«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алло, «Астана ақшамы»!

0 103

Ботагөз КЕНЖЕБАЕВА, қала тұрғыны:
– Сәлеметсіздер ме, «Астана ақшамы»! Кеше №10 бағыттағы автобусқа міндім. Төлем картасын әлі сатып алмағандықтан, 180 теңгеге бір реттік билет алмақшы болдым. Бірақ кондуктор билетті арнайы аппараттан емес, өз қалтасынан шығарып берді. Билеттегі уақыт – 9:16, ал мен мінген кез – 9:35. Сәлден соң тағы бір жолаушының 180 теңгесін алды да, ол кісінің екі аялдамадан соң түсетінін естіп, билет бергісі келмеді. Осындай заң бұзушылықтары үшін кондуктор қалай жазаланады?

Бұл сұраққа «Астана LRT» мекемесінің байланыс қызметі бас менеджері Әлия Жарқымбекова жауап береді:
– Кондуктордың билетті аппараттан емес, өз қалтасынан шығарып беруі заңсыз. Өйткені ол билет бұрын түсіп кеткен жолаушынікі болуы мүмкін. Әр жолаушыға жаңа билет аппараттан шығарылып берілуі керек. Кондуктордың жолаушыға мүлде билет бермеуі де заңға қайшы. Егер тұрғындар осындай оқиғаларға куә болса, автобустың бағыты, мемлекеттік нөмірі, кондуктордың аты-жөні (жүргізуші орнының артындағы қабырғада жазулы тұрады) сияқты ақпаратты «109» нөміріне хабарлауы тиіс. Кондуктордың атына бірінші рет шағым түссе, оның мәселесі тәртіптік кеңесте қаралып, 1-2 күнге жұмыстан шеттетіледі. Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 623-бабына сәйкес, оған 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер екінші рет заң бұзса, жұмыстан шығарылады да, қаладағы 8 автопарктің бірде-бірінде қайтадан жұмыс істей алмайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды