Алмас АЛМАТОВ, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры: АСТАНА ТҮРКІ РУХЫНЫҢ ТҮП ОРДАСЫНА АЙНАЛАР-ДҮР

0 222

Жыл сайын Астана күні мерекесін «Астана-арқау» түркі халықтарының өнер фестивалі думанға бөлейді. Түкпір-түкпірден келген түркі елінің тарландары Астананың аспанын көктүріктің әуенімен тербейді. Мәдениет мейрамында қазақтың дәстүрлі өнер мектептерінің, әсіресе, көмей жырдың көшін бастаған Сыр оғландарының орны ерекше келер-дүр. Қорқыт ауылында туған, сар даланың салқарындай сансыз жырдың шумақтарын зердесіне түйген, Еуропаның трубадорлары мен Англияның сказительдеріне, әзірбайжанның ашуктеріне, арабтың бәдәуилеріне, қырғыздың манасшыларына бәс беріп көрмеген Алмас Алматов бүгінде жыраулық өнердің жампозына айналған. Кешегінің жырауы, бүгінгінің профессоры «Астана-арқау» алдында ақтарыла әңгіме айтқан. Түркі әлеміне қатысты ой-пікірінің орайы келгенін алға тартпақпыз. Жауһар сөз жерде қалмайды, қалғаны алғы күннің еншісінде…

– Сіздіңше, жыраулық-эпикалық дәстүрді нен­дей құндылықтармен салыстыруға болады?

– Еуропалықтардың пікірінше, «қазақ даласындағы жыраулық-эпикалық дәстүр – Мысыр пирамидалары мен Вавилон башнялары сияқты, адамзат өркениетінің бізге қалдырған ең жоғарғы мәдениеті.

Қазақтың дәстүрлі өнерінің адамзат қауымы мәдениетінде өзіндік орны бар. Бұл тура­лы халықаралық деңгейдегі өнертанушылар мен ғалымдар талай жазды. Қазақтың жыр-дастандарын тыңдаған Францияның, Америка мен Англияның ғалымдары Еуро­па өзінің трубадорларынан 1,5 ғасыр бұрын айырылып қалғаны жөнінде өкінішпен ай­тады. Англияның сказительдері де солай. Өйткені, Еуропадағы авторлық музыка дәстүрлі му­зыканы барынша әлсіретті. Ғылыми-техникалық прогрестің, яғни өркениеттің бүгінгідей аса қауырт дамуынан бүтін бір ұлт немесе аймақ бастау-бұлағынан айырылып қалып отыр. Фольклор мен дәстүрлі музыка зерттеушілері соңғы кездері Еуропаның механикалық музыкадан шаршағанын айтады. 1993 жылы Франциядағы «Шатт­ле» музыкалық театры, «Си­тье де ля мюзик» театрында және сондағы «ХХІ ғасырдың музыкалық қалашығында» қазақ жырауларын 2 сағаттан 4 сағат бойына ұйып тыңдауы, сол қойылымнан кейін Гол­ландия, Италия, Швейцария, Америка, Англияның музы­катанушылары бірауыздан «сіздердің рухтарыңызбен Еуропаның трубадорларының рухы оянады» деген сөзі – қазақ жыр-дастанының шын мәнінде тек өз еліміз ғана емес, әлем мәдениетінің бір бөлшегі екенінің айқын дәлелі.

Ата-бабаларымыздың мың-миллиондаған жол жыр мұраларының әуен, саз түрінде бізге жетуі һәм жыраулық дәстүрдің ата­дан балаға мирасқорлық, мұрагерлік сипатта жетуі ұлт генофонның тарихи тектілігі мен бекзадалығын, мәрттігі мен жомарттығын, батырлығы мен сахилығын танытады. Фи­лология ғылымының докто­ры Тынысбек Қоңыратбай «Эпос және этнос» атты монографиялық еңбегінде эпикалық жырдың ел тари­хымен және дәстүрімен байланыстылығын зерделейді. Мәселен, ноғайлының жы­рын, лиро-эпостық, батырлық дастандарды, Тұрмағанбет Ізтілеу аударған Фирдоусидің «Шахнамасын» жырлау со­нау Иран-Тұран заманының тарихын тарқатумен тең. Со­лайша, Әуелбек Қоңыратбай «Фольклордың ең басты қасиетінің бірі – оның тарихшылдығы» екендігін алға тартады. Жыраудың жадындағы сан-миллиондаған жыр жолдарында ел мен жердің тарихы тұнып жатыр. Демек, жырау орындаушы ғана емес, жырау – синкреттік кәсіп иесі, тарих пен жыр өнерін ұштастырып келе жатқан рухани-ағартушы, авангардтық жетекші тұлға. Ендеше, бүгінде жыраулықты кәсіп еткен жы­раулар мен жыршы, әнші, күйшілердің алдында ұлттық рухани дамуды барынша ши­рату міндеті тұр.

– «Ертеден салса, кеш­ке озған, етектен сал­са, төске озған», таңды таңға ұрып жырлайтын «алып» сөз өнері бүгін қай деңгейде? Кеңестік қазақ ғалымдарының жолға са­лып кеткен жыраулық мектептері жоғары оқу ор­нына лайықты ұласты ма?

– Жыр, ән, күй, терме, дастан және оның орындау-шылары туралы академик Ахмет Жұбановтан бастап Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбай, Рахманқұл Бердібай сияқты ғалымдар мен музыкатанушылар зерттеп келді. Сондай-ақ жыраулық дәстүрді, жыр мұраларын сақтап, насихаттауда Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Мұхтар Әуезов мұражайының жанындағы Рахманқұл Бердібай басқарған Халық университетінің рөлі зор еді. Сол тұста жыраулық дәстүр, ақындық, күйшілік өнерге бау­лу ісі де қолға алына бастаған-ды. Бүгінде жыраулардың жоғары оқу орындарын­да кәсіби мамандық алуы­на қол жеткіздік. Халықтық өнерді жоғары оқу орнында оқыту ісіне Орталық Азия аймағы және халықаралық деңгейде қазақ дәстүрлі музыка өнерінің өкілдері бірінші болып атқардық. Жыраулық өнер мамандығы мемлекеттік стандартының авторы әрі жетекшісі болдық. Алғашқы студенттеріміз Бекболат Тілеуханов, Ер­жан Қосбармақовтар бүгінде тек әнші, термеші, орындаушы ғана емес, қоғамның әлеуметтік-мәдени даму бағытына өзіндік ой-пікір қоса алатын азаматтар бо­лып қалыптасты. Бұл жыраулардың тұңғыш рет әлеуметтік-саяси тұрғыдан танылуы еді. Олардан басқа Рамазан Стамғазиев, Ардақ Исатаева, Айгүл Қосанова, Серік Жақсығұлов, Руслан Ахметов, Майра Сәрсенбаева секілді әнші-жыраулар өсіп қалыптасты. Осы жастар ар­наулы кәсіп иесі ретінде оқып шыққанша қоғамда біздің әлеуметтік-тұлғалық орнымыз айқындалмаған еді.

Біздің негізгі мақсатымыз – студенттің жадын жаттықтыру. Төртінші курстың студенті мемлекеттік емтиханда 150-200 мың жолды жатқа айтуға тиіс. Асылында, ақыл білгенімен, ес сақтай алмауы мүмкін. Есті жетілдіру үшін жадты шынықтыру керек. Оны шынықтыратын – зерде. Демек, жырауға керектісі – зерде. Сонсоң ес пен зердені өзара қабыстыру. Зерде көрген мен білгенді, оқыған мен есте тұтқанды, тыңдағанды тоқиды. Зердені жетілдіру үшін, бүгінгі қоғамға лайық ғылыми-психологиялық, тиісті әдістемелік тәсілдер аса қажет. Бүгінгі ақпарат құралдарының адам санасына күш түсіретіндігі соншалықты, дәстүрлі жыраулық өнердің мұрагерлерінің ес пен жад­ты ұдайы шынықтырмаса, қиын-ақ. Сондықтан, ғылыми-техникалық прогресс, ақпарат тасқыны заманында жырау үшін жады мәселесі, зерде мәселесі ең өзекті жай болып тұр.

– Демек, атамұраны жеткізетін жад пен жаттампаздық. Осынау туабітті қабілет пен да­рыннан басқа тағы нендей қасиет деп білесіз?

– Атамұраны жеткізетін адамның өзі де емес, дарын мен талант та емес, оның тегі, қаны! Біздің түркі текті қанымыз мың өліп, мың тірілген қазақты түркі әлемінің түпқазығы деңгейіне жеткізді! Түркі дүниесін түгендеуді түп-қазығымен қолға алған Халықаралық Түркі академиясының құрамында түркі халықтарының музы­касы мен өнерін зерттейтін арнайы бөлім болса деген арман бар. Өйткені, түркі әлемінің өнерін түгендейтін бірден-бір кеңістік осы жерде. Халықаралық ТҮРКСОЙ-дың атқарып жатқан жұмысы ұшан-теңіз. Алдыңғы жылы Кипрде Қорқыт ата және түркі халықтарының дастан­дарына арналған үлкен сим­позиум өткізілді. Астана күні аясында музыка зерттеуші ғалымдардың конференция­сы да көкейдегі көп мәселені қозғайды. Еліміз осы бағытпен мемлекеттік һәм халықаралық деңгейге көтерсек, түркі дүниесінің тарландары мен майталмандары Астана түркі рухының ордасына бек ай­налар еді. Оны жыршылық рухпен одан әрі бекіте түсуге дайынбыз. Өйткені, әдебиеттанушы, фольклорта­нушы мамандарымыздың ай­туына қарағанда, бір қазақтың өзінде ғана «500-ден астам қисса-дастандарымыз бар». Ол – ұшан-теңіз, ұлы мұра ғой. Оның енді халыққа том-том кітап күйінде тізбектеліп қана тұрмай, мұрагер ұрпақтары арқылы халықтың құлағына жыраулар жырлайтын «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Көрұғлы» болып құйылып, рухани сұранысына айналар еді.

«Мың өліп, мың тірілген» қазақты тыңдаңызшы:

Өрлікті бермей өлісіп,
Жау бетінен шеп құрып
Қанды көбік жұтынып
Жүректе кілкіп кек тұнып
Қылша мойнын талша үзіп
Қаншама арман кетті үміт
Қазығынан айналып,
Өзіңде қалды текті жұрт….
…Еділ мен Жайық, екі өзен
Ернеуің – алтын, суың – бал
Ерлерге сая болған-дүр
Еділге шыққан шыға тал
Егеулі найза, ақ сауыт
Арғымақ еді жиған мал!
Еділ мен Жайық екі су
Теңізге құяр саясын
Алтайдан шыққан айдарлы
Түркінің алты алашын
Тұлпар мініп, Ту алған
Болаттан құйып тағасын
Алтыннан жебе жондырып
Күміспен орап жығасын
Құрыштан құйған ақ берен
Тайтұяқ жетпес бағасын
Орманды жұртты ойрандап
Өртеген ағаш қаласын!

Өзге жұрттың тұрағы ағаш қаланың ішінде болса, түркінің тұяғы алтыннан, жебесі күмістен! Болат сауы­тын тайтұяқ алтынға соқтырып жүрген міне, мәдениет! Түркілердің мәдениеті! Ал, түркілердің әлем мәдениетіне қосқан үлесін ежелгі жыраулар болмаса, кім біледі?

Әңгімелескен Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 2 =