Әліпби түзу ісі – ұлт алдындағы жауапкершілік

0 300

Қазақ жазуы латын әліпбиінің негізінде қайта жасалуы туралы Елбасының тапсырмасы түскелі бері төрт нұсқа ұсынылғаны бәрімізге белгілі. Осы нұсқалардың басы-қасында жүрген, негізінен, екі мекемені білеміз: Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты.Бұл екі мекеменің әліпбиге қатысты қызметі өзара жіктелгенмен, көбінесе «Тіл-Қазына» орталығына кезінде Тіл білімі институты ғалымдары қызметке алынып, осы іске жұмылдырылды, біте қайнаса жұмыс істеді. Бірнеше уақыт өтті. Нәтиже қандай? Осы мекемелердің бірігіп істеген жұмыстарының нәтижесінде үш рет өзгертілген әліппе бойынша қаншама жазу жазылды. Көше атаулары мен жарнамалардан бастап, мекеме атаулары, дүкен атаулары бірнеше рет алмастырылып қайта жазылды. Жеке кәсіпкер қаржысы мен мемлекеттік қаржы жұмсалды.
Мұның сұрауы болмағандықтан, жауаптылық та азайғандай. Тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей, әліппе қайта-қайта өзгертілгендіктен де, оның өмірімізге ұлттық әліпби ретінде енетіндігіне ел ішінде күмән туа бастағаны да жасырын емес. Сондықтан әліпби құрастырып ұсынушыларға, ең алдымен, жауаптылық керек дер едік.
Қазіргі ұсынылып отыр­ған әліпби бұрынғыларымен салыстырғанда, рас, біршама оңдалды. Бұл – іргелі істің жемісі: үлкен ғылыми пікірталастар мен дискуссиялардың нәтижесі. Ғылыми зерделенген тұжырымды пікірге құлақ асу – ұлт жеңісі, түзу ойға дес бермей, мен білемдікке басу – ұлт тілінің жеңілісі болмақ. Бұл пікірталас жеке бастың мәселесі емес, ұлт мүддесі үшін, рухани шын жаңғыру үшін, тілдің ішкі заңдылығының бұзылмауы үшін болып жатыр. Мұны дұрыс бағалау керек. Бәріміз «ләппай тақсыр» деп тыныш отыра беруімізге де болар еді (пікір айтты екен деп бізді ешкім ұнатып жатқан да жоқ. Оны да білеміз!), бірақ онда туған тіліміздің тынысы тарылмақ, ішкі заңдылығына қылау түспек. Бір қызығы, ашық пікірталаста ғылыми ой айтылады, жеңіске де жетеді. Бірақ іс жүзінде басқаша шешіле береді.
Тіл заңдылығының бұзылып, оған қылау түскен тұс 1938 жылдан, репрессия уағынан басталған. Мұны зиялы қауым жақсы біледі деп ойлаймын. Сіз бен біз үйренген қазіргі И мен У-дың жігінің айрылуы осы 1938-дің лаңы болатын.
Кирилл әліпбиінен бас тартуымыздың басты себебі – санаға сілкініс жасау, рухани жаңғыру деп түсінгендіктен де біз тек орыс әріптерін алып тастауды ғана емес, сол кеңес саясаты негізінде кірігіп кеткен дыбыстарды да Ахмет Байтұрсынұлы байламымен қайта орнына келтіру деп білеміз. Қазіргі қолданыстағы И мен У да сол орыстық әріптер үлгісіне салудың көрінісі. Кей ғалымның сөзі тәтті екені рас, бірақ ол шын сөз болмай тұр. Шын сөз – ауыр, қатал, алайда ол тура жол болар еді. Сондықтан нағыз маман сөзіне, профессор Әлімхан аға Жүнісбек сөзіне әлі де болса құлақ асуды қалаймыз. Ұсыныс:
І – Ī,
Ы – І,
Й – У (дауыссыз)
У – W (дауыссыз) – ­болғаны жөн.
Әліпбиде ана тілімізге тән дауыстылардың үндестік заңы бойынша жуан, жіңішке дыбыстардың таңбалануында бірізділік сақталуы маңызды. Ы-І дыбыстарының бір таңбамен беріліп, екінші нұсқасының үстіне умлаут белгісінің қойылуы осы заңдылықтың сақталуын нақтылайды. Бұл тәсіл Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуынан келе жатқан тілдің ішкі болмысынан туындайтын жүйелі әрекет екені ғылыми қауымға белгілі.
І, і таңбасымен ы, і дыбысын белгілеуі тілдік жүйе заңдылығына сәйкес келер еді.
Қазіргі Й дауыссыз дыбысы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұсынған әліпбиде У (уай) таңбасымен берілген еді. Бұл таңба қазіргі қолданысқа біршама еніп, жазылып жүр.
Әліпби жөніндегі қазіргі пікірталас – «…әркімнің-ақ бар таласы» деген принциптен шығып отырған дау емес, қазақ ғалымдарына темірқазық болуға тиісті Ахмет Байтұрсынұлы идеяларының жалғасып, тіл дамуының қазіргі және кейінгі сатысында ана тіліндегі басты заңдылықтардың орнығуы үшін болып отырған ғылыми негізделген, жүйеленген пікір.

Анар САЛҚЫНБАЙ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры,

филология ғылым­дарының докторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + eight =