«ӘЛІППЕМЕН» МӘҢГІЛІК ҚОШТАСТЫҚ ПА?

0 100

Еліміздің білім саласындағы жүйесіздік иесіздікке ұласып кетпесін

Тәуелсіз Қазақстан ­та­­ри­хында білім мен ғылым саласын 15-ке жуық ми­нистр басқарып­ты. Реформалар мен эксперименттер алаңына айнал­ған білім жүйесінде береке қайдан болсын? Соңғы кездегі соны жаңалықтардан көз аша алмай қалған ата-ана балаларының болашағына алаңдаулы. Редакция­мызға соғылған қоңырау­лар да аз емес. Бірі баласының сыныпқа сыймай жатқанына қынжылса, енді бірі оның үш тілді бірдей игеріп кете алмайтындығына алаңдайды. Бастауыш сыныптарға қатысты бұдан өзге де өткір мәселелер кезек күттірмейтін жайтқа айналды.

Бір сыныпта – 47 оқушы

Осыған дейін өткізілген мұғалімдердің тамыз кеңе­сінде №73 мектеп директоры Құралай Байтәжікова «Бізді қатты толғандыратын мәселе – бастауыш сынып мұғалімдерінің жетіспеуі. Қазіргі таңда бір мұғалім екі сыныппен жұмыс істеуі қалыпты жағдайға айналған. Екінші мәселе – оқушы орнының жетіспеушілігі. Бір сыныпта 35-40 оқушы отырған жағдайда біз жаңа білім мазмұнын табыс­ты енгіземіз деп айту қиынға соғады» деп, дәл қазіргі қала мектептерінде орын алып отырған негізгі мәселені көтерген болатын. Дәл қазір Ғали Орманов атындағы №7 мектеп-гимназияның бір сыныбында 47 бала отыр. Бір сыныпта 24 баладан аспау керек екенін ескерсек, екі сыныптың баласын бір сынып етіп ұстап, оған тағы бір осындай сыныпты қосып, бір күнде білім де, тәрбие де беріп үлгеруі керек мұғалімнің жайы айтпаса да түсінікті. «Бұл сыныптарды екіге бөліп тастағым келеді. Бірақ оған кабинет жетіспейді. Енді 2018 жылы қосымша құрылыс салынуы керек, жоспарға еніп тұрмыз. Шағым айтқан ата-аналарға түсіндірдім. Бұл – уақытша қиын­дық. Шешімін табады» дейді мектеп директоры ­Жанат Тұрысбекқызы.

«Әліппе» жайы не болады?

Көпшілік министрдің үш­ тұғырлы оқыту жүйесіне, оқулықтағы олқылықтарға, ЖОО-ға түсу жүйесінің өзге­руіне қатысты реформала­рын түсінбей, талай дау шы­ғарды. Оқушылар мен ата-аналар жаңашылдардың жылдамдығына ілесе алмай, үсті-үстіне жасалып жатқан тәжірибеден көз аша алмай қалды. Соның бірегейі әліппенің сауат ашуға ауысқаны болатын. Жылда әліппемен қоштасатын бірінші сынып бітірушілер былтыр бұл оқулықпен мәңгілікке қоштасты. Сан жылдар бойы саңылауы бар сананы оятып, әліпбиді танытқан әліппе қол­даныстан неге шығып қалды?
Қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулығының атасы Ахмет Байтұрсынұлы кезінде қазақ әліппесін жазуды 1910 жылы қолға алып, қазақ графикасын да жасаған. Бір ғасырға жуық уақыт балаларға әліпті әріп етіп танытқан кітаптан бір-ақ сәтте көз жазып қалдық. 12 жылдық білім жүйесіне мектептердегі 0-інші сынып кіргізіліп, әліппені сол сыныптарға оқытамыз деген уәденің де құрғап кеткеніне куә болып отырмыз. Онсыз да оқушылары сыймай жатқан мектептерге бұл сыныптарды ашудың ауылы әлі де алыс болып тұр.

Әмбебап ұстаз. Ол кім?

«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша елімізде көптеген мектеп бой көтерді. Оңтүстік өңірлер мен Астананың оқушылары мектептерге сыймай жатса, керісінше, солтүстік өңірлердегі халқы аз кейбір аудандардағы жаңа мектептерге оқушы толмай қалып жатты. Міне, парадокс!
Дәл қазіргі статистикаға сүйенсек, еліміз бойынша оқушы саны аз мектептердің үлесі 40 пайызды құрайды. Осы білім ордаларында бүкіл оқушының 8 пайызы ғана білім алып жүр. Сабақ үйрететін ұстаздардың үлесі – 22 пайыз.
«Заң бойынша оқушы саны аз мектептерді жаба алмаймыз. Мысалы, бір оқушы ғана оқитын мектеп үшін жарты миллион теңге бөлініп жатады. Бұл – өте үлкен мәселе. Сондықтан мәселені шешудің бірнеше жолын қарастырып отырмыз. Сондай амалдардың бірі – бірнеше пән бойынша білім бере алатын ұстаздарды даярлау» деген болатын Ерлан Сағадиев бұл туралы.
Министрдің айтуынша, биология мен химия пәндерінен, математика мен физика пән­дерінен, математика мен информатика пәндерінен, тарих пен география пәндерінен бір мұғалім сабақ бере алатындай жағдай жасауға болады екен. Былтырдан бастап ұстаздарды тұрғылықты жеріне жақын қалаларға әкеліп, 6-12 курс үйрету жұмысы басталды. Бұл, біріншіден, ұстаздардың жалақысын көбейтсе, екінші жағынан оқушы саны аз мектептерді жабдықтауға кететін шығынды азайтады екен. Кім біледі? Бұл да уақыттың еншісіне қалып отыр.

Оқулық олқы болса, оқушы қайдан оңады?

«Оқушыларға арналған оқулықтардың сапасы сын көтермейді». Бұл пікірді кез келген адам айтатын болды. Тіпті бұл мәселені халық қалаулылары да бірнеше мәрте көтерді. Одан шығып жатқан оң нәтижені көріп отырған жоқпыз, керісінше, әлі күнге дейін сапасыз оқулықтардың «зардабын» оқушылар тартуда. Ал бұл жағдайға ата-аналар алаңдаулы. Негізінен, соңғы жылдары жарық көрген оқулықтардың ішкі мазмұнының төмендеп кетуіне сапалы шәкірт тәрбиелеуден гөрі қалтасының қалыңдағанын ойлайтын баспаханалардың көбеюі мен кітап жазуды оңай олжа санайтын кейбір ғалымдардың іске атүсті қарауы әсер етсе, бұған Білім және ғылым министрлігі тарапынан қатаң бақылаудың болмауы да сеп. Мұғалімдердің дені мемлекеттік тілде білім алатын оқушыларға арналған кейбір оқулықтардың орысшадан тура аударылатынын айтады. Кей оқулықтардың аудармасы дұрыс емес, ал кейбір оқулықтар тым күрделі жазылған.
– 2-сыныпта оқитын балам­ның тапсырмаларын мен 6-7-сыныпта оқығанмын. Балаларға өте ауыр. Отбасында орысша сөйлейтін ата-аналар бұларды тіпті де түсінбейтін шығар? Мұны шындап қолға алмаса болмайды. Ана тілі, хрес­томатия сынды пәндердің тілін тым күрделендіріп жіберудің қажеті жоқ, – дейді Бақытгүл Жоламанова есімді ата-ана.
3-сыныптың оқулығында Әйтеке би 1667 жылы туған, ал «Тарихи тұлғаларда» 1644 жылы туған, 5-сыныптың оқулығында 1644 жылы туған, ал 8-сыныптың оқулығында 1681 жылы туған. Ертеңгі күні бұл сұрақ Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында кезігіп қалса, оқушы мұның қай жауа­бын дұрыс дей алады? Жалпы, тарих кітаптарында осындай олқылықтар көптеп кездесіп жүр.

P.S:
Біз айтып отырған білім саласындағы бұл мәселелер жиі көтеріліп жүрсе де, күн тәртібінен түспеуі тиіс. «Баласын медресеге біл деп берген» әрбір ата-ана перзен­тінің болашағына алаңдауға құқы­лы. Білім және ғылым министрлігі үш ауысымды мектептер, апатты жағдайдағы білім ұясы, оқулық мәселесі, 0-інші сыныптың ашылуын, мұғалімдердің жетіспеушілігін, артық пәндердің тым көбеюін… жалпы білім саласындағы жүйесіздікті жүйелеп бермесе, мәселе күрделене түсетіні ай­дан анық көрініп тұр.

Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 10 =