– АЛЛО, ТАКСИ? – БIЗДЕ АВТОКРЕСЛО ЖОҚ…

0 112

1398274361_vybiraem-avtokreslo-dlya-rebenka-i-kakoe-luchshe

Таң бозы. Құс қанатының желпуіндей желге бола ауы­рып қалған шикіөкпе  сәбиімізбен қан талда­уын тапсыруға емханаға жиналдық. Бір қабат терезені солқылдата ысқырып тұрған қаңтардың желінен қаймығып, ойымыз такси шақырту еді….

– Алло, «Сапсан» ба?

– Иә.

– Кішкентай баланы емханаға апару керек еді…. Мекен-жайды ләм демей жазып алған диспетчер қыз тура 20 минут өткен кезде батылсыздау үнмен қайыра қоңырау шалды:

– Кешіріңіз, жүргізушілер «жол полициясы таңертеңнен қалпақтай қағып жатыр» дейді. Ешкім жауапкершілік алғысы келмейді. Бізде автокресло жоқ.

Күн сайын өзім лифтпен көтеріліп бара жатқан кезде жақтаудан оқып жаттап алған «Такси «Сапсан», жетесің шапшаң» деген «жергілікті ауыз әдебиетіне» тағы бір жол қосқым келіп кетті. «Кетерсің тапсаң» деп…

Одан кейін де үйреншікті екі-үш такси қызметінің телефонын бебеулеттік. Мәселен, жолаушылар тасымалында сервис жағынан көпшілік көңілінен шығатын «Эко таксидің» өзі бала туралы естігенде «Кешіріңіз, бізде қазіргі сәтте ешқандай көлік бос емес» деп сырғыта жауап беріп, сылтау та­уып кетті. Амал жоқ, онсыз да күркілдеп тұрған кішкентайымызды ызғырық желдің өтіне шығарып, жолшыбай кездескен көліктен жеткізіп салуды өтінуге тура келді.

Мәселенің мән-жайын «Эко таксидің» сату бөлімінің меңге­ру­шісі Ерден Құнанбаевтан білдік. Оның айтуынша, қазіргі таңда Астана бойынша тасымалдауда жүрген 111 көліктің аз ғана бөлігі арнайы автокресломен жабдықталған. Ал, олар көбінесе «авто бала күтуші» қызметі бойынша тұрақты тап­сырыстарды орындаудан артылмай қалады.

«Жаңа «Жол қозғалысы ереже­сінің» тағы бір қолайсыз жағы бұл жерде балалардың жас шамасын, адамдардың көзқарасын ескермегендей көрінеді. Автокреслолар пластиктен, матадан жасалады. Әртүрлі бала отырған соң, әсіресе жаздыкүні, ортақ мүлікке иіс-қоңыс сіңеді. Кейбір ата-аналар баламыз аллергия болады, инфекция жұқтырады деп пайдаланудан бас тартады. Ондай тәжірибемізде кездескен. Сол себепті, заңның автокресло немесе басқа да ұстап тұрушы құрылғылар деген жолына сүйеніп, барлық көліктерді бірте-бірте белтартпалармен жабдықтауды ұйғардық» дейді Ерден.

Мұндай сауалды қаладағы такси қызметтерінің тағы бірнешеуіне қойып көрдік. Мәселен, «Сары­арқа» таксиінің менеджері Мәриям Исмайлованың айтуынша, 50 так­­сидің 25-і автокресломен, арнайы ұстап тұрушы құрылғымен жаб­дықталып жатыр. Ал, «Эконом» таксиінің аға диспетчері Әсел Сәттібаева: «Такси паркінде 250 ав­томобиль бар. Олардың бар­лығы – жекеменшік. Сондықтан, бала­ларға арналған құрылғыларды сатып алуды көлік иелерінің өзіне қалдырдық» деп емексітті.

Әйтеуір, бір жәйт анық. Жаңа ереже көлік иелерін азды-көпті шығындануға мәжбүр етсе де, барлық такси қызметтері тариф өспейді деп сендіріп отыр.

Рас, жол қозғалысындағы қауіп­сіздікті, балалардың көлік апаты кезіндегі өлім-жітімін, ауыр жарақат алуын ойлағанда, заңдағы бұл өз­герістер өте орынды екеніне шүбә жоқ. Ол туралы кешегі берген бас­пасөз брифингінде ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха да жеріне жеткізіп айтып, ата-аналарды бала қауіпсіздігі үшін қаржы үнемдемеуге шақырды.

«50 км/сағ жылдамдықпен зырлап келе жатқан көлік кілт тоқтағанда  баланың салмағы 30 есе артады. Яғни, 10 келі тартатын баланың салмағы 300 келі болып кетеді. Сондықтан баланы бос отырғызу әлде алдыңа алып отыру қауіпті. Ал, көліктің өзіндегі белдік баланың бұғанасын сындырып жіберуі немесе мойнын қысып қалуы мүмкін. Сондықтан, автокресло әлде белі мен кеуде тұсынан қосымша шаңдитын белбеулер, бустерлер пайдалану керек» деп бір аптадан бері ала­шапқын жасап, «ел құлағын елу» қылған мәселеге біраз айқындық енгізген болатын ІІМ өкілі.

Бірақ «неге түсіндіру жұмыстары ереже күшіне енгеннен кейін бас­талды?» деген уәжімізді айтуын айтқанмен, адамгершілік шекарасына сыймайтын «Заң бұзу үшін жасалады» деген сөзге келгенде тосылып қалатынымызды қайтейік. Кім біледі, дәл осы мезетте әлі жаңа түзім ғадетіне ене қоймаған біреулерге жол полициясы қызметкерлері айыппұл салып, «заң аясында» әкімшілік хаттама толтырып жатқан шығар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six − 2 =