Алғыс айту күні немесе қара шаңырақ қасиеті

0 48

Бес жыл бұрын елімізде мерекелер саны артты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні болып жарияланды. Биыл осы мейрам Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығымен қатар келіп отыр. Бұл – бірін-бірі толықтыратын, тарихи сабақтастығы және мән-маңызы тереңде жатқан мерекелер.Осыдан ширек ғасыр ілгері, 1995 жылдың 1 наурызында құрылған ассамблеяға консультативті-кеңесші орган мәртебесі берілді. Елімізде тұрып жатқан көптеген ұлттар мен ұлыстардың ынтымақ-бірлігін нығайту мақсатында жұмысын бастаған ­ұйымға кейіннен конституция­лық мәртебе беріліп, ассамблея туралы әлемде баламасы жоқ арнайы заң шықты.
Бүгінде Қазақстан халқы ассамблеясы бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Ассамблея атынан Парламент Мәжілісіне тоғыз депутат сайланды. Қазір ұйым мүшелері мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этнос­аралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру бағытында еңбек етіп жатыр.
Алғыс айту күні ассамблеяның құрылған күнімен қатар келуінің тағы бір себебі – осы мереке туралы ұсынысын Елбасы 2015 жылы, ұйымның 20 жылдығына арналған сессия кезінде жариялады. Бұл ұсыныс жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Ал Алғыс айту күні алғаш атап өтілген жылы Нұрсұлтан Назарбаев оның мән-маңызына кеңірек тоқталды.
– Біздің бірегей этносаралық келісім тәжірибемізді неғұрлым көп ел пайдаланатын болса, соғұрлым әлем де қауіпсіз бола түсетініне сенімдімін. Біз ынтымағы жарасқан керемет халық мекендейтін ғажайып елміз. Татулық пен келісімнің қазақстандық тәжірибесі негізінде біздің болашағы біртұтас ұлт қалыптасуда. Сондықтан біз Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған 1 наурызды Алғыс айту күні ретінде әділ таңдадық. Бұл күнді айрықша қайырымдылық акцияларымен, мұқтаж жандар мен жақындарға қолдау көрсету арқылы атап өту маңызды, – деген еді сол кезде Елбасы.
Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өсиетін халқымыз естен ешқашан шығарған емес. Өткен ғасыр­дың екінші ширегінде тағдырдың тәлкегімен Қазақстанға жер аударылған көптеген ұлттарға құшағын айқара ашып, бауырына басты. Қазақ тар үйде отырса да, шаңырағынан орын беріп, ішіп отырған асымен бөлісті.
Қазір қарап отырсақ, сол бір қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүр болған ұлттардың есесі кетіп отырған жоқ, төрт ұпайы түгел. Бірнеше ұлттың мәдени ошақтары да, мектептері де жұмыс істеп жатыр. Белгілі бір кәсіппен айналысамын дейтіндердің жолы ашық. Қазақстан сынды бейбіт елде бүгіндері 100-ден аса ұлт пен ұлыс мамыражай тірлік кешуде. Қазақ жерінде болашағына алаңдамай, ұрпақ өрбітті. Көрнекті ақын Олжас Сүлейменов айтпақшы, Қазақстаннан пана тапқан сол ұлттар төртінші жүзге айналып кеткен.
Қазақ үшін қара шаңырақ – қастерлі ұғым. Қиын жылдары елімізге келген талай ұлттар мен ұлыстарға да Қазақстан қазір қара шаңыраққа айналып отыр. Мұнда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы, сарабдал саясатының үлесі зор. Алғыс айту күні – соның жемісін көретін күн, ынтымақ пен бірліктің, қара шаңырақтың қасиетін сезіндіретін мереке.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 10 =