Алматы – алпауыт қала

0 80

Мемлекет басшысы Алматы қаласы мен Алматы облысына жұмыс сапарын қорытындылап, мәлімдеме жасады.

– Алматы қаласы әкімдігі жұрт­шылықпен бірлесіп, инфрақұры­лымды жүйелі түрде жақсартуға, тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жағдай жасауға бағытталған жұмыстарды табысты атқарып жатқанын атап өткім келеді. Панфилов, Жібек жолы көшелеріне кешенді қайта жөндеу жүргізілді. Жаяу жүргіншілердің серуендеуіне арналған алаңдар жасақталды. Сондай-ақ, қаланы көгалдандыру, арық жүйесін толық жетілдіру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Қалада екі аудан – Алатау және Наурызбай аудандары құ­рылды. Бизнеспен айналысу үшін қажетті жағдайлар жасалды. Қазір мұндағы кәсіпкерлердің белсенділігі арта түсті.
Жалпы, Алматы ірі экономикалық орталық ретінде қалыптасып, еліміздің әлемдік деңгейдегі заманауи мегаполисіне айналды. Тәуелсіздік жылдарында қала экономикасы қарқынды түрде өсіп, жоғары көрсеткіштерге жетті. Маған ұсынылған мәліметтерге сәйкес, бүгінде Алматы эконо­микасының көлемі Грузияның ішкі жалпы өнімінен 2 есе, ал Қырғызстан мен Тәжікстаннан 5 еседей артық. Бұл – тек қаланың ғана емес, жалпы еліміздің табыс­ты дамуының көрсеткіші. Қазір Алматы республикалық бюджеттің доноры болып саналады. Ол рес­публика бойынша шағын және орта бизнесті дамытудың үздік көрсеткіштеріне қол жеткізіп отыр, – деді Елбасы.
Бұдан бөлек, Елбасы Алматы облысында да көп жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтті. Соның ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы озық қар­қынмен жүзеге асырылуда. Бұл, әсіресе, ауыл шаруашылығы, құры­лыс, көлік-транзит салаларында айқын байқалуда.
Соңында Мемлекет басшысы Алматы қаласы мен Алматы облы­сының өркендеуіне және одан әрі дамуына тілектестік білдірді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − five =