Аллергияның әлегі көп

0 233

Жеделсөз

Бүгінде ең көп тараған аурулардың бірі — аллергия. Мамандардың айтуынша, орташа есеппен әрбір үшінші адам аллергиядан зардап шегеді екен. Аталмыш ауру туралы ҚР Президент ісі басқармасы медициналық орталығының аллерголог дәрігері Светлана ДАУТОВАҒА хабарласқан едік.  

– Аллергияны емдеу жолдарын айтып берсеңіз…
– Аллергияның түрі өте көп. Ол – қандай да бір нәрсенің ағзаға жақпай, кері әсер беруінен туындайтын кесел. Дегенмен, ол әркімде әртүрлі ыңғайда өршиді. Біреулердің денесі қышыса, екіншілерінің мұр­нынан су ағып, көзі жасаурап, қыза­рады немесе тыныс алуы ауырлап, демігеді. Ауру белгілі бір жыл маусымында күшейе түседі. Көктемде өсімдіктерден, шаң-тозаң­нан өршісе, күз мезгілінде жерге түскен жапырақтардан қозатын аллер­гия бар. Сондай-ақ, күнделікті өмір­дегі шаң-тозаң, үй жануарлары осы ауруға себепші болады. Нау­қастарға біз симптоматикалық, яғни, уақытша көмек береміз немесе АСИТ (Аллерген-спецефикалық имун­нотерапия) арқылы емдейміз. Бұл аллергияға деген сезімталдықты төмендетеді. Ал, негізінен, бұл ауруды қыста емдеген жөн. Емдеу шара­ларының барлығы медициналық меке­меде әрі аллергологтардың бақы­лауы­мен өтуі тиіс.

– Аллергия екенін білмей жүре беретін адамдар бар. Қалай анық­тауға болады?
– Аурудың әртүрлі белгілері болады. Аллергиясы бар адамдардың балалары да осы кеселге бейім келеді. Яғни, дерт тұқым қуалайды. Екінші фактор – экологиялық жағдай салдарынан жүре пайда болатын аллергия. Негізінен, адамға көз, мұрын, қолқа арқылы білінеді. Мұндай кезде адамдар дертіне өзі диагноз қойып, дәрілерді дәрігердің нұсқауынсыз алып, пайдалана береді. Бұл – дұрыс емес. Кеселдің өршіп кетуіне көбіне осы жағдай себеп болып жатады. Дер кезінде дәрігерге көрінбесе, ауру ас­қынып, демікпеге ұласуы мүмкін.

– Осы аурумен ауыратындарға қандай кеңес бересіз?
– Түрлі фаст-фудтар, қоспалар, бояғыш заттар, газды сусындар аллергияны қоздыра түседі. Керісінше, табиғи таза өнімдерді тұтыну керек. Пайдалы ботқалар, ет сияқты тағам­дарды жеу керек. Бөлмені желдетіп, ауасын жиі тазартып тұрған дұрыс.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + 13 =