Әлияның «ән гәккуі»

0 136

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Қазақстан» орталық концерт залында жас әнші Әлия Әбікен «Ән гәккуі» атты мерекелік концертін өткізеді. Қазақ эстрадасында халық әндерін нақышына келтіріп орындайтын оның ре­пертуарындағы туындылардың көбі сөзі мен әуені үйлесім тапқан халық әндері. Шығармашылық тал­ғамы жоғары әншінің мерекелік бағдарламасы жай­лы осы концертті ұйымдастырушы, Қазақстанның Ең­бек сіңірген әртісі Майра Ілиясовамен әңгімелескен едік.

– Майра апай, Әлияның кон­цертін ұйымдастырып жүр­ген өнердегі жанашыр әп­кесі боласыз. Астана төрін­­де өтетін концертке дайын­дық­­тарыңыз қалай?
– Бүгінде дайындық жұ­мыс­тары жүріп жатыр. Қала әкім­­дігінің қолдауымен 22 нау­рыз күні елордалықтарға қа­зақтың тамаша дәстүрлі ән­дерінен ша­шу шашып, мере­келік бағ­дар­ламамызды ұсы­намыз. Талғамы биік, тыңдар­маны көп ән­шінің елорда төрінде Нау­рыз тойы қар­са­ңында өнер көр­сетуі – қазақ­тың әніне беріл­ген үлкен баға деп білемін.

– Бүгінгі қазақ эстрадасында халық әндерін әдемі орын­дай­тын әншілер саусақпен санар­лық. Бұл ретте Әлияның шы­ғар­ма­шылығы туралы не айтасыз?
– Әлияның өнерін алғаш Мақпал Жүнісованың есеп беру кешінде көрдім. Оның бойын­дағы қазақ қызына тән қасиеттері, сахнада өзін-өзі ұстауы, ешкімге ұқсамайтын сах­налық киім үлгісі маған қат­ты ұнады. Талантты әнші­ге Мақпал Жүнісова қолдау көрсеткен. Одан кейін өзімнің «Жан анам», «Сағындырған әндер-ай» жобаларыма қатыс­тырдым. «Қасымда болып, ма­ған көмектессеңіз» деп қол­қа салған соң, Әлиямен бірге ел аралап, шығармашылық кеш­терін өткізіп жатырмыз. Халық өз бағасын берді.

Аста­нада өтетін кеште ән­ші «Бүл­дірген», «Есіл дүние-ай», «Бұлбұлым» «Алақан­нан ұш­­қан аққуым» сынды ха­лықтық туындылармен қа­тар «Өкі­ніш там­шы­лары», «Өмір­ге сауал» сын­­ды фи­ло­со­фия­лық мағы­насы терең ән­де­рін орындайды. Екі са­ғатқа со­зы­ла­тын әде­мі кеш­­те халық әнде­рі ғана шыр­қа­лады.

– Кеш қонақтары кімдер?
– Концертте өзім ән саламын. Дәстүрлі әнші Ләззат Жо­ламанова, «Сазген» ан­самблі, сонымен қатар Мейрамбек Бесбаевтың «Тарту» тобы өнер көрсетеді. Одан бөлек әжелеріміз, сарбаздарымыз және мың бұралған бишілеріміз де бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира Аймағанбет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − nine =