ӘЛКЕЙДІҢ «ҚАЗАҚ ӘЛЕМІ»

0 467

петроглиф222

Қазақтың біртуар ғұлама ғалымы, академик Әлкей Марғұланның «Қазақ әлемі» кітабында туған ел мен жердің тарихи, мәдени, этнографиялық асыл мұралары зердеден өткізілген. Бұл – рухани әлемнің тек бір ұлтқа тән эстетикалық, әлеуметтік, тайпалық, дүниетанымдық айшықтары. Академиктің көлемді ғылыми монографиялық еңбегі «Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ескерткіштері» атты кітабында да ұлы кеңістік, евразиялық кең алқап суреттелген. Каспий теңізінен Алтай тауына дейін көсілген Қыпшақ даласы, көшпелі құбылыстың тал бесігі болатын.

«Қазақ әлемінің» алғашқы бөлімі «Бөрі тотемді петроглифтер. Шапырашты руының тотемі» деп аталынады. Өнердің шығу тегі туралы концепцияның біреуі еліктеушілікке негізделген. Әуелгі жабайы адам айналасындағы мол табиғат құбылыстарынан, жаратылыстың тылсым құпиясынан сескеніп, аң мен құсқа, жан-жануардың тіршілік ырғағына еліктеген. Адам жаратушы Құдайын іздеген, тұттай жалаңаш, балғын шағында құдайына құлшылық қылуды түйсінген. Ғылымнан дін емес, діннен ғылым шыққан қайырлы құбылыс. Адам бар жерде өнер шықты. Өнердің ең көне ескерткіштеріне ең алдымен жартасқа салынған суреттер мен тасқа қашалған сызба-нобайлар жатса керек. Әлкей Марғұлан кітабының алғашқы жолын осы мағлұматтан бастайды.

Петроглиф – ғылыми термин, археологтардың еншісіне тиген. Петро (petra) грекше тас деген сөз, glyphe – ою, ойма, бедер. Адам ежелден тасқа құмар. Көзін таспен ашқан, тас оның күнкөрісіндегі ең қажет құралы болды. Өркениеттің қат-қабат, қатпар-қатпар қойнауларында, археологиялық қазба деректерінде мол ұшырысатын айғақ бұл. Әр тастың құны мен қасиеті жеке-дара, кәдімгі қымбат бағалы тастар – көздің құрты ғана емес, қоғам жылнамасы, мәдениеті, дамуының көрінісі.

Жартасты кез келген қарақшы, олжақор қанша сұқтанса да көтеріп әкете алмайды. Оның баға жетпес осы қасиетін әуелгі суретшілер сүйіп таңдағаны шүбә тудырмайды. Петроглифтер – тасқа тіл бітіру. Сөйтіп, тас адамзат үшін көркемдік, беріктік белгісі болып көрінді. Таста тамыр жоқ, бірақ оған өнер араласса, ұзақ ғұмыр бар. Табиғи мұражай, аспан астындағы галерея. Құдайдың құдіретімен бөлшектен бүтін құралғандықтан, өлген соң сүйектері үгіліп, топырақ болып кеткен, тұқымы сақталмаған ежелгі аңдардың тірі бейнесі таста сақталған. Тас та су сияқты ақпарат сақтаушы.

Шың, құз, жартастағы суреттер, петроглифтер – үдере көшкен тұрлаусыз ғасырдың керуен көшінен, жаратылыстың үркер шоғырындай ауған аумалы-төкпелі мәңгі ағымынан, көктегі бұлттардай кезбе дәуірлер мен уақыт атты философиялық дерексіз дүниені деректі хроникаға айналдырған құдіреттің тегеурініне төтеп бере алар өнердің бір түрі. Ғалым сол суреттерден өз халқының өткенін көргісі бар, жұмбағын шешуге талпынады. Ол тек ғылыми тұрғыдан саралап көруге ғана ұмтылмайды, өз зерттеуінен орасан зор ләззат алады. Бұл сүйініш кітаптың алғашқы бетінен-ақ айқын сезілгендіктен оқырманын баурап алады.

Романтикалық дүниетанудың бастауында осы бір мәңгілік суреткерлік тұр.Сонымен ежелгі суретшілердің қазіргі техникалық замандағы суретшілерден басты айырмашылығы әрі артықшылығы сонда: олар ашық аспан астында сурет салды, ұлы табиғат – ана бесігінде тербелді. Тәңірге бұрынғылар бір табан жақын болды. Бағзы шеберлердің шеберханасы, мольберті, түрлі-түсті бояуы, қылқаламы болған жоқ. Олардың кескіндеген суреттері көбінесе флора емес, фаунаға қатысты.

Жартасқа таңба салуда гравюраны қолданды. «Гравюра» – орыс тіліне берік орнаған сөз, француз тілінен енген. Бірнеше мағынаны береді, негізгісі – графиканың бір түрі, оюлау, бедерлеу, қашау, бәдіздеу арқылы жүзеге асырылады. Ол ежелгі дәуірлерде ағаш қабығы, жақпар тас, жартас бетіне ойылған сурет.
Алғашқы қауымдық құрылыста аңшылық асырады. Жер бетіндегі тірі организмдер дамуының ең жоғары сатысына көтерілген, еңбек құралдарын жасап, оны қажетіне жарата білген адамзат қоғамы үшін тарихи және эволюциялық дамудың өзегінде аңшылық жатыр. Аңшылық пен аңдау деген екі сөздің түбірі бір, омоним. Аңдау – адамзаттың объективтік дүниені тану жүйесі, айналасындағы нақты құбылысты дөп қабылдай алу.

Көк күмбез астында, күн райының ыстық-суығында, жел-жаңбырға қалқан жоқ, ай мен күн нұрына шомылып, кеудесін шығармашылық қуат кернеген, адами биік рух шеберлендірген тұңғыш суретшілердің күшті қолымен жартас беттері қашалды. Мұның қасында үңгірдегі суреттерді көркем шеберханаға лайықтай салуға әбден болар ма еді. Авторды тебіренткен, зерттеушілік ісіне сәуле құйған, қиял-ғажайып дүниесін сөндірмейтін бір көркем қасиет – өмір оза береді, ұрпақ жалғасып ауыса береді, ал жартастағы петроглифтер ақырзаманға дейін мәңгілікке таласқандай мызғымай тұра береді.

В дальних северных туманах
Есть угрюмая скала.
На безбрежных океанах
Чудный лик свой вознесла.

Александр Блоктың «Черная дева» атты өлеңіндегі тылсым жартас бейнесін ең алғаш жабайы аң терісін жамылған суретшілер аңдай білгені күмәнсіз.

Әлкей Хақанұлы Марғұлан жартастағы суреттер қазақ халқына тән құбылыс емес, бүкіл әлеми құбылыс екенін айта келе, петроглифтер Қазақстанның күллі мекендерінде жиі ұшыраса беретініне мән береді. Олардың баршасында дерлік жануарлардың бейнесі жиі бедерленген. Аң қағу көріністері, сүт қоректі аңдарды аулау мол, ал жыртқыш аңдарды аулау тым сирек кездеседі екен.

Аю мен үңгір арыстанды аулауға ежелгі аңшылардың құлқы соқпаған, ал күштіден ығысқан. Олар, негізінен, бизон, сиырдың тағы түрі, жабайы жылқылар, аша тұяқты аңдар, құландар…

Автор желмая туралы аңыздар, мифологиялық сюжеттерге құрылған өрнектер, әсіресе, жануарлар дүниесінің көптігін ерекше атап өтеді. Зерттеушілердің көпшілігі жартастағы бейнелер сиқырлы, керемет, діни ғұрып, магиялық соқыр нанымға негізделген деп есептейді. Суреттердің ерекше маңызы болған, бұл құбылыс палеолит (сүйекті) дәуірінен орта ғасырларға шейін жалғасқан. Петроглифтер – белгілер мен нышандар, аяндар мен баталар, өмір мен өлімнің ашық кітабы, тастағы жыр, күн астындағы дархан, сұмдық жойқын күшті кітабы. Петроглифтер – бейнелеу өнерінің шығу тегі, негізі.

Әлкей Марғұлан мұның күнге табынған, пұтқа табынған, табиғат құбылыстарын баққан еркін, азат, ежелгі алыптардай күшті, беймәлім суретшілердің таңғажайып қолтаңбасы екенін даралап көрсетеді. Мұның астарында өмірді толық сезіну, экологиялық апаттардан ада мынау әппақ дүниені ұлықтау, өз көкірегіне ойды тау-тасқа көшіріп бәдіздеу, рухани кеңістікке ғарыштық қуатпен атойлай аттанған метафизикалық стихиялық құбылысты аңдату жатыр. Жартас бетіндегі тылсым таңбаларда мифология мен живопись біртұтас құйылады.

Дәл осы құбылыс жарық дүниеге жаңа туған әрбір жас нәрестенің бойында бар. Адамзат қанында бар қасиет: кез келген сәби бейсана түрде әлгі ежелгі ата-бабасы жартас бетіне салған бейнелерден аумайтын сурет сала береді және сала бермек. Жас баланың беймағлұм шимайларынан сонау асыл мұраның нобайы түзіліп тұратындай байқалады, адам баласының жұмыр басы көктегі күндей дөп-дөңгелек, көздері жұлдыздай, аяқтары өзен жағасына өскен сәмбі талдың бұтағы сияқты, сәби көкірегінде көк пен жер атрибуттары тегіс. Петроглифтердің маңызы өркениеттің шаһары әлі алыс, бірақ қозғалыс, әлемдік баян, ұлы әдебиет сол жартасқа түскен құландар мен турлардың, аңшылар мен бақсылардың бейнесінен басталса керек.

Сол себептен бе, Әлкей Марғұланның аты-жөні белгісіз көне дүние суретшілеріне құрметі мен тағзымы ерекше. Өнердің бір киелі қасиеті – иесі жоғалса да мазмұны мен мәнін, философиялық құнарын ешқашан жоғалтпайтындығы. Академик Марғұлан есімі белгісіз ежелгі суреткерлердің тау жыныстарының ерекшеліктерін өте жақсы білгенін мәлімдей келе, ғылыми тұжырым жасайды. Гравюра салынған материалдар мәрмәр тас (гранит), тақтас тас, құмдақ, диорит, жылтырақ филлит тәрізді тау жыныстары екен. Және салу әдісі үш түрлі: таңбалы, яғни, нүктелерді қуалай соғып істеу, сызып алу, жартастағы кескіндеме. Әлкей Марғұлан XX ғ. 40 жылдарынан бастап археологиялық зерттеу жұмыстарының осы саласын меңгерген. Қазақстанның күллі аймағынан дерлік табылған жартастағы бейнелерді ол ұлы қазынаға балайды, оның сюжеттік құндылығының теңдесі жоқ. Күнге табынушылық салты, бақсылық, құрбандық шалу, аңшылық, аң аулау сәті, астральды мифтер, жезтырнақ, т.б. бейне тастан табылады. Сондай-ақ, көне грек мифтерінен әлемге әйгілі кентавр бейнесі ең алғаш түркілерден шыққанын дәлелдейтін бір жайтты Әлкей Марғұлан келтірген. Орталық Қазақстаннан табылған дөңгелек медальонның бір жақ бетінде көк бөрі, екінші бетінде адам-жылқы кентаврдың садақ тартқан мүсіні бейнеленген.Бұл көне қыпшақтардың VI-IX ғасырлардағы қолтаңбасы көрінеді. «Оғызнамада» бөрі – жол бастаушы, бөріні түркілер кие санайды. Жазушы Марат Қабанбаевтың «Кентавр» атты роман жазып, ерен поэтикалық образға құмартқаны аян. Кентавр – далалық стихия, қанда бар нәрсе құрымайды, рухымен баурайды. Ежелгі орыс аңыздарында құдайы көршісі далалықтардан қарызға алынған Китоврас (гректің «Кентавр» сөзінің бұрмаланған түрі) және Полкан есімді батыр кентаврлар бар.

Жаңа дүние тарихы еуразиялық салтаттылардың батысқа жорығы, доңғалақты ат-арба қолданысқа енуі, атқа темірден ауыздық салынып, үзеңгі тағылуынан басталған деп мәлімдейді ғылым. Түркілік дүниетанымда сол қозғалыс, сол белгі жартас арқылы мәңгіге қалған.

Әлкей Марғұланның «Қазақ әлемі» атты кітабының ерекше құнды тұсы – топонимикалық атаулар. Жер-су аттарының бүтін бір жүйесі, ұлттық дүниетаным сипаты, өзіндік төл сөздердің тұтас бір қоры болғандықтан, бір асыл қазына тәрізді: Ұлытау, Қаратау, Хантау, Бетпақдала, Бұланды, Білеулі, Сарысу, Баян­ауыл, Қарқаралы, Балқаш, Шыңғыстау, Алтай, Тарбағатай, Маңғышлақ.

Біздің байтақ жеріміз – елдік қазынамыз, ата-бабадан қалған тіршілік ортамыз. Автор рухани құндылықтарды ұлықтайды. Әсіресе, қола дәуірінің жартастағы бейнелері көбірек таралған. Құз-жартасқа өрнек салу көркемдік көкжиегі есте жоқ ескі замандар салтанатын көзге елестетеді, ал ұрпақ үшін мұның орасан зор маңызы бар. Ғұлама ғалым жартастағы көркем бейнелердің маңызы адам өзін табиғатпен біртұтас сезінуінде жатыр деп тұжырымдайды. Бұл – ойлаудың тотемдік стилі, архитип. Әуелгісі мифтік сана, эпос кейінірек туды. Сондықтан, адамзат эпоста өзін табиғаттан бөле жарып алады.

Тайпалық өмірдегі ең басты атрибуттарды тарихтың кейінгі кезеңдерінде де ежелгі бабалар бейнелей білген. Ұлы жүз шапырашты руының тотемі – көк бөрі. «Тотем» сөзі оджибве тілінде «оның руы» деген ұғым. Адамның шығу тегінде зооантропоморфтық тотемнің елеулі рөлі бар. Мұны көптеген халықтардың нанымдары айғақтайды. Қырғыздардың Бұғы-Ана, Мүйізді ене дегені бұғы тотемі. Көк бөрі монғол-түркі халықтарында ғана кездеспейді. Этногенетикалық миф Рим қаласының негізін салған Ромул мен Рем атты ағайынды екі жігітті сүтімен асырап сақтаған қасқыр ана туралы мифінен табылады.
Түркі қағанаты туларында көк бөрі болған, оған байланысты наным қазақтар арасында сақталған. Ғалым тарихи еңбектерден кездесетін деректерді өз жинағында келтіріп отырады. Ғұндар заманындағы найзалы атты жауынгерлер туларында көк бөрі басы бедерленген. Тотемге байланысты мәліметтерді автор ақындардың әйгілі өлең-жырларымен көркейтіп, зорайтып, сүйіп жазған. Жусан мен қымыздық исі аңқыған ұшы-қиыры көрінбейтін, шауып келе жатқан салтатты алыстан бұлдырап кентавр болып елес беретін даңғайыр кең даламыздағы сармат-скиф-сақ қорғандары әлемдік археология үшін теңдесі жоқ құндылықтар қатарына жатады. Мұның тарихи маңызы мен романтикасын әйгілі түркітанушы ғалым Л.Н.Гумилевтен бас­тап «Жартастағы өрнектер», «Қазақстанның палеолит дәуірінің геохронологиясы» атты зерттеу кітаптарын жазған Алан Медоевке дейін лайықты бағалаған еді. Әлкей Марғұлан осы бір сирек, соны тақырыпты нақты, қысқа түйіндей келе ежелгі адамзаттың өзін аңға туыс тартуы әрі хайуанаттардың белгілі бір түрін кие деп санауы табиғаттан бөлінбей, біртұтас жаратылуынан дейді. Мұндай көзқарас негізінде шынайы гуманизм мен асқан күшті рухани сүйіспеншілік жатыр. Таңбалы тастарды мұраға қалдырған тотемдік сананың адамдары сол бір анайы қалпында-ақ қазіргі техногендік заман адамдарынан гөрі тәңіршілдікке қозыкөш жер тақау тұрғаны күмәнсіз.

Жинақтың екінші тарауы – «Бетпақдала шөлі арқылы өткен ежелгі керуен жолдары» деп аталады.

Біздің ұлттың дүниетанымында жол – бақытқа парапар ұғым. Бақ пен жол функциясы ұқсас, түптеп келсе, тіршіліктің өзі – қозғалыс.

«Іркіт шапқан бай», «Барар жерің Балқан тау, ол да біздің барған тау», «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған», «Ұлын Ұрымға, қызын Қырымға» деген нақыл сөздер жиһанкездік әуелден қазақ қанына сіңгенін, талай айшылық алыс жерлерді ата-бабасының табаны басқанын ұлықтап, ұлағаттап кеткенін білдіреді. Бұл тараудың басты бір ерекшелігі – топонимдік атаулар тым жиі ұшырасады. Әлкей Хақанұлының бұл жазбаларын өте мұқият жасалған жол сапар картасы, яғни, картографиялық мәліметтер қоры деуге әбден болады. Көне Троя қазбаларын археолог Шлиман Гомердің эпосында суреттелген маршрут арқылы іздеп тапқан. Дәл осы Бетпақдала картасына сүйеніп, ертедегі керуен жолдарын қайта жаңғыртып жүріп өтуге мүмкіндік бар. Аса дөп, нақты, тиянақты түрде жер-су аттарын тегіс жазып отырған ғалымның еңбегінен сол дәуірдің бет-бедері көз алдыңызда ойнап шығады. Өзге халықты кім білсін, ал жер аттарын қоюға келгенде жер жүзінде қазаққа жетер зерек халық жоқтың қасы.

Кітаптағы жер аттары мен ертегі қабысып, біте қайнасып, бір қауыздан жарылып, бір арнада тоғысып, құлаққа жырдай әуезді шалынады. Күнбатыс пен күншығысты жалғаған ұлы Жібек жолының сөзбен салынған картасы бұл. Маң далада шөккен түйелердей артта қалған жүзжылдықтарда бұл жолдармен сансыз керуендер өткен. Соның ішінде Қарқаралы жолы – Бетпақдаланы қиып өтетін ең ұзақ жол, Сарыарқа мен Ертіс аңғарын оңтүстіктегі кенттермен, Жетісу өлкесімен жалғаған жалғыз күретамыр іспетті. Мұның ең кереметі тақыр, шөлді ұлы далада адаспай, тура бағдар таба алған көрегендік пен зердеде, ептілікте жатыр. Өйткені, әрбір 25-30 шақырым сайын жер астындағы сулардың көзі табылып отырған. Бетпақ аталса да, қазақ халқын жоңғар басқыншылығы үдеген «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада» сақтап қалып отырған.

Сонымен қатар, автордың назарынан тайпалық жер сызығы қалыс қалмай, айқын сызылады. Бұл – атақоныс, көшпелілік шамшырағы.

Қазақи жер-су атаулары Сорбұлақ сортаңы мен Жиделі құдық шатқалы дегенде ғұлама ғалымның фольклорды терең білген жадынан, жазу стилінен ертегілік сарын таңғы самалдай есіп қоя береді. «Сорқұдықтың басына сорға бола қонды әкем» деп зарлаған жыр үзігі оралып, қазақ санасына сүтпен сіңген әлем қалқып шығады. Сөйтіп, шөл кезген ғұлама, Әлкей аға «Ертөстіктегі» жоғалған 8 ағасын іздеген кенже ұл тәрізді рухани жоқшы, жол бастаушыға айналады, тұлғасы зорайып өседі.

Жиделі атауы Алпамысты, эпос қуатын еске салары анық. Топонимдерден Затаевичтің «Қазақ даласы ән салып тұрғандай» деген поэтикалық символикасын табар едік. Қазақтың ақындық қасиеті әр атаудан көрінеді. Жер мен көктегі бедер-белгіні жырдай көріп, өлең аңқыған әсем бейнеге айналдырып жібере алар сөзінің құдіретінде. Құланөтпес – өзен атауы. Барсакелмес аралы – тұнған мистика, болымсыз етістіктен зат есімді балқытып құйып шығарған қазақтың мифтік, эпостық соны жады.

Әлкей Марғұлан қаламы осының бәрін қағыс қалдырмай баяндайды, Қыдыр баба, Қорқыт баба, Асан Қайғыдай, шежірешіл шалдай күй кешеді, қызғыштай қориды. Жолай жұлдыздар арқылы, Жетіқарақшыны мегзеп, шөл дала үшін көздің қарашығындай құдықтар мен бастау-бұлақтар арқылы жүріп өткен сан керуен Құмтөбелер, шұңқырлардан асып, жазыққа құлайды, жер шұрайы Жетісуға табан тірейді. Сонымен автор қазақ даласын көктей өткен керуен жолдарын суреттеген қысқаша шолуы географиялық құндылық болып табылады. Онда қазақ тарихына, өлкетануға қатысты біраз деректер де бар. Осы тектес мұқият картография Қаныш Сәтпаев сынды әлемдік дәрежедегі ұлы ғалымның кен-зерттеу ғылымында да болғанын айтпай-ақ білеміз.

Әлкей Марғұлан жазбаларының тілі жеңіл, тұманды, бұлдыр ештеңесі жоқ. Сонымен қатар, ғалым этнографиялық салт-дәстүрге байланыс­ты көп жайттарға ерекше үңіледі. Мысалы, көшпелі қазақтарға тән жол жүру ережесінің бірі үдере көшу деп аталады екен. Бұл евразиялық қоңыржай ендіктегі мол даланың ауа райына, табиғат сырлары мен күннің ыстық-суығына сай ең ұтымды жақтарын есепке алып барып істейді. Қиямет шөлді аман-есен кесіп өту – теңдессіз ерлік. Өзін ең таңдаулы халықпыз деп жаһанға жар салған жебірейлер Мысырдан, перғауын құлдығынан қашқанда шөлден шыға алмай қырық жыл адасып жүрді деп әпсана жасауы бекер емес.

Ғалымның айтуынша, Бетпақдаланың ең ауыр жері Шолақкеспеден Кендірлікке дейін маршрут екен. Сарысу сағасынан Балқаш көліне дейін 75 мың шақырымды орайтын зор кеңістік неге «бетпақ» аталған? Көктемде арнасы суға толып, жазда құрғап қалатын өзендері мен тұзды көлдерді бар, жазы құрғақ. Оның ойлы-қырлы, адырлы тұстарында жердің жарығынан шығып жатқан бұлақтары көп емес пе еді?! Қазақтың жады көркемдігіне тіл жетпейді, Мырзашөл деген оксюморон атау өзге қай халықтың лексикасынан кездесе қояр дейсіз.

Бұл бөлімде автор тарихи деректерден ғөрі, этнография, менталитетке лайық ұғымдарды ерекше ден қоя суреттеуі күшті.

Үшінші бөлім – «Қазақстанның эпиграфиялық ескерткіштерінің маңызы туралы» деп аталады. Сырдария өзенінің көне атауы «Ұлық ене» екен. Қазақ руларының ертеде егіншілікті тәп-тәуір игергені нақты көрсетіледі. Бұл өлкеде жер суғаратын каналдар болғаны туралы автор батыл мәлімдеп, ежелгі қазақ тек мал шаруашылығымен айналысқан деген евроцентристік көзқарасты бұзады.

Ал көне ескерткіштегі құлпытастардағы жазулар орхон жазуларымен қашалған. Аңыздар, жазбаша, ауызша жеткен мәтіннен бөлек қазақтардың ежелгі тарихын қабір басындағы жазулар арқылы қалпына келтіруге болады деп мәлімдейді автор. Мұнда қазаққа тән әруақ культі мен жеті атасын санау ғұрпы бар.

Моласы жас шоқының қорымында,
Бел асар жүргіншінің жолы мұнда.
Көк тасқа басындағы айшықталған,
Жетпейтін сөз жазылған жолы онға.

Бейімбет Майлин прозасында осылай жазды. Ескерткіштер «құлпытас», «көктас» аталған. Жарасқан Әбдірашев жыр жинағын «Құлпытас» атады. Бұл бөлімде қазақ ұлты Қазан төңкерісіне дейін хат танымаған, сауатсыз күн кешкен тәрізді үстем, кемсітушілік көзқарастарды Әлкей Марғұлан жоққа шығарады. Ол көзімен көрген 800-ге тарта ескі қолжазбаның ең көнесі XVI ғасырда туған, ал құлпытастарда өлген адамның қысқаша өмірбаяны, жеті атасы, рулық таңбасы болады. Мұндағы топонимика да мән берерлік. Жер тарихы – ел тарихы. Жоңғарлармен соғыс көрінісі – Найманқашқан атты тау сілемі. Еңірекей (еңіреп жылаған жер) – 12-13 ғасырлардағы монғол шапқыншылығының белгісі. Сарысу жағасындағы Тамғалы тас деген жер – қазақ этносының біріккен, топтасқан жері. Эпиграфиялық ескерткіштердің мәні зор. Ол империялық пиғылдардан қорғайды. Ол халқымыздың мәдени асыл мұрасы. Оның астарында ғаламат бір тұспал мен құдірет-күш тұнып жатыр.

Ә.Марғұлан жинағының соңғы екі тарауы – «Қаңлы тайпасының шығу тегі», «Қазақтың киіз үйі және оның жабдық-жасаулары». Автор «қаңлы» сөзінің төркіні «арба» деген сөз дейді.

Ежелгі петроглифтерден табылған доңғалақты арба көшіп-қонуға, жорыққа арналған. Варварлар атанған ғұндар күшейгені жорыққа бейім ат-арбасынан екені мәлім. Автор ру атына байланысты мақалдар арқылы қаңлы-үйсін тайпаларының маңыз, қасиетін түйіндейді. Ол көшпелі тайпалардың өткенін, елдігін академиктер Бартольд, Йакинф, Бронников, Голубовский, профессор Толстов сияқты оқымыстылар зерттегенін тегін келтірмейді. Оны өзгелер мойындаған артықшылықтар мен мәдениетті ұлықтап келтіргені анық. Ал киіз үйге байланысты этнографиялық мағлұматтар 1970-1990 жылдары талай белгілі этнограф жазушылардың сүйікті тақырыбына негіз ғана емес, түрткі болған дүние екенін айтпаса да болар еді.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, 
жазушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × five =