АЛҒЫС АЙТЫЛЫП, ҚАТАР КӨБЕЙДІ

0 103

«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының құрылғанына 14 жыл толды. Кеше осы айтулы датаға орай партияның Астана қалалық филиалында салтанатты жиын өтті.

«Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметов салтанатты жиында бас қосқан әріптестерін партия күнімен құттықтап, елордалық партия ұйымы Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен жүргізіліп жатқан реформалардың қолдаушысы бола беретінін атап өтті. Еліміздің қоғамдық-саяси аренасында жетекші орынға ие болған партия бастамасымен атқарылған түрлі шараларға белсенділікпен қатысқан астаналықтарға алғыс айтты.

Бүгінгі таңда «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы аясында 314 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында 38 мыңнан астам партия мүшесі бар. Партия мүшелері әр ұлттың өкілдерінен, түрлі мамандық иелерінен құралған.

Салтанатты жиын барысында бірқатар қоғамға еңбегі сіңген азаматтар партия қатарына қабылданды. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев, белгілі опера әншісі Қорлан Қалиломбекова, Астана қаласы тұрғын үй инспекциясы басқармасының бастығы Талғат Рысбеков, Алматы ауданының әкімі Павел Кулагин және басқалары болды. Сонымен қатар бір топ партия белсенділеріне «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен Астана қалалық филиалының төрағасы И.Тасмағамбетовтың атынан «Алғыс хаттар»  табыс етілді.

Осы жиынға қатысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Астана қаласының құрметті азаматы Владимир Редкокашин елордалық әріптестерін партияның құрылған күнімен құттықтап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы көрсеткіштер туралы, оның ішінде елордамыздың жетістіктерін баяндап, осы орайда «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының атқарып отырған белсенді рөлін атап өтті.

                                                                                     Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − ten =