«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлішер Мұхамедов: Саусақ іздерін тіркеу қылмысты жедел ашады

0 246

Бүгінде Бас прокуратураның есебінде хабар-ошарсыз кеткен 2390 адам іздестірілуде. Зорлық-зомбылық белгілері жоқ 276 танылмаған мәйіт бар екен. Егер елімізде «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң қабылданатын болса, әр адамның жеке басын анықтауда көптеген кедергілер жойылар еді. Сонымен, 2018 жылы қабылданады деген заң енді қашан қабылданады? Заң негізінде жұмыс істеуге қаншалықты дайынбыз? ІІМ Жедел-криминалистикалық департаменті Криминалистикалық зерттеу­лер мен есептер басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Әлішер Мұхамедовпен осы мәселе жөнінде сұхбаттасқан едік.

 

– Әлішер Шухратұлы, елімізде түрлі апат салдарынан қаза болған адам­дардың кім екенін анықтау мүмкін болмай жататын жағдайлар кездеседі. Ал жыл сайын қан­­шама адам із-түзсіз жо­ғалады. Осы ретте адам­­ның жеке басын анық­тауда аталған заңның ерек­шелігі қандай?
– Өзіңіз айтып отырғандай, аталған заңның ерекшелігі – адамның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретіндігінде. Екін­шіден, адамның биометриялық деректерін: дактилоскопиялық ақпарат ретінде оның саусақтарының және алақандарының па­пиллярлық бе­­­дерлері құрылымының ерек­шелігін, сондай-ақ ге­номдық ақпарат ретінде дезоксирибонуклеин қышқылының белгілі бір фрагменттерін пайдалана отырып, адамның жеке басын анықтайды. – Дактилоскопиялық тіркеуге алу қалай жүргізіледі?
– Тіркеу кезінде дактилоскопиялау электрондық сканердің көмегімен жүзеге асырылатын болады. Ерекше жағдайларда, мәселен буындардың деформациясы кезінде дактилоскопиялаудың бояу әдісі қолданылады.
Ел азаматтарын дактилоскопиялық тіркеу алдымен Қазақстан Республикасы азаматының паспортын немесе жеке куәлігін алу, сондай-ақ оны қалпына келтіру және ауыстыру жағ­дайларында кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болды.
Шетелдіктер мен аза­мат­тығы жоқ адамдарды дактилоскопиялық тіркеу оларды құжаттандыру, тіркеу виза беру кезінде жүргізіледі.
Бірден айта кетер жайт, заңды дайындау барысында халықаралық тәжірибелер ескерілді. Еліміздің азаматтарын дактилоскопиялық тіркеу «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация­сында, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін көші-қон полиция­сының аумақтық және аудандық бөлімдерінде жүзеге асырылады. Заң 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгі­зілетін болды.
– Жалпы, елімізде дактилоскопиялық база бар ма?
– Еліміздің қолданыс­та­ғы заңнамасында арнайы және криминалис­тикалық есептер түрінде дактилоскопиялық есепке алуды енгізу көзделген. Мәселен, «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» заң ұсталғандарды, күзетпен ұсталатын және сотталған адамдарды арнайы дактилоскопиялық есепке алуды көздейді. Ал «Қазақстан Рес­публикасының ішкі істер органдары туралы» заңға сәйкес ішкі істер органдары криминалис­тикалық есепке қою үшін күдіктілерді, айып­талушыларды, қылмыс­тық-атқару жүйесі меке­мелерінде жазасын өтеп жатқан адамдарды, ішкі істер органдарының арнаулы мекемелерінде ұсталатындарды, профи­лактикалық есепке қо­йылғандарды дакти­лос­ко­пия­лауға және био­ло­­­гиялық үлгілерін алу­ға құқылы.
Ал «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заңның бірегейлігі сол, осы заң еліміздің барлық азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, танылмаған мәйіттерді дактилоскопия­лық немесе геномдық ақ­параттың негізінде олардың жеке басын жедел түрде анықтауды және растау­ды қамтиды.

Сұхбаттасқан
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды