ӘЛИХАН ӘЛЕМІ

0 232

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада алаштың алып тұлғасы, көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың
150 жылдық мерейтойына арналған «Әлихан Бөкейханов және ұлт руханияты» атты тақырыпта дөңгелек үстел мәжілісі өтті.

alihan-alash-kopiya

Биыл ЮНЕСКО Бас Конференциясының 38-інші сессиясының шешіміне сәйкес, Әлихан Бөкейхановтың мерейтойы аталған ұйымның ме­рейлі күндер күнтізбесіне енгі­зілді. Бұл – халқымыздың асыл перзентіне деген құр­мет екендігі аян.
Сан қатпарлы тарихымызда ұлтымыз үшін басын бәйгеге тіккен талай-талай тарландар болғанын білеміз. Әрине, олардың барлығын бөле-жарғымыз келмейді. Сонда да ХХ – ғасырдың белесінде Әлиханның есімі ерекшеленіп тұрады.
Дәл осы ғасырда қазақтың басынан неше түрлі аумалы-төкпелі күндер өтті. Сол кезде елім деп, жерім деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген Алаштың ақбоз азаматтары саясат сахнасына шықты. Енді олар найза мен қылыштың заманы өткендігін түсініп, бар қуат білім мен ғылымда екен­ді­гін сезініп, ұйқыда тал­мау­­сырап жатқан туған жұртының санасын оятуға бел буды. Сол үшін ағарту­шылық жұмыспен айналыс­ты, газет шығарды, ақы­ры, көкірегі ояу саналы азаматтар бі­рігіп, «Алаш» қоз­ғалысын құр­ды. Оның жетекшісі Әли­хан Бө­кейханов болды. Қош­мұ­хаммед Кемеңгерұлы «Қазақ тарихынан» деп аталатын тарихи очеркінде: «Үкiметтiң қара қуғын жа­саған күндерiнде айдауы­на да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан» деп жазады. Расында, арғы текті бабаларының ізін қуған атамыздың өзі де: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, халқыма қызмет қылмай қоймаймын» деп айтқан екен. Осы жолдан өлгенше тайған жоқ.
Әрине, біз шағын мақа­лада алып тұлғаның барлық өмір жолын айтып бере алмаймыз. Бірақ, туған хал­қының азаттығы үшін қу­ғыннан көз ашпаған асыл ердің елінің тәуелсіздігі үшін қандай ауыр қиямет­терге басын тіге білгендігін баяндағымыз келді.
Игілікті шарада көрнекті қоғам қайраткерінің елдік мұраттары жайында айтқан ойлары көбірек қозғалды.
– Осы наурыз айының басында Түркияда іргетасын Мұстафа Ататүрік қалаған жоғары оқу орнында Әли­хан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған халық­аралық конференция өтті. Онда «Әлихан Бөкейхан. Alikhan Bukeikhan. Алихан Букейхан» атты үш тілде жарық көрген кітап­тың тұсаукесері болды. Одан кейін асыл тұл­ға­ның туған күнінде Мәс­кеу­дегі Қа­зақ­станның ел­шілігінде қазақ жастары бас қосып, қайраткердің сүйегі жерленген жерге барып тағзым етті. Одан кейін де мерейтойға бай­­­ланысты түрлі шаралар өткізілуде. Бүгін де жиынға алып тұлғаның қай­рат­керлігі жайында пікір алмасып, ой қорытсақ деген мақсатпен жиналып отырмыз, – деді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Аққұлұлы. Сон­дай-ақ, әлихантанушы ғалым Бөкейхановтың бола­шақты бағдар тұтқан идея­сы туралы сөз қозғады. Алаштанушы Тұрсын Жұрт­бай Әлиханның эко­номи­калық, оның ішінде ауыл шаруашылығына байла­нысты айтылған ойларына тоқталды. Шерубай Құр­манбайұлы қайраткердің шы­­ғармашылық қыры туралы парасатты сөз өрбітті. Ғалым Данагүл Махат та тұлға туралы байыпты ой айтты. Қысқасы, жиыннан Әлихан атамыздың мақсат-мұраты бір жаңғырғандай әсерде болдық.
Шара аясында «Алаш» ғылыми-зерттеу институты әзірлеген «Әлихан Бө­кейхан. Alikhan Bukeikhan. Алихан Букейхан» атты кітабы Ұлттық академиялық кітапханаға сыйға тартылып, «Алаш қозғалысының көсемі» деп аталатын кітап және суретші Алмас Сырғабаевтың «Алаш ар­дақтыларына тағзым» ат­ты сурет көрмесі ұйым­дастырылды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 3 =