«Әліппені» қайта енгізу қажет пе?

0 149

Ана тілі – ұлттың жан-дүниесінің айнасы. Адам баласы ана тілін білу арқылы ұлтының болмысын терең түсінеді, ал өзге тілдерді білу арқылы дүниетанымын кеңейтеді. Ана тіліміз – ұлттық тәрбиенің күре тамыры. Сондықтан да тарих төрінен орын алған, өткен ғасырларда өмір сүрген зиялылар ана тіліне, ұлт тарихы мен әдебиетіне ерекше ден қойған.
Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаған, әліпби реформасы арқылы қазақтың ұлттық жазуын қалыптастырған ғұлама ғалым, ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының ана тілін оқыту мәселелері төңірегіндегі идеялары өзекті.

1859-1909 жылдар аралығында Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық мектептерде, екі кластық училищелерде ұстаздық қызмет еткен А.Байтұрсынұлы қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына, оқу-ағарту ісін дамытуға аянбай еңбек етеді. Балалардың сауатын қазақ тілінде ашатын ұлттық жазудың маңыздылығына, ұлт мектептеріндегі білім беру ісі, оқулық мәселесіне ерекше назар аударған.
Ұлт ұстазы баланың жас ерекшелігіне, ой-өрісіне, қабылдауына сәйкес «Әліппе» оқулығын жазуды мақсат етеді. А.Байтұрсынұлы «Әліппе» оқулығын жазуда әріптердің дұрыс қолданылу мазмұнына, қазақ тілінде түсінікті сөйлеуге үйретуге аса назар аударды. Бұл мәселе қазіргі таңда да тым өзекті болып отыр. Тілдердің бәсекеге түскен заманында баланың ойлау өрісі мен қиялына орайластыра жазылатын ұлт тіліндегі кітаптың маңызы зор. Ал А.Байтұрсынұлының «Әліппе» оқулығы өз заманында ғылыми деңгейде жоғары бағаланды. Қазіргі таңда да ғылыми маңыздылығы жоғары.
1912 жылы «Айқап» журналында жарияланған «Жазу тәртібі» деген мақаласында А.Байтұрсынұлы араб жазуындағы дауыссыз дыбыстардың бірнеше таңба болатындығына тоқтала келіп, жуан және жіңішкеге бөлінетіндігін айтады. Ал «Әліппе» оқулығындағы әріптерде: «Қазақ тілінде 24 дыбыс бар. Оның 5-еуі – дауысты, 17-сі – дауыссыз, 2-еуі – жарты дауысты» деп тұжырымдайды. Ұлт ұстазының қазақ алфавитін жасаудағы идеясы қазақ тіліндегі дыбыстарды жуан, жіңішкелігіне қарай бөліп, әрбір дауысты дыбысқа таңба енгізді. Бұл алфавит 1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының бірінші съезінде талқыланып қабылданған еді.
Осы съезде латын әліпбиіне көшу туралы да сөз қозғалады. Латын әрпіне көшудің маңызы туралы Н.Төреқұлұлы баяндама жасайды. Баяндамада баспахана ісінде латын әрпіне ыңғайлылығы айтылады.
Ұлттың келешегі үшін латын әліпбиін қабылдау қажеттігін баян­даған Нәзір Төреқұлұлы болды. «Жаңа әліпби неге керек?» еңбегінде ол араб тарихын зерттеуші Джирджи Зейданның зерттеулерін айта келіп, араб жазуы ислам дінінің пайда болуынан бір ғасыр бұрын шыққандығына тоқталады. Сондай-ақ түрлі әліпбилердің тарихын зерделей келе «Бізге қандай әліпби керек?» деген зерттеуінде: «Латын әліпбиінің майданы кең. Мұнымен кеңірек майданға шығамыз» деп латын әліпбиіне көшудің тиімділігін айтады.
Бұл съезде А.Байтұрсынұлы: «…Жақсы әліпби болу үшін, біріншіден, тілге шақ болу керек, өлшенбей тігілген киім ұқсап олпы-солпы болып басы артық әріптері көп әліпби қолайсыз, екіншіден, жазуға жеңіл болу керек, әрі сүгіреттері көп болса жазуды қиындатады, үшіншіден, баспа ісіне қолайлы болу керек, төртіншіден, жақсы әліпби оқушыға үйренуге қолайлы болу керек. Міне, осы төрт қасиет негізге алып жақсы әліпби түзуге керек» деп баяндайды. Бұл оқу құралы қазіргі заманғы оқулықтарға ұқсас суреттермен берілген кітап болды. Жаңа әліппе кітабы Қы­зыл­орда, Ташкент қалаларындағы баспалардан шыққан. «Әліппе» оқулығының құндылығы: «Қазақ тілінде басылған кітаптардың көрсеткішінде» (Қызылорда, 1926 ж.) «Жаңа құрал. Қазақ тұрмысына үйлесімді сүгіреттері бар. Емлесі жаңа. Қазақстан білім ордасы мектептерде қолдануға ұйғарған. «Әліпби» мазмұны қазақ жағда­йына қарай, Мемлекет Білім Кеңесінің жаңа программасына үйлесімді болып шыққан. Әңгімелері балалар үшін қызық, жеңіл, заманға лайық. «Әліпби» көңілдегідей болып шыққан» (Білім кеңесі)» деп атап көрсетілді.
А.Байтұрсынұлы 1928 жылы Қызылордада басылып шыққан «Әліббій» оқулығы мынадай «Балаларға тарту» өлең жолдарымен басталады:
Балалар, бұл жол басы
даналыққа,
Келіңдер, түсіб, байқаб
қаралық та!
Бұл жолмен бара жатқан
өзіңдей көб,
Соларды көре тұра
қалалық ба?
Даналық – өшпес жарық,
кетбес байлық.
Жүріңдер! Іздеб тауып
алалық та!
А.Байтұрсынұлы тұңғыш «Әліппе» оқулығы халық арасында кеңінен қолдау тауып, оқыту әдіс­тері балалардың оқуды, жазуды, сөйлеуді тез үйренуіне әсер етті. Әріптерді үйрету әдістері екі сөзден құралған жаттығулар арқылы жаңылтпаштар, сөздерден сөйлем құрастыруға бағытталған. А.Байтұрсынұлы қазақ тілінде дыбыс пен әріпті оқыту дидактикасын жасап шығарды.
1929-1939 жылдары аралығында белгілі ғалымдар В.Асмус, Б.Гранде, Т.Левитт, Е.Поливанов, К.Державин және т. б. басшылығымен Мәскеуде басылып шыққан әртүрлі ұлттардың тілдері мен әдебиетіне, олардың көрнекті өкілдеріне арналған он бір томдық сирек кездесетін ғылыми құндылығы жоғары библиографиялық көрсеткіш «Әдебиет энциклопедиясында» А.Байтұрсынұлын биіктен бағалаған еді. Аталған энциклопедияда: «А.Байтұрсынұлы – аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогі. Ол – қазақ емлесінің реформаторы, грамматиканың және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы» деп жазылған.
Жаңа қазақ алфавиті ХХ ғасыр­дың зиялы қауымы арасында кеңінен қолданылған. «Қазақ» газеті беттеріндегі мақалалар жаңа алфавит бойынша басылып шықты. Ұлт ұстазы қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкес алфавитті жазуда араб жазуында жоқ әріптерді жаңадан жасаған.
А.Байтұрсынұлы қазақ балаларына арнап жазған оқу құралының мәтіндері қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігіне қатысты шағын әңгімелерден құралды. Оқу құралының мәтіндеріндегі Қожанасыр, Алдар көсе әңгімелері, аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер, ақын-жыраулар шығармалары, А.Құнанбайұлының өлеңдері, Ы.Алтынсариннің әңгімелері, орыс ақындарының аудармаларын қолдану арқылы оқу-білімге, адамгершілікке тәрбиелеуге, балаларды дамытуға арнады. Ұлттық тәрбиенің қайнар көзі халық ауыз әдебиетінен тамырын тартады.
Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлы: «Кемшілік болмас үшін әр ұлтты өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын таныту…» қажеттігін ғылыми тұрғыда дәлелдеп, ана тілінде оқыған адамның ұлт игілігіне тигізер пайдасын айтты.
А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегі, әліпби реформасы, оқыту әдісі халықты ұлттық биіктетуге ықпал етті. «Әліпби» реформасы арқылы ана тілінде оқытудың тиімді методологиясын дәйектеді. Ана тілінде оқитын ұлттық мектептегі білім беру ісін жаңа белеске көтерді.
А.Байтұрсынұлының ғылыми-танымдық маңызын жоғалт­паған еңбектеріндегі зерттеу нәтижелері мен қорытындыларын білім беру жүйесінде қолдану бүгінде де жалғасын табуда.
Білім және ғылым министрлігінің ресми парақшасында министр А.Аймағамбетов: «Мектепке әліппені қайта енгізу қажет. Ол үшін ешқандай эксперимент жасаудың керегі жоқ. Ахмет Байтұрсынұлының әзірлеген әдістемесі бар. Сол әдістемені негізге ала отырып, қазір қызу жұмыс жүргізілуде» деген-ді.
Ал Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: «Әліппе» пәні А.Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде 1-сыныпта латын графикасы негізінде оқытылады» деп жазылған.
Халық мұғалімінің идеяларында ұлттық мүддеге сай болу, мемлекетшіл санамен тұлғаларды тәрбиелеу мәселесі тұжырымдалған. Сондықтан ұлт ұстазының ұлттық болмысымызға сай жазылған еңбектерін мектептерде оқыту арқылы мемлекетшіл санамен тәрбиеленген ұрпақты тәрбиелейміз. Себебі А.Байтұрсынұлының еңбектері балалардың жас ерекшеліктерін назарға ала отырып әрі зеректік қабілетін дамытатын бағытта жазылған. Осыған орай, заманауи білім беру жүйесінде, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беруде А.Байтұрсынұлының ғылыми еңбектеріндегі зерттеу қорытындыларын, идеяларын қолдану маңызды. Ә.Бөкейхан жазғандай: ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден. Мінездің дұрыс болуы тәрбиеден. Ал тәрбие білім арқылы егіледі.

Бақыткүл САРСЕМБИНА,
«Мектепке дейінгі балалық шақ»
республикалық
орталығының
ғылыми
қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + five =