Алматыға Аймауытов келгенде…

0 196

31 мамыр – Қазақстанда кешегі қуғын-сүргін мен қолдан жасалған ашаршылық құрбандарын еске алу, аза тұту күні. Өткен ғасырда қазақты баудай қырған геноцид болмаса, қазақ бүгінде 30-40 миллионға жететін еді деп жазып жүр сарапшылар. Рас та шығар.Есіме осыдан 26 жыл бұрынғы оқиға түсіп отыр. 1994 жылдың күз айы, қазан туса да Алматының күні тамылжып тұрған. Алматы темір жолының «Түрксіб тынысы» деген газетінде белгілі ақын Темірше Сарыбаевпен бірге жұмыс істейтінбіз. Бір күні қаланың сырт жағындағы Калининнен қатынайтын Темірше аға жұмысқа Жүсіпбек Аймауытовтың баласын ертіп келді. Қасында көршісі Нарбек деген жігіт және бар. «Виктор Аймауытов» деп таныстырған бәкене келген сарғыш өңді, қазақтан гөрі татарға көбірек ұқсайтын жұпыны киімді қарияны алаш арысының ұлы дегенде таңғалдық. Көктен түскендей. Тәуелсіздіктен кейін жаппай алаш арыстарын тану, ұрпақтарын іздестіру, ақтау жүріп жатқан. «Қайдасың, Виктор Аймауытов?» деген Ғафу Қайырбековтің мақаласы жарық көрген сол жылдары бір газетте. Мынау сол жоғалып кеткен Виктор Аймауытов екен.
Темірше ағаның көршісі Нарбек деген домбыра жасайтын шебер әйелі екеуі сол жылдары сауда-саттықпен Ресейдің Кемерово қаласына барып жүрген ғой. Бір күні көшеде оған бір кісі жақындап жөн сұрасыпты. «Өзбексің бе?» деп сұрайды. Қазақ екенін естіген соң өз жайынан хабар беріп, осындай да осындай, Жүсіпбек Аймауытовтың ұлымын демей ме, Нарбек сенімсіздік танытқан екен, үйіне шақырып құжатын көрсетіп сендіріпті. Айран-асыр болған жігіт ­әйелі екеуі қартқа елге жүріңіз, ала кетейік деп қолқа салып келген беті екен. Ол кезде ұялы телефон түгіл, жай телефон байланысының өзі қиын-тұғын. Сондықтан ешкімге хабарламай, аяқасты аспаннан түскендей Виктор Аймауытовтың Алматыға келуі нағыз сенсация болған еді.
Қария ұзақ жыл шахтада жұмыс істеген, орыс кемпірі, одан туған ұлы мен қызы бар екен. Елден кеткелі 60 жылдан асқан, бой тасалап сырттап жүрсе де, тыныштық таппай «халық жауының» баласы болып он жылын түрмеде өткізген көрінеді. Ауыр жұмыс пен бейнеттен қажып, еңкіш тартса да қунақ, айналаға мейірімді көздерімен жалтақ-жалтақ қарап отырған жылы жүзді жанға еріксіз жаның ашығандай еді. Үстіне кигені шахтерлердің спецовкасы сияқты өңі кеткен костюм, аяғында көнетоз бәтеңке. Тілі қазақшадан гөрі татаршаға көбірек келеді екен. Ақсақалға дастарқан жайып шай бердік, әңгімесін тыңдадық. Екі өкпесін қолына ұстап жүгіріп Армиял Тасымбеков келді. Талай жылдан бері қуғын-сүргін құрбандарын зерттеп жүрген журналист жерден жеті қоян тапқандай қуанып, сол жерде Міржақыптың қызы Гүлнар Дулатоваға хабарласып, екі мұңлықты телефонмен сөйлестірді. Бір-біріне «а ты помнишь..» деп жылап отырып әңгімелескендеріне куә болдық. Бала кезде екеуі бірге ойнап өскен екен.
Сол күні Темірше Сары­баев пен Армиял Тасымбеков қарияны ертіп Жазушылар одағына, радио мен телевидениеге апарып таныстырды. Әркім әртүрлі қабылдаған. Кейбіреулер қартты мұжықсынып, мысқылдай қарап, «мынау ма Аймауытовтың баласы» дегендерін ашық танытқан, ал Жазушылар одағының басшысы Қалдарбек Найманбаев, екінші хатшысы Ғаббас Қабышев сынды ағаларымыз, керісінше, жылы қабылдап, құрмет көрсеткен, сол кездегі «Қазақстан-1» директоры Әшірбек Көпішев қартты құшақтап бауырына басқанда, ондай мейірім көрмеген қария толқып жылап жіберген екен. Сол күні радио Алматыға Виктор Аймауытовтың келгені жайлы хабар таратып, қонақтарды Гүлнар апай үйіне шақырып, оны да телевизордан көрсетіп жатты. Ақтөбеде тұратын қарындасы Музамен сөйлескенде қарт еңкілдеп жылапты.
Ертесі Жазушылар одағында, Ғылым академиясында кездесу өтті. Серік Қирабаев «Аймауытовтың баласына мінгізген атымыз болсын» деп қалың конверт табыс­тапты. Сол кісі ме, басқа біреуі ме, қартты дұрыстап киіндіріп алуға кеңес беріпті. Ертесі көргенімізде қария ине-жіптен жаңа шыққандай су жаңа костюм, аяғына жылтыраған туфли киіп алған еді.
Алматыда бірнеше күн болған соң қария ата-бабасының туған жері Баянауылға жол тартты. Қасында Армиял Тасымбеков болды. «Алматы 1» вокзалынан Павлодар по­йызына шығарып салдық. Мен қартқа сол жылдары шыққан әкесінің «Ақбілегін» сыйладым. Кітапты сипап, ашып көріп көзі жасаураған қария рақметін айтып сөмкесіне салып алды. Шалдың қоржыны тоқ көрінді. Шақыр­ған жердің бәрі Аймауытовтың ұлына шапан жауып, тағы басқа да сый-сыяпаттарын тапсырып, сәлемдемесі көбейген соң қасындағылар үлкен сөмке сатып алып, барлық заттарын салып беріпті.
Виктор Аймауытовтың одан кейінгі тағдырынан бейхабармын. Армиял Тасымбектовтен естігеніміз, Баянауыл халқы Аймауытовтың ұлын тайлы-таяғы қалмай тік тұрып күтіп алып, үлкен құрмет көрсетіпті. Облыс әкімі үй берді деген сияқты. Бірақ елде аз-күн аунап-қунап қонақ болған соң Кемеровосына қайтып кеткен қария елге жуық арада келе қоймаған сияқты. Тек кемпірі өлген соң қараусыз қалып, арып-ашып елге жеткені жайлы бір жерден оқығаным бар. Өмірінің соңғы жылдарын Алматыда, қарттар үйінде ме, ардагерлер үйінде ме, өткізген сыңайлы.
Тағы бір жылдары баспасөзден Павлодарға келіп әкесіне берген үйді даулап жүрген қызы туралы да оқып едім. Бұл баяғы қарттың орыс кемпірінен туған қыз болса керек. Ал ұлы ше? Ол қайда? Оның да аты Виктор деген, демек тағы бір Виктор Аймауытов жүр ғой бір жерде, өзінің қазақтың бір арысының немересі екенін білетін шығар, білсе ата жұртына бір ат басын бұрмас па? Ғафу ағамыз айтпақшы, «Қайдасың, Виктор Аймауытов?»…

Меруерт ЕСЕНБЕК,
ҚР Журналистер
одағының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + seventeen =