АЛИМЕНТТЕН ҚАШҚАН ЗАҢНАН ЖАЛТАРА АЛМАЙДЫ

0 226

суттыбаев

Ата-аналарды балаға қамқор болуға міндеттеу мақсатында Сарыарқа ауданы прокуратурасы «Алимент төле!» ұранымен тұрақты түрде шаралар өткізіп келеді. Акция нәтижесін білу үшін Астана қаласы Сарыарқа ауданы прокурорының көмекшісі, бірінші санатты заңгер Эльдар СУТТЫБАЕВТЫ әңгімеге тарттық.

– Осы акцияның жүзеге асырылу барысымен таныстырып өтсеңіз

– Прокуратура органдары ҚР Конституциясына сәйкес жұмыс істейді. Ал, Ата заңымыздың 27-бабында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi» делінген. Өкінішке қарай, Сарыарқа ауданының өзінде алимент төлемейтін борышкерлер саны азаяр емес. Тұрақты түрде жүргізілетін «Алимент төле! Өйткені, бала – ел болашағы» атты акция барысында ата-аналарды заңның негізгі талаптарына бағынуды ғана емес, қарапайым қамқорлық жасауға шақырамыз.  Осыған байланысты Сарыарқа аудандық әкімдігі, Қорғаншылық пен қамқоршылық органдары, Сарыарқа ауданының Ішкі істер басқармасы, қалалық сот актілерін орындау департаменті қызметкерлерінен тұратын жұмыс тобы құрылып, борышкерлердің тұрғылықты мекенжайы бойынша рейд жүргізілді. Олардың табыс көздерін анықтау үшін мүліктік жағдайлары тексеріліп, алиментті жалақысынан уақытында ұстау бойынша ұйымдардың бухгалтерияларына ескерту жіберілді.

– Борышкерлерге қандай жаза қолданылады?

– Статистикаға сүйенсек, осы жылдың 1 қазанында атқарушылық өндірісте бо­рышкерлердің 8493 құжаты жатты. Осы ара­лық ішінде оның 572-сі қаралды. Жыл ба­сынан бері 33 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Бұл құжаттар Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді. Мәселен, 28 аза­матқа әкімшілік айыппұл салынса, 5 бо­рышкер 5 күнге қамауға алынды. Борыш­кер­лерге қолданылатын негізгі шаралар – оларды әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту болып табылады.

– Ата-аналардың алимент төлеуден қашу себебі неде?

– Ата-аналық міндетін орындаудан бөлек, олар тіркеудегі мекенжайынан да табылмай, паналаған жерін жасырып, заң алдындағы жауапкершіліктен қашып жатады. Табысы бола тұра, алимент десе азар да безер боп жүргендердің негізгі себептерінің бірі – отбасындағы келіспеушіліктер. Мәселен, ортада қалған баланы әкесімен кез­дестірмеу, бұрынғы ерлі-зайыптылардың бір-біріне кек сақтауы да себеп болып жатады. Ондайда біз екі жақты шақырып, кездесу барысында барынша түсіністікке шақыруға тырысамыз. Азаматтардың жұ­мыссыздығы мен табыстың жоқтығы да алиментті уақытымен төлемеуге әсер етеді. Ондайда біз борышкерлерді жұмыссыз есебінде тіркеуге аламыз.

Жалпы, мұндайға саналы түрде баратындар көп. Қалай болғанмен, соңында заңмен жазаланатыны анық.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − 9 =