«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алматы ауданының 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2018 жылдың жұмыс жоспары туралы есеп

0 202

Құрметті аудан тұрғындары!

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы ауданының барлық маңызды әлеуметтік-экономикалық өсуі жалпы тәжірибеде жоғарғы көрсеткіштерге ие болды.
Астана қаласының кәсіп­орын­дарының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі  944,6 млрд теңгені құраса, соның ішінде Алматы ауданы бойынша 143,6 млрд теңгені құрады (қала бойынша жалпы капиталға салын­ған инвестициялардың 15,2%).
Аудан ғимараттарын салу мен күрделі жөндеуге бағытталған инвестициялар көлемі 107,8 млрд теңгені құрады, соның ішінде тұрғын үй құрылысына 40,6 млрд теңге бөлініп, 535,4 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді.
Есептік кезеңде өндірілген өнімнің және көрсетілген қызметтің құны 549,3 млрд теңгені құраса, соның ішінде Алматы ауданы бойынша 442,0 млрд теңгеге жетті, бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 62% артып (275,2 млрд теңге), қаламыз бойынша жалпы өнімнің 80,5% құрады.
Тұтастай алғанда, Астана қаласында өндірілген тауарлар мен өнімдер құны 3 трлн 143 млрд теңгеге, оның ішінде Алматы ауданына тиесілі өнімдер мен тауарлар құны – 1 трлн 459 млрд теңге, бұл дегеніміз елордамыздағы жалпы өнім құнының көлемінің 47 % құрайды.
Аудан бойынша бөлшек сауда айналымының көлемі 482,9 млрд теңгені, елордамыздағы жалпы айналымының 46,7% (Астана қаласы бойынша 1 трлн 033 млрд теңге) құрады. 2016 жылмен салыстырғанда бөлшек сауда айналымының жалпы көлемі 24,7% өсті.
Жаңа кәсіпорындар мен басқа да өнеркәсіптік нысандардың ашылуы нәтижесінде Астана қаласында 8 278 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде Алматы ауданына тиесілі жұмыс орындары 56%, яғни 4 665 орын, соның ішінде 1200-і шағын және орта бизнес секторында, ал қалған жұмыс орындары өнеркәсіптерге және әлеуметтік және мәдени нысандарға тиесілі.
2017 жылы Астана қаласындағы жұмыссыздық деңгейі 4,5% құрады, бұл көрсеткіш жұмыссыздық деңгейінің 2016 жылмен салыс­тыр­ғанда 0,1% төмендегенін аңғартады. Өз кезегінде, жалақының орташа көрсеткіші 2016 жылы 155 мың теңгеден 2017 жылы 160 мың теңгеге дейін өскені байқалды.
Мемлекеттік бюджет бойынша болжам 102% орындалды, аудан бойынша тіркелген салық төлеушілерден түскен салық түсімі 226,4 млрд теңгені құрады (жалпы Астана қаласы бойынша  923,4 млрд теңге) бұл Астана қаласы бойынша тұтастай алғанда кірістер көлемінің 24,5% құрайды, оның ішінде:
– республикалық бюджетке түсетін түсімдер 153 млрд теңге, бұл Астана қаласы бойынша жалпы түсімнің 21,9% құрайды (696,7 млрд теңге).
– жергілікті бюджетке түсетін түсімдер 73,4 млрд теңгені, яғни Астана қаласы бойынша бюджеттің (226,7 млрд теңге) 32,3% құрады.
Аудан әкімі аппаратының нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 17,4 млрд теңгені (2016 – 16 млрд теңге) құрады, бұл бекітілген бюджеттің 1,4 млрд теңгеге немесе  8,5% өсуін аңғартады.
Алматы ауданының экономикалық өсіміне 94 ірі және орта өнеркәсіптер мен кәсіпорындардың қосқан үлесі зор, олар өз кезегінде өнім өндіруші өнеркәсіп, электрмен жабдықтау мен жылумен қамту, газ және сумен жабдықтау, азық-түлік, соның ішінде ұн және нан өнімдерін өндірумен айналысады.
Айта кету керек, № 1 Индустриалды паркте 41 өндірістік нысан  орналасқан. Бұл кәсіпорындарда 3400 жұмыс орны ашылып, бюджетке шамамен 50 млрд теңге көлемінде салық төленді.
Бұдан басқа, аудан аумағында жыл ішінде инвестиция көлемі 10,3 млрд теңгені құрайтын 7 жаңа өндірістік кәсіпорын, цехтар, комбинаттар ашылды.
Бүгінде Алматы ауданында 5 ірі базар, 56 сауда үйі, 500-ге жуық дүкен жұмыс істейді, 51 975 салық төлеуші немесе Астана қаласы бойынша барлық салық төлеу­шілердің 51% (80 901) тіркелді, соның ішінде 20 204 заңды тұлға және 31 770 жеке кәсіпкер тіркел­ген. Осы саладағы жұмыспен қам­тылған жұмысшылардың жалпы саны 140 мың адамды құрайды.
«1000 орын – көше саудасы» бағдарламасы аясында аудан бойынша 248 шарт жасалды (Астана қаласы бойынша 554), 128 нысан орнатылды (Астана қаласы бойынша 273), 370 адам жұмыспен қамтылды. Бұдан басқа, Астана қаласында «Street food» форматында тез тамақтану нысандарының құрылысы жоспарланған.
«Қазақстан» спорт кешенінің аумағында Астана қаласы мен Ақмола облысының ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің өнімдері ұсынылған ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, барлығы 28 мың тонна тауар сатылды.
Осының барлығы өнімдердің бағасын реттеуге, сондай-ақ халықты қажетті тауарлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Әлеуметтік сала

Өткен жылы 18 мың адамға қайырымдылық шаралары көрсетілді, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі мүгедек жандар мен аз қамтылған отбасылар бар.
Жеңіс күнін мерекелеу аясында 1200 ардагер мен тыл еңбеккерлерінің қамтылуымен 43 қайырымдылық ас берілді және 1000 адамға мерекелік азық-түлік пакеттері таратылды.
«Мектепке жол» республикалық акциясын іске асыру мақсатында аз қамтылған отбасылардан шыққан 300 балаға мектеп формасы мен мектеп құрал-жабдықтары таратылды және Құрбан айт мерекесі аясында ауданда орналасқан 4 мешітте 3000-нан астам аз қамтылған отбасыға азық-түлік пакеттері мен ет өнімдері таратылды.
Бүгінде ауданда 28 мың зейнет­кер, 5 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі мүгедек, 6 мыңнан астам көпбалалы ана бар («Алтын алқа» алған аналар – 575, «Күміс алқа» алған аналар – 940, төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған аналар – 4 280, «Ана даңқы» медалін алған аналар саны – 268).
Есептік кезеңде аз қамтылған азаматтарға мемлекеттік қолдау және әлеуметтік көмек көрсету шеңберінде негізгі үш әлеуметтік жәрдемақы тағайындалып, төленді:
– жалпы көлемі 11,2 млн теңгеге 666 отбасыға тұрғын үй жәрдемақысы төленсе, ал 133 отбасы қатты отынды сатып алуға 2,4 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек алды;
– жалпы сомасы 15,0 млн теңге болатын 838 адамға (160 отбасы) атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді;
– 18 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған 801 аз қам­тылған отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы, оның ішінде  2 468 балаға 35,9 млн теңге төленді.
Сондай-ақ, атаулы және мереке күндері (8 наурыз, Жеңіс күні, Отан қорғаушылар күні, Халықаралық балаларды қорғау күні, Қуғын-сүргін құрбандары күні, Астана күні, Конституция күні, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздік күндері) қарсаңында біржолғы материалдық көмек көрсетілді.
Аудан зейнеткерлеріне көптеген жеңілдіктер көрсетіледі. Қоғамдық көлікте тегін жүру, протездік стоматология қызметтерін тегін пайдалану мүмкіндіктеріне 1 350 зейнеткер қол жеткізсе, 760-тан астам зейнеткерге «Қатаркөл» оңалту орталығына жолдама берілді.
Мүмкіндіктері шектеулі адам­дарға әлеуметтік нысандардың инфрақұрылымына қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін 2017 жылы шағын және орта кәсіпкерліктің  229 нысаны паспорттаудан өткізілді. Бұл бағыттағы жүргізілген тиімді жұмыстардың нәтижесінде аудан бойынша әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарында 190 бұзушылық табылып, оның ішінде 110-ы қайта қалпына келтірілді. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілетін болады.
Аудандың Ардагерлер Кеңесі үлкендерге құрметпен қарау, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтап қалу, өмірлік ұстанымдар мен тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа жеткізу бойынша тағылымды шараларды насихаттауда белсенділік танытып келеді.
Бұл мақсатта ауданда 116 ардагерлердің бастауыш ұйымы мен зейнеткерлердің бос уақыттарын тиімді өткізуіне арналған 18 шағын орталық құрылып, оның ішінде 2 шағын орталық өткен жылы пайдалануға берілген болатын.

Білім жүйесі

Астана қаласындағы 14 жоғары оқу орнында 79 мыңнан астам студент білім алуда, соның ішінде Алматы ауданы бойынша 5 жоғарғы оқу орнында 33 000 студент оқиды немесе бұл Астана қаласы бойынша жалпы студенттер санының  41% құрайды.
Астана қаласы бойынша 34 колледждің 14-і Алматы ауданында орналасқан, онда 10 000 студент оқиды немесе бұл Астана қаласы бойынша студенттердің жалпы санының  42% құрап отыр. Сонымен қатар ауданда 44 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 35 мемлекеттік және 9 жекеменшік мектеп бар, мұнда жалпы саны 61 мыңнан аса оқушы білім алуда.
Жүргізілген анықтамалық талдаулар нәтижесі көрсеткендей, ауданда орналасқан жалпы білім беретін мектептердің 12-сі жүктемемен оқытылуда. 2017 жылы осы мәселені шешу үшін № 16,22,32 және № 37 мектептерге тағы да 2 000 орындық қосымша ғимарат салынып, жалпы сыйымдылығы 1 200 орындық және 900 орындық екі жаңа мектеп (41 көше, Жұмабаев даңғылының шығыс беті мен Қалдаяқов көшесі мен Ж.Нәжімеденов көшесі) құрылысы басталды. Алдағы 4 жылда ауданда тағы осындай 15 мектеп құрылысы және 6 қосымша ғимарат салынады.
2017 жылы Алматы ауданында 11 сынып бітірушілері саны – 2 192-ге жеткен, Астана қаласы бойынша мектеп бітірушілердің 43% құрайды (қала бойынша – 4813), оның ішінде 1 780 мектеп бітіруші ҰБТ-ға қатысу мүмкіндігіне ие болды (қала бойынша – 3631).
Үстіміздегі жылы «Алтын белгі» төс белгісімен 62 түлек марапатталса, 95 түлек үздік аттестат алды. Астана қаласы бойынша 83 жалпы білім беретін ұйымдардың ішінде Ұлттық бірыңғай тес­тілеу кешенінде жоғарғы көрсет­кішпен көш бастап тұрған  №4 мектеп-гимназиясы мен 50 мектеп-лицейі.
Халықаралық олимпиадаларға аудандық мектептердің 100-ден астам оқушылары қатысты, 150 бала физика-математика пәнінен Республикалық олимпиадаға қатысқан. Жыл сайын Астана қаласындағы жоғары оқу орындарына түсу үшін талапкерлерге әлеумет­тік гранттар бөлу игі дәстүрге ай­налған. Ағымдағы жылы қала әкі­мінің елорда мектептеріне бөлген 100 әлеу­меттік грантының 44-і Алматы ауданының талапкерлеріне бұйырды.
2017 жылы ауданының барлық білім беру мекемелерінде ағымдағы жөндеу және мектеп аумақтарын абаттандыру жұмыстары ұйымдас­тырылып, күрделі жөндеу жұмыс­тары №52 мектеп-гимназиясына жүргізілді, сондай-ақ «Железнодорожный» тұрғын алабында орналасқан №29 мектепке өрт апатынан кейінгі тиісті қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Алматы ауданында мектепке дейінгі білім беретін жалпы алғанда 19 442 орындық 132 балабақша жұмыс істейді. Соның ішінде тұтастай алғанда 10 151 орындық 36 мемлекеттік балабақша, сонымен қатар, 9 291 мемлекеттік тапсырыстар орналастырылған 96 жекеменшік балабақша қызмет көрсетуде.
Бүгінгі күні 15 мыңнан астам бала балабақша кезегінде тұр (мектеп жасына дейінгі балалар санының 59%). 2017 жылы орын тапшылығын азайту үшін екі балабақша құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын.
Алдағы төрт жылда ауданда 4 мың орындық 12 балабақшаның құрылысы жоспарлануда.

Денсаулық сақтау саласы

Жыл сайын қаламызда медициналық мекемелердің саны өсіп келеді. 2017 жылы «Железнодорож­ный» тұрғын алабында 500 орын­дық Туберкулезге қарсы диспансерлік қызмет көрсететін жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны 16 млрд теңгені құрады. Диспансер заманауи диагностикалық және емдік медициналық жабдықтармен жабдықталған, компьютерлік томографиялар, клиникалық және бактерио­логиялық зертханалары бар. Диспансерде барлығы 1 000 адам жұмыс істеу мүмкіндігі бар.
Бүгінгі таңда аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсету үшін 29 медициналық мекеме жұмыс істейді (10 стационар, бір ауысымда 500 келушіге қызмет көрсететін 4 емхана, 150 төсек­орынға арналған, бір ауысымда 350 келушіге шақталған дәстүрлі және халықтық медицина орталығы, бір ауысымда 150 келушіге арналған3 отбасылық орталық, 2 отбасылық дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункті, 4 жеке медициналық орталығы).
Сапалы денсаулық сақтау қыз­меттеріне қол жеткізу мақсатында, сондай-ақ, көптеген тұр­ғындардың сұрауы бойынша «Железнодорожный» тұрғын алабында және әр ауысымда 35 келушіге қызмет көрсете алатын «Промышленный» тұрғын алабындағы жалпы тәжірибедегі дәрігерлер бөлімшесі жөндеуден өткізіліп, жаңартылып берілді.
№ 6,7 және № 11 қалалық емханалардың жүйелі жұмыстары мен емхана ұжымының кәсіби қадамының арқасында кезек мәселесі оң шешімін тапты.

Мәдениет және спорт

Бүгінде Алматы ауданында бұқаралық спортты дамыту жоспарына сәйкес 1 300 баланы спортқа баулып отырған 2 балалар-жасөспірімдер спорттық мектебі жұмыс істейді.
Өткен жылы елорда тұрғындары арасында 203 бұқаралық спорттық іс-шара өткізілді.
Атап айтқанда, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында 18 халықаралық және 4 республикалық спорттық іс-шара өткізілді (көркем гимнас­тика мен каратэ-до спорт түрі бо­йынша Азия чемпионаты, шинкиокушинкай каратэ, белбеу күрес, көкпар, тоғызқұмалақ және қазақша күрестен әлем чемпионаттары, самбодан әлем кубогі, аударыспақ спорт түрінен әлем кубогі, триатлон бойынша Азия кубогі, халықаралық турнирлер, теннис және жамбы ату спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің кубогі, «Жібек жолы – 2017» халық­аралық марафоны, екі халықаралық марафон).
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп, шаңғы әуесқойлары үшін «Қыс өрнегі – 2017» спорттық шарасы өткізілді.
Аудан саябақтарында спорттық шеберлік сабақтары, көңілді мәрелер, бұқаралық жаттығулар және спортшылардың спорттық жаттығу көрсетілімдері өтті.
Аудан аумағында орналасқан «Триатлон» саябағы қаламыздағы бірегей спорт кешені болып табылады. Жалпы аумағы 45 гектарды алып жатқан ашық аспан астындағы алаңда 7 шақырымнан астам жүгіру алаңдары және велосипед жолдары салынған. Бүгінде бұл спорттық бірегей кешен спортсүйер қауым үшін, елорда қонақтары мен салауатты өмір салтын белсенді ұстанатын азаматтар үшін сүйікті орынға айналып үлгерді.
Осы жылдың сәуір айынан бастап қыркүйек айына дейінгі кезеңде «Триатлон» саябағында триатлон, дуатлон және марафон спорттық форматтағы 17 спорттық шара өткізілді.
Ауданда спортпен шұғылданатын азаматтар үшін «Қазақстан» спорт кешені, «Алатау», «Толқын» спорт сарайлары қызмет көрсетеді.
2018 жылы екі ірі спорт нысаны құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. «Триатлон» саябағында демалыс және бос уақыттарын тиімді өткізу үшін спорттық нысандармен жабдықталған «Триатлон кешені» пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ, осы жылы абаттандырылған манежде жалпы аумағы 105-те 68 метр футбол алаңы пайдалануға беріледі және аталған кешеннің іргелес аумағына шағын футболға арналған 3 футбол алаңы орналастырылады.
Аталған спорттық құрылымдар спортпен шұғылданушылардың, соның ішінде жасөспірімдер санын арттырады.
Ауданда күн сайын рухани тәрбие ордасы болып табылатын 4 мешіт, 2 православ шіркеуі, 2 католик соборы, 1 еврей синагогасы, яғни 9 діни орталық орналасқан. Өткен жылы Евангелиялық-лютерандық шіркеу пайдалануға берілсе, 2018 жылы Ш.Құдайбердіұлы даңғылы мен Ғ.Мұстафин көшесінің қиылысында 1 500 адамға арналған жаңа мешіттің ашылуы жоспарлануда.
Мектеп жасындағы балаларға арналған, бір мезгілде 40-тан аса түрлі үйірмелер мен спорт секцияларына 4 000-нан астам баланы қабылдай алатын бірегей кешен – Оқушылар сарайы жұмыс істейді.
2017 жылы ауданда 60-тан астам ірі мәдени іс-шаралар өткізілді, оған 26 мың адам қатысты, 2016 жылы бұл көрсеткіш 34-ті ғана құраған болатын.
Ауданда Жеңіс күніне орай 1 200 соғыс ардагері мен тыл еңбеккерлерінің қатысуымен 43 қайырымдылық түскі ас ұйымдастырылды. Мерекелік азық-түлік пакеттері  1 000 адамға үлестірілді.

Қоғамдық көлік жүйесі

Астана қаласында жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын 1025 техникасы бар 9 автокөліктік компаниясы жұмыс істейді. Алматы ауданы аймағында күн сайын 55 бағыт бойынша қатынайтын 5 автобус паркі орналасқан  (№ 1, 2, 4, 7, 8 автобус парктері). Оның ішінде 4 жедел-бағыттардағы және 4 қалааралық бағыттар, 715 қоғамдық көлік бағыты, олардың 200-і өткен жылы іске қосылды.
Сондай-ақ, 2017 жылы жаңа бағытта қатынайтын 6 тасымал көлігі іске қосылды (№ 11, 47, 54, 100, 301, 316) және 25 бағыт бойынша өзгертулер жасалды, оның ішінде №73 орта мектеп орналасқан көшеден Ш.Қалдаяқов көшесіне қатынайтын № 4 бағыт ауыстырылды және № 36 бағдар индус­триалдық паркке ауыстырылды.
«Нұрлы жол» жаңа теміржол вокзалының ашылуы ауданның дамуына жаңа серпін берді. Жаңа теміржол аймағы ТМД елдері арасында теңдесі жоқ және әлемде салынған заманауи теміржол вокзалдарының бірі болып табылады. Ғимараттың ауданы 126 мың шаршы метрді құрайды, тәулігіне 35 мың жолаушыны өткізу қабілеті бар жаңа ғимараттың атқарар жүгі де, жауапкершілігі де артқан.
Талдамалық көрсеткіштер Астанадағы аталған теміржол вокзалының тәулігіне 18 мыңға дейін жолаушыны қабылдайтындығын көрсетті.
Қазіргі уақытта аталған кешенде 40 жүрдек пойызы жүреді (16-сы Тальго пойызы, 10-ы стандарттық пойыздар, 14-і қалааралық пойыз­дар).
2017 жылдың маусымынан қараша айына дейін теміржол вокзалындағы жолаушылар ағымы  2 184 318 адамды құрады.
Теміржол вокзалының ашылуы  1 300-ден астам адамды жаңа жұмыс орынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы

Азаматтардың сумен, жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етілуі – қаладағы коммуналдық қызметтердің стратегиялық бағыттарының бірі.
Осыған байланысты, жыл ішінде энергетика және коммуналдық салалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды.
Аудан аумағында 10 446 тұрғын үй орналасқан, олардың 9 308-і жеке үйлер, ал, 1 138-і көппәтерлі үйлер.
Тұрғын үй кешендерінің инженерлік жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін жалпы құны 130 млн теңгеден астам сомаға жалпы қызмет көрсету жөнiндегi қызмет көрсетушi ұйымдардың жұмысы ұйымдастырылды және келесідегідей жұмыстар жүргiзiлдi:
– 33 үйдің жылумен жабдықтау жүйесін жөндеу (30,7 млн теңге);
– 42 үйде сумен жабдықтау және кәріз желілерін жөндеу (24,3 млн теңге);
– 37 үйде электрмен жабдықтау желілерін жөндеу (15 млн теңге);
– 83 үйдің шатырын жөндеу (16,9 млн теңге);
– 167 кіреберіс пен кіреберіс аумақтарын жөндеу (40 млн теңге).
Қабылданған шаралар қыс мезгіліндегі тұрғын үйлердің тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерінің апатты жағдайға тап болмауы үшін жасалды.

Қызмет көрсетушіұйымдармен жұмыс

«Э-ПИК» мобильдік қосымшасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде, ол тұрғындарға тұрғын үй қоры мәселелері бойынша тікелей өтініш беріп, олардың орындалуын нақты уақыт режимінде бақылау­ға мүмкіндік береді. Осылайша, бүгінгі күнге дейін 205 ПИК ішінен 160 кооператив аталған қондырғыны орнату мүмкіндігіне ие болды. Бұл ауданда орналасқан 1 138 тұрғын үйдің 700-ден астамына орнатылып, ПИК жұмысының сапасы мен қызметінің ашықтығын арттырады.
Қызмет көрсету ұйымдары бейнебақылау камераларын орнату жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда ауданның 507 тұрғын үйге  2 374 камера орнатылды, ол тұрғын үйлердің қауіпсіздігін арттырады және қылмыстың болуының ықтималдығын азайтады. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда және тұрақты бақылауда болады.
Сондай-ақ, қызмет көрсетуші ұйымдар кондоминиум нысандарын рәсімдеу бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде. 2017 жылдың басында 283 тұрғын үйде кондоминиум нысандарын тіркеу қажеттілігі болса, бүгінгі таңда 263 тұрғын үйде кондоминиум нысандары тіркеуден өтті.

Абаттандыру

Абаттандыру, қоғамдық құры­лымды дамыту және аудан тұр­ғындары үшін қолайлы жағдай жасау аудан әкімі аппаратының басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Жалпы ауданда 603 аула бар, оның ішінде, 2017 жылы 150 ауланың аумағы, балалардың 116 жаңа ойын алаңы абаттандырылып, 252 орындық пен қоқыс жәшіктері орнатылды, 10.510 қ.м. көгалдандыру алаңы мен ойын алаңдарының қоршаулары салынды.
Соңғы жылдары ауданда абаттандыру саласында жұмыстар қарқынды жүргізілуде, соның ішінде спорт алаңдарының құры­лысына ерекше көңіл бөлінуде (футбол және баскетбол алаңдары). Өткен жылы абаттандыру жұмыстары 12 мекенжай бойынша жүргізілді. Бұл өз кезегінде аталған аумақ­та 3 мың тұрғынның спортпен шұғыл­дануына мүмкіндік береді.
«Өңірлік даму – 2020» бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру бойынша 22 аулада жүргізілген жұмыстарды айтпай кетпеуге болмас.
«Сарайшық» шағын ауданындағы, Ақбұлақ өзені жағалауына салынған шағын скверді,  Ш.Уалиханов көшесі, 1, Абылай хан даңғылы, 10, М.Ғабдуллин көшесі 4/1, Ж.Жирентаев көшесі 14/1, 15/1, Ш.Құдайбердіұлы даңғылы 24/1, Шалкөде көшесі 2/1, «Промышленный» тұрғын алабындағы абаттандыру жұмыстары – осының айғағы.
60 мекенжай бойынша жалпы аумағы 30 мың шаршы метр болатын ішкі аумақтық жолдарға тас төсемелер төселінді. Қосымша 291 жаңа тұрақжай орны салынды.
Өткен жылы жаңа креативті жобалар аясында шағын сәулет мүсіндері қойылған, жасыл-желек көшеттері мен гүлдер отырғызылып, жарықтандыру құрылғылары орнатылған 8 шағын сквер салынды.
Осы жылдың жоспарына абаттандырылмаған 203 ауланы кіргізу жоспарлануда. 2018 жылы абаттандырылатын аулаларды іріктеудің жаңа жолдары қарастырылатын болады. Алдағы уақытта аталған шешім комиссияның қарауымен, Астана қаласы мәслихатының және жергілікті ПИК өкілдерінің және тұрғындардың белсенді топтарының қатысуымен жүзеге асырылады.
Тұрғындардан келіп түскен өтініштер талданып, Комиссия­ның қарауына ұсынылады, мақұлданғаннан кейін абаттандыруға тиісті мекен-жайлар ауданы әкімінің ресми сайтында орналас­тырылады.

Көгалдандыру

Бүгінде Алматы ауданында ағаштар саны – 175, 186 дана, жасыл екпелер аумағы 62 089 қ.м., көшеттер саны – 10 750, жасыл өсінділер аймағы 3,3 млн шаршы метр аумақты алып жатыр.
2017 жылы 7 860 ағаш отырғызылды, Р.Қошқарбаев даңғылы, Тәуелсіздік даңғылы мен Күйші Дина көшесі 909 қ.м. болатын жасыл екпелер және 500 шаршы метр алаңға гүл отырғызылды.
Өткен жылдың күз айында экологиялық және жалпықалалық сенбілік аясында Б.Момышұлы даңғылында М-1 көпірден Қордай көшесіне дейінгі алаңын көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
2018 жылы Р.Қошқарбаев даң­ғылы, Тәуелсіздік даңғылы бойында, Сарыкөл көшесі мен Ж.Нәжімеденов көшелері бойына 15 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Соның ішінде, жалпықалалық сенбілік барысында білім және денсаулық сақтау нысандарына көшеттер таратылатын болады. Сондай-ақ, жалпы ауданы 40 мың шаршы метрден астам гүлзарлар отырғызылады.

Ағымдағы санитарлық тазалық

Ауданды ағымдағы санитарлық тазалық жағдайында ұстау жұмыс­тарын атқару үшін 90 тасымал кестесі әзірленді, 470 шақырым көше механикаландырылған жинаудан өтті, 363 көше қолмен тазаланды, 16,6 млн шаршы метр ішкі аумақтарды тазалау жұмыс­тары жүргізілді. Осы жұмыстарды орындау үшін 1 100-ден астам адам және 650-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды.
Есептік кезеңде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау полигонына 29 мың тонна қоқыс шығарылды.
2017 жылдың басында қардың қалыптан тыс 2,5 есе түсуіне қарамастан, су тасқынының алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Барлығы 2,1 млн текше метр қар шығарылып, оның ішінде 101 әлеуметтік нысан қардан тазартылды.
Су тасқыны орын алуы мүмкін делінген барлық 18 аймақ бақылауға алынды, келіп түскен өтініштер (3 мыңнан астам) уақытылы орындалды.
2018 жылы су тасқынының алдын алу жұмыстарына дайындық шаралары белсенді жүргізілді. Оңтүстік-Шығыс (сол жақта) ауданында 450 метр болатын кәріз құдығы салынды және қолданыстағы арналардың 450 метрін кеңейту және тазарту бойынша жұмыстар жүргізілді.
Алматы ауданында барлығы 63 көшеге жауын кәріз жүйесі, 22 сорғы станциясы және 3 тазарту қондырғысы орнатылды.
Сонымен қатар, қолданыстағы екеуін қайта құру және 6 ағынды суларды тазарту қондырғыларын салу жобаларын дайындау жұмыс­тары жүргізілуде.
Өз кезегінде, өткен жылы 31 көшеде 2 513 жаңбыр суларын өткізгіш торламалар тазартылды және 14 шақырым болатын арық желілері және 13 шақырымнан астам Тәуелсіздік даңғылы бойындағы, Ж.Тәшенов, Қажымұқан, А.Пушкин, Айнакөл және Амман көшелерінде жаңбыр суларын жинаушы арықтар тазартылды.

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру

«Өңірлік даму – 2020» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуына аудан әкімі аппараты үлес қосуда. Жыл сайын пәтер иелері арасында тұрғын үйлерді жаңғырту нәтижелері бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Осының арқасында, 2017 жылы 9 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары, 3 тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары және 6 лифт қондырғыларын ауыстыру жұмыстары жүргізілді (2011 жылдан 2016 жылға дейін 47 тұрғын үй жөнделіп, 21 лифт қондырғысы ауыстырылды).
2018 жылы 9 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған (Күйші Дина көшесі 42/2, Сәтпаев 7/1, 8, Егемен Қазақстан 11, Ақжол , Петров 19/1, Мүсірепов 1, Абылай хан даңғылы, 5 және М.Жұмабаев көшесі 5).
Бұған қоса, ауданда бүгінгі таңда 47 лифттің пайдалану мерзімі өткен (25 жылдан аса). Барлық пәтер тұрғындарымен жиналыс өткізіліп, «Өңірлік даму – 2020» бағдарламасы аясында аталған лифттерді ауыстыру туралы келісім жасалып, ауыстыру жұмыстары тиiстi қаржыландыру бөлiнгеннен кейiн жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, осы Бағдарлама аясында Астана қаласының Тұрғын үй басқармасымен бірлесе отырып, апатты деп танылған 32 тұрғын үйді сүру және тұрғындарды көшіру жұмыстары жүргізілуде.
Өткен жылы апатты жағдайдағы 7 үй бұзылды (Егемен Қазақстан көшесі /1, СМУ-1. 4,6,7,8, Б.Бейсекбаев көшесі, 17/6, Абай даңғылы, 85/1).
Қазіргі уақытта апатты жағдайдағы 13 үйді сүру жұмыстары жүргізілуде (Абай даңғылы 85/2, 87/3, Б.Бейсекбаев 17/3, 17/7, 17/8, Кенесары 91, 91/1, 91/2, 91/3, 91/4, Сембинов көшесі 28/1, Янушкевич 10/1, Севастопольский тұйығы 19).
Сүрілген үйлердің орнына тұрғындар үшін демалыс орындарын салу және абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды