі санатына бағдарланған жобалар бар екен, біз іздеген тақырыпта «Қарттар үйі» деген материал ғана тұрғаны көңілді құлазытты.
Бір жауапты қала әкімі ­А.Көлгіновтың инстаграм парақшасынан таптық. Осы жылдың ақпанында Алтай Сейдірұлы елорданың Есіл ауданында қарт адамдар бос уақытын өткізетін орталықты өзі барып ашып, енді онда келушілер спорт залдарында тегін жаттығулар жасай алатыны, үстел ойындарын ойнай алатыны туралы жазыпты. Компьютерлік кабинет пен акт залының болуын аға буын өкілдерінің зияткерлік, шығармашылық қабілеттерін ұштауға қамқорлық деп түсіндік. Әкім таяу арада Өндіріс, Көктал, Ильинка, Железнодорожный тұрғын алаптарында салынып жатқан ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ардагерлерге арналған орталықтар санын көбейте түсетініне назар аудартыпты.
Мұндай орталықтар зейнеткерлердің спортпен шұғылдануына ғана емес, өз қатарластарымен әңгіме-дүкен құруға, қарым-қатынас жасауға, яғни қалыпты өмір сүруіне көмектесетіні туралы жиі айтылады. Шындығында, тап сондай жұмыстар жүргізіліп жатса нұр үстіне нұр емес пе!? Жақсы жаңалықты нықтай түсу үшін қаламызда жасы ұлғайған азаматтарымен жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктерді, үкіметтік емес ұйымдарды іздестіре бастадық. Бірінші қоңырауды қалалық ардагерлер кеңесіне шалдық. «Сәлеметсіз бе?» дегенімізде ар жағындағы әйел дауысы «Говорите быстрее, у меня вторая линия» деді дегбірсізденіп.
Әрине, мен тез айта аламын. «Ал телефонды қимыл-қозғалысы да, сөзі де ширақтықтан алыстай бастаған ардагер шалса ше?» деген ой келді. Чеховтың «театр киімілгіштен басталады» деген сөзін әр салаға бұрып қолдануға болады. Яғни, қарт адамдармен жұмыс істейтін мекеме соларға бейімделуі керек деп ойлаймын.
Біз тілдескен әйел елордалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов мырзамен байланыстыра алмаймын деді. Мен ол кісіге хабарласып, шағын сұхбат алғымыз келетінін айтуды өтіндім. Келесі күні кеңсесіне іздеп бардық. Телефонмен сөйлескен кісі өтінішімізді «ұмытып» кетіпті, төраға да іс-шарада екен. Қабылдау бөлмесінде отыратын, басшының көмекшісі болып табылатын адам қазақ тілінде сөйлеуге ыңғай танытпады, мемлекеттік тілде қойылған сұрақтарды орысшаға аударып айтқанда ғана жөнін айтып, басқа қызметкерлерге сілтеді.
С.Есіловтің орынбасары ­Дүйсенов Есболат Қасымұлы ағай кеңес жұмысы, өздеріне қарасты ардагерлер туралы біршама ақпарат берді. Басым бағыттарының бірі жалғызілікті, кейде тіпті қарау­сыз қалған қарттарға көмектесу, бұл іске еріктілерді жұмылдыру; әлеуметтік қамсыздандыру қыз­метімен бірлесе жұмыс істеу, соның ішінде «Қатаркөл» шипажайына баруларына көмектесу сияқты игі шараларды тілге тиек етті. Карантин енгізілгенге дейін ардагерлерге арналған орталықтарда шахмат, дойбы, нарды және тоғызқұмалақ ойнап, туған күндер мен мерекелерді атап өту дәстүрі қалыптасыпты. Келушілер мерзімді басылымдарды оқып, оларды театрларға, экскурсияларға, концерттерге тегін жіберу жолға қойылған екен.
Ел астанасында қызметі ардагерлермен жұмыс істеуге бағытталған салалық (әскери, азаматтық) қоғамдық бірлестіктер бар екенін де айта кетті. Солардың бірі 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан, Баян Ахметжанова басқаратын «Ардагер» бірлестігі екенін өзіміз де білетін едік. Біраз уақыт бұрын жас кәсіпкер Азамат Өмірзақовтың қолдауымен Сарыарқа ауданында демалыс орталығы ашылғанын бірлестіктің жетістігі әрі қоғамның аға буынға жасаған қамқорлығы ретінде де қарастыруға болады.
Ашылған орталықтардың мекенжайлары, олар қалай жұмыс істеп жатқаны туралы сұрағымызға төрағаның орынбасары жаңадан ашылған орталықта да, қалада тұрғын-үй кешендерінің жертөлелерінде бұрын ашылған 56 шағын орталықта да қазіргі пандемияға байланысты жұмыс іркіліп тұрғанын айтты. «Қазір бұрынғыдай қартайып қайғы ойлайтын заман емес. Арамызда әр салада еңбек еткен қаншама мықты мамандар бар. Олар бар болғаны зейнеткерлік жасқа жетті, көбінің әлде де болса жұмыс істегісі келеді. Бізді жолын тауып, тарта алса, қоғамға пайдамызды келтірер едік» деді сөз соңында Есболат ағай.

«Белсенді қарттық – мағыналы өмірдің кепілі»

Ардагер сөзінің жаны бар. Күні кеше қайнаған еңбек алаңында жүрген жандар теледидар алдында көп отыра алмасы анық. Қазіргі 65-тен асқан адамдар – кеңес заманында туып, ел тәуелсіздігін алған кезде нағыз орда бұзар, қамал алар жаста болғандар. Яғни, көбі – талай қиыншылықты бастан кешіріп, талай кедергілерді еңсерген, өмірлік мол тәжірибе жинап, ой түйген адамдар. Сондықтан олардың біліп, танып, түйгенін үйреткісі келуі де заңды. Бұл табиғи тілекті ескі өсиет кітаптардың бірі – Екклесиастың кітабындағы дана патша Сүлеймен айтты деген «Тастарды шашатын уақыт және тастарды жинайтын уақыт» («Время разбрасывать камни и время собирать камни») деген тәмсілмен де түсіндіруге болады. Кез келген қоғам зейнеткерлік деген ақыл-ой кемелденген жасқа жеткендердің бойындағы осындай ерекшелікті жақсы арнаға бұрса, екі жаққа да пайдалы болар еді. Бұл Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен Аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарында да ескерілген. Құжатта қарт адамдардың тек әлеуметтік қамтамасыз етілуіне ғана емес, сонымен қатар зияткерлік және өндірістік тәжірибе иесі, қоғам дамуының белсенді қатысушылары ретінде сұранысқа ие болуына бағытталған шаралар қарастырылған. Мұның көпшілік көкейіндегі мәселе екеніне тағы бірер мысал келтіре кетейік.
Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес «Ұзақ белсенді ғұмыр» жол картасын талқылау мақсатында Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты өткізген дөңгелек үстелде «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының құрылтайшысы Ботагөз Рақышева басқа елдердегі аға буын өкілдерін қоғам өміріне араластырудың оң тәжірибелерін мысалға келтірді. «Оңтүстік Кореяда қарттар мен балалар үйлері біріктірілген. Бұл өз тәжірибесін балаларға беріп, сол үшін жалақы алатын қарт адамдарды әлеуметтендіру мәселелерін шешуге мүмкіндік берді. Қазір бұл тәжірибе кең қанат жаюда» деді сарапшы.
Осыдан бір ай бұрын ҚР ­Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өткен елдегі қарт адамдардың жағдайы мен қажеттіліктерін, белсенді ұзақ өмір сүру индексін зерттеу нәтижелерін талқылауға арналған дөңгелек үстелдің күн тәртібі осы мәселеге арналды. Қатысушылар аға буын өкілдері қоғам қызметінің саяси, экономикалық және әлеу­меттік салаларына белсенді қатысуы үшін жағдай жасауға бағытталған маңызды міндеттер мен мақсаттарды талқылап, ұсынымдар жасады.
Өкінішке қарай, қарт адамдарды тек әлеуметтік көмекке мұқтаж деп қарау – қоғамдық санада кең таралған ұғымдардың бірі. Біз зейнеткерлердің белсенділігін дамыту мен сақтаудың жасампаз жолы – олармен тең дәрежелі қарым-қатынаста болу екенін ұмытып кетеміз. Оларға шипажайға жолдама әперу, бөлек тұрса, үйін жинауға көмек көрсету, асын дайындап беруді өз миссиясы орындалғаны деп қарайтын түсінік осылардың бәрінен әлдеқайда маңызды нәрсені ұмыттырып жібергендей – ол адамның өзін отбасына, қоғамға қажет екенін сезінуі. Адамға қажет екенін сезіну кез келген дәрі-дәрмектен жақсырақ әсер етеді.
Әртүрлі жастағы адамдардың арасындағы ойлау, әрекет ету, шешім қабылдау айырмашылықтары да қазіргі жастардың аға буын өкілдерін түсінуіне кедергі келтіреді. Үлкендер туралы пікірлерін сұрағанымызда «көп нәрсеге көңілі толмайды» дегенді естідік. Біздің ойымызша, олардың бойында көңіл толмаушылықтың, тіпті, пессимистік, скептикалық көзқарастың пайда болуының себептері бар. Қарттардың өзін қажетсіз сезінуі де, зейнеткерлер әлеуетін пайдалануға бейімсіздік те, оларға қоғамның тең дәрежелі мүшесі ретінде белсенді өмір сүру жағдайдың жасалмауы да – солардың қатарында. Бізде құрылған орталықтарды осы мәселелерді ішінара шешіп, қарттардың отбасына да, қоғамға да салмағын салмайтын белсенді өмірін ұзартудың бір тетігі ретінде қарастыруға болады.
Реті келгенде індеттің үлкендер өмірінің ойлау жүйесіне де, тыныс-тіршілігіне де әсер еткенін айта кетуіміз керек. Өзіміз тіркелген Президент Іс басқармасына қарасты емхананың учаскелік дәрігері А.Ысқақова үлкен адамдардың бірқатары «Басқа салды, біз көндік» деп үйде отырып қалуының келеңсіз салдары болғанын айтты. Қарым-қатынас жасау шектеліп, жағымды эмоциялық сезімдер алудың азаюы, оған қоса белсенді қимыл-қозғалыстың кемуі денсаулықтың сыр беруіне әкеп соққан. Ал күнделікті сейіл құрып, саябақтарды аралап, жеңіл-желпі жаттығу жасап жүргендердің көбісі денсаулықтарына шағым жасай қоймаған.
Мұның түпкі себептерін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерінен көре аламыз: физикалық белсенді өмір сүретін егде жастағы адамдарда қимыл-қозғалысы аз құрдастарына қарағанда жүрек-тамыр, тыныс алу және бұлшық ет жүйелерінің функционалды деңгейі жоғары болады екен. Олардың сүйек жүйесі де мықты, салмағы да жақсы денсаулыққа лайық болады, белсенді жаттығулар есте сақтау, ойлау, зейін және басқа да танымдық функцияларды жақсартады. Осындай белсенді қарт адамдар арасында жүректің ишемиялық ауруы, жоғары қан қысымы, инсульт, екінші типті қант диабеті, тоқ ішек және сүт безі қатерлі ісігі ауруынан болатын өлім-жітім деңгейі әлдеқайда төмен екендігі де сонда айтылған.
Негізі, ондай адамдар баршылық. Таңертеңгілік «Ботаникалық бақта» кездесетін кейде жұп-жұп болып, кейде жалғыз «скандинавиялық» таяқтарын тықылдатып кетіп бара жатқан; жаттығулар жасап жүрген; «воркаут» алаңшадағы құрылғыларда түрлі қимыл-қозғалыс жасап жатқан; кішкентай көлдің жағасында тыныстап отырған кісілерді іштей белсенді қарттар қатарына жатқызамын. Бастапқыда жүзтаныс болып, кейіннен бас изесіп амандасатын болған кейбір аға-апалармен ара-тұра сөйлесудің реті келеді. Шындығында да олар – белсенді кісілер екен: іштерінде зейнеткерлікке шыққандарына бірнеше жыл болса да жұмыс істеп жүргендер көбірек. Және де олар қолынан іс келетін, ұжым жұмысының алға басуына үлес қоса алатын, жастарға айтары, үйретері бар адамды зейнет жасына жеттің екен деп жұмыстан шығарып жібермейді деседі.
Әңгіме барысында Қайсар Әлім ағамыз айтқан: «Қарттарға арнап, жиі-жиі іс-шаралар өткізілмесе де, жалпы біздің халықтың менталитетінде үлкендерді құрметтеу, оларға қамқорлық жасау қашанда болған. Бірақ маңыздысы, ең алдымен аға буын өкілдері өздерін өздері құрметтей білуі, жақсы көруі керек. Зейнетке жеттім екен деп, отбасыңның, ортаңның алдында өз-өзіңді тастап жіберуге болмайды» деген пікір есте қалды.

«Қазақша қарттық»

Тағы бірде спорттық киім киіп жүргендердің ішінде қазақы көйлек-қамзолы өзіне жарасып, орамал салған апай көзге ерекше көрінді. Қасына барып, сәлем бердім. Құрманкүл есімді апамыздың Қызылордадан көшіп келгеніне 11 жыл болыпты, жасы биыл 75-те екен. Осы бақта сейілдеуді ұнатады. Бұрын байқамағанымды айтсам, «Күнде балаларды жұмысқа шығарып салып, 9-дан өте келетінмін, енді ол кезде күн ысып кететін болған соң кешелі бері сәл ертерек шығатын болдым» дейді. Сұқбат алатын менен гөрі әңгімелесетін адам тапқанына апам қаттырақ қуанған сияқты.
«Жасың ұлғайғанда басқа жерге қоныс аудару қиын екен. Балалар үшін келдім. Бәрі жұмыс­тарына асығып-үсігіп кетеді, үйін қарап қаламын. Кешке тамақтарын істеп қоямын. Бір аулада 3-4 кемпір араласушы едік, қазір олар да жаңа үй алып көшіп кетті, әрі мына аурудан да сескенем. Сосын осылай қыдыратын болдым» деп ақтарылды. Менің қарттық туралы сұрағыма апамыз: «Әдетте, зейнет жасына жеткеннен кейін үлкендер: «Мен енді қайда барады дейсің?» деген ойға кетіп, өзіне көптеген тыйым, әсіресе, киім-кешек алуда шектеулер қоя бастайды. Осы кезде балаларының қолдауы, сенің бұрынғыдай қадірлі, керек екендігіңе сендіре білуі аса қажет» деді.
«Бейнетіңнің зейнетін көр» дегенді біздің халық «қартайғанда ештеңеге мұқтаж болмай, ұрпағыңның қызығын көріп өмір сүр» деп қабылдайды. Сондықтан да болар, зейнет жасына жеткендердің басты міндеті – немере бағу деген ұғым мықтап орныққан сияқты. Осы мақаланы жазу барысында әңгімелескен адамдарым сол ойымды растай түсті. Көпке ортақ басым картина мынадай: «Балалар жұмыста, немерелерді бақшасына, мектебіне апарып, әкелеміз. Неше түрлі үйірмелері, қосымша сабақтары тағы бар. Атасы ертеден қара кешке дейін соларды тасиды. Мен тамақтарын беріп, сабақтарын бірге оқимын. Кешке сүрініп-жығыламыз».
Балаларға көмектескен жақсы, әрине. Бірақ, отбасылы балаларының өміріне тым белсенді араласу, олардың әке-шеше ретіндегі сезімдерінің оянуына, өз міндеттерін терең сезінуіне кедергі келтіретінін біле бермейтіндер бар.
«Әсіре белсенді ата-әжелерге құлаққағыс жасау керек екен» деп ойладым.

«Кәрілік, келіп қалдың қай жағымнан?..»
Бір нәрсе анық – қазіргі зейнет­керлер үшін құрметті демалысқа шығу осы өлеңдегідей, ойламаған жерден келетін кәрілік емес. Бұл кезді күтіп, жоспар құрып жүретіндер де, асыға қоймайтындар да бар. Уақтылы бір жерге барып, өз міндеттерін орындап, үйге сүріне-жығыла жету режиміне үйренгендер бастапқыда «батпан құйрық» бос уақытта не істеймін деп уайымдайтыны да рас. Бірақ ол – уақытша сезім. Келе-келе, әсіресе кезінде белсенді қызмет еткендер, зейнет жасына тән жұмыстар, міндеттер иіріміне түсіп, мұршасы болмайтынын көріп жүрміз.
Таңертеңгілік серуенде кездесетін адамдармен әңгімелесу барысында адам жас кезінде қаншалықты белсенді болса, «жақсы жаста» да сол екпінін сақтайтынын ұқтым. Оқырманға ой салар деп, аға-апалардан «жақсы жаста» белсенді өмір сүруді қашан және неден бастағандарын бөлісуді өтіндім. (Олардың ішінде бұрынғы депутаттар да, әкімдер де, ұстаздар мен өнер майталмандары да, атақонысқа оралған қандасымыз да бар. Өтінішіме келісе отырып, олар «Аты-жөнімізді айтпай-ақ қойыңыз» десті. Мен уәде бердім).
• «Жас кезімізде жұмысбасты болдық. Ерінген де шығармыз, әйтеуір спортпен айналысуға уақыт болмады. Зейнетке шыққаннан кейін ептеп қолға ала бастадым».
• «Кішкентайымнан жан-жануар­ларды жақсы көретінмін. Ұстауға әке-шешем рұқсат етпеді. Қазір үйімде тотықұс, балық, тасбақа, мысық пен ит бар. Немерелерім үшін шағын хайуанаттар бағын ашқым келеді».
• «Менің өз «спортым» бар: қыста ауладағы қарды күреу, жазда өсіп тұрған гүлдер мен ағаштарды суару. Алғашында аула тазалайтын адам қиғаш қарап жүрген. Мен: «ақшаңа таласпаймын, үйде жата бермеу үшін істеп жүрмін» дегенімде қуанып қалды».
• «Қартаю биологиясы бойын­ша Нир Барзилай деген әйгілі ғалым бар. Сол: «Өзіңізді күн сайын 30-40 минут серуендеуге үйретіңіз, бұл жастықты сақтауға қосылған маңызды үлестің бірі болады» депті.
• «Ес білгелі билегенді ұнататынмын, жұмыс, бала-шаға… деп жүріп, еш мүмкіндік болмады. Жасым 60-тан асқанда би үйірмесіне жазылдым»…
• «Зейнетке шыққан соң жеке үйдің іргетасын қаладым. Балаларым ұл-қыздарын ертіп келуге асығып тұратын қарашаңырақ болуы керек қой».
• «Ағаң жалқау болатын. Былтыр жүрегі қысылып, алқынып ауыра берді. Дәрігердің «денеңізді май басып кетсе, жағдайыңыз мүлде нашарлайды» дегені жақсы болды. Жан керек екен, жүгіре жөнелді ғой…»

Тобықтай түйін

Әлем тынысын тарылтқан СОVID-19 адамзатты «індетке дейін» және «індет жағдайында» өмір сүруге бейімдеді. Қазір бастапқыда абдырап, тоқтап қалған жұмыстар қайта жандана бастады. Біз зерделеген салада да жағдай осындай. Біртіндеп игі бастамалар қолға алынуда, бірақ екпіні әзір қарқынды емес. Қарт адамдардың салауатты өмір сүруіне байланысты кейбір құжаттар мен бағдарламалардың соңғы екі жылда қабылдануы да көңілге үміт сыйлап, қоғамды бұл мәселе толғандырады, «65-тен асқандар» ұмыт болған жоқ деген ой түюге жетелейді.
Бүгінгі жастар да – бұрынғы біздер сияқты: қартаямын деп көп ойлай қоймайды. Бірақ, бізден бір артықшылығы – олар тәуелсіз дәуірде өсті, ел көріп, жер көріп, ол жақтарда қалыптасқан жұмыс тәжірибелерін үйрену мүмкіндігіне ие болды. Қолдан келгенше соларды іске асырып та жүр: қазір барлық ірі тұрғын үй кешендерінің аулаларында орнатылған «воркаут» алаңшалар, «Ересек еріктілер», «Күміс самайлы көмекшілер» қозғалыстары – соның мысалдары. Енді оларға қоса барлық елдер батыл кірісіп кеткен қарттардың мағыналы өмір сүруі көзделген шараларды қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл ретте ардагерлерге қамқорлық жасаудың басты мақсаты – «жақсы жас» өкілдері өздерінің отбасы, жұмыс және жалпы қоғам үшін маңызды тұлға екенін сезінуі екені ұмыт болмауы керек.
Экономист ғалымдар белсенді өмір сүру үшін жасалған жағдайлар мен денсаулықты сақтау қосымша шығындарды азайтатынын және әртүрлі жастағы адамдарға қаржылық тұрақтылықты қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап көрсетеді. Сондықтан да біз қатарында болуға ұмтылып отырған елдерде жастардың қарттармен қарым-қатынасын ынталандыру, мүмкін болса, ақылы жұмысқа, әйтпесе еріктілікке, әлеуметтік маңызы бар жұмысқа тарту мемлекет үшін де пайдалы екендігі – дәлелдеуді талап етпейтін аксиомаға айналғаны қашан. Оны да үйренуіміз керек.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
жазушы, ҚР Президенті
жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-
демографиялық саясат жөніндегі ұлттық
комиссияның сарапшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − six =