Әлихан әлемін әспеттеді

0 33

Алаш көсемі, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның туған күні қарсаңында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде тұғырлы тұлғаның 155 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейхан – Қазақ елі мен жерінің тұтастық рәмізі» атты халықаралық конференция онлайн форматта өтті.

Университеттің «Алаш» мәдениет және рухани даму институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдас­тырған шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері және Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, тағы басқа алыс-жақын шетелдің жетекші тарихшы-ғалымдары мен отандық алаштанушы ғалымдар қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың халықаралық конференция қатысушыларына арналған құттықтау сөзін Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев оқып берді.
Мемлекет басшысы өзінің құттықтауында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысушыларды жиынның ашылуымен құттықтай келіп, төл тарихымызда өшпес із қалдырған біртуар тұлға ХХ ғасырдың басында Алаш ұлт-­азаттық қозғалысының көшін бастап, ел болудың негіздерін айқындағанын жеткізді.
«Әлихан Бөкейхан – халқының бостандығы үшін бүкіл ғұмырын сарп еткен, ғылымның әртүрлі саласына терең бойлаған саңлақ саясаткер. Қазақтың ой-өрісін кеңейтіп, руханиятымызды дамытуға зор үлес қосты. Ұлттық интеллигенцияның жаңа буынының қалыптасып, жалғастыруға ұйытқы болды. Халқына адал қызмет етті, артына мол мұра қалдырды.
Тарихи тұлғаның мерейтойы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні бар. Шын мәнінде бүгінгі егемендігіміз – Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт арманы. Біртуар тұлғаның тағылымды өмір жолы әрдайым дәріптеліп, жастар үшін үлгі-өнеге болуға тиіс. Өскелең ұрпақ Алаш идеясын ұстанған, мемлекет пен мемлекетшілдік идеясына қашанда берік, азаттық рухын асқақтата береді деп сенемін» делінген Президент құттықтауында.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + fifteen =