АЛХАНБАЙ САТЫБАЛДЫҰЛЫ: «ӨНЕРТАБЫСЫМ НАМАЗ ҮРКІНДЕРІН ҮЙРЕТЕДІ»

0 209

электронды жайнамаз

«Намазда оқылатын сүрелер мен айтылатын дұғаларды жаттау қиын» дейтін мұсылман бауырламыз аз емес-тін. Енді бұл «сылтаудың» жауабы дайын. Алматылық Алханбай Сатыбалдыұлы электронды жайнамаз ойлап тапты. Өнертапқыш Астанаға келген сапарында аз-кем тілдескен едік. Жаңа жайнамаз туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.

– Алханбай Сатыбалдыұлы, алдымен өзіңіз ойлап тапқан электронды жайнамаздың артықшылықтары жөнінде айтып өтсеңіз…

– Ең басты айтарым, әдеттегі жайнамаздардың ұзындығы көбінесе 110 сантиметр болады. Ал менің жайнамазым 140 сантиметрге лайықталған. Бұл жайнамаз арқылы намаздың үркіндерін шариғатқа сай толымды орындауға болады. Яғни, намазхан сәждеге жығылып, рукуғқа тұрғандағы барлық қимылын қалыптасқан үлгіге сай жасай алады. Арнаулы құрылғы орнатылған жайнамаздың көмегімен жаңадан намаз оқи бастаған мұсылмандар да намаз талаптарын мұқият орындап үйренеді.

Біз намаз оқып Алла тағаладан шексіз сауап аламыз, соған сай намаздың тәртібін де толық, дұрыс орындай алсақ, теңдессіз сауапқа қол жеткіземіз. Намаз оқығанда Құран сүрелерін дұрыс оқу қаншалықты маңызды болса, намаздың үркіндерін де дұрыс орындау сондай маңызды. Тағы бір ескерерлігі, электронды жайнамаз әртүрлі бояуда, қазақы нақышпен безендірілген.

– Бұл жаңалығыңыз тек қазақстандықтарға ғана арналған ба, әлде?..

– Құран тілі барлық мұсылманға ортақ. Бұл жайнамаздың да дүниежеүзіндегі өзін мұсылманмын деп есептейтін кез келген адамға қажет екендігі сөзсіз. Осы орайда, мүмкіндігінше әлем мұсылмандарының назарына ілігіп, ұлттық үлгіде тігілген жайнамаз шартарапты шарласа, нұр үстіне нұр болар еді.

– Әдепкіде өнертапқыштардың дені физика, математика салаларының маманы болып келеді. Ал сіздің мамандығыңыз қандай?

– Құран сөздері, намаздағы аяттар, барлығы араб тілінде екенін, адамзатқа ортақ екенін айттық. Бірақ, біз араб емеспіз ғой, сондықтан оны жаттау арамыздағы жасы егде кісілер үшін қиынға соғады. Мұны өзім мешітте көп болатындықтан, замандастарымнан жиі естимін. Осыдан кейін Құран, намаз сөздерін, дұғаларын үйренудің оңай жолын іздестіре бастадым.

Негізгі мамандығым спорт саласына жақын. Алайда, қазір ғылыми техниканың қарыштап дамыған заманы. Нақты идеяңыз болса, оны жүзеге асырудың түрлі жолдарын табуға болады. Мәселен, көлікке қажетті бір бөлшекті жасату үшін токорьға барамыз ғой. Бұл да сол сияқты, интернет арқылы жолдарын іздестіріп, ойымдағы істі жүзеге асырдым.

– Жаңа жайнамаздың бағасы қанша және нарыққа қаншасын шығардыңыздар?

– Бүгінде электронды жайнамаздың он үш мыңнан аса данасын саудаға қойдық. Бағасы да қолжетімді, 4500 теңге. Он данадан артық алған намазхандарға 4000 теңгеге жеңілдікпен сатып отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет! Алла жаңалығыңыздың игілігін көруге жазсын!

Сұхбатты жүргізген
Асан ЫСТЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + 14 =