Алғы шептегі бас дәрігер болатын

0 136

Апта басы медицина саласында қаралы хабармен ашылды. Елордадағы №2 көпсалалы қалалық аурухананың бас дәрігері Иван Иванович Ли тәжтажалдан адамдарды арашалаймын деп жүріп, соның құрығынан өзі құтыла алмады.Бірнеше апта бұрын коронавирус инфекциясы анықталған дәрігер қауіпті дертпен күресе алмай, алпысқа қараған шағында дүниеден озды. Жаһандық дертке шалдыққан қаншама адамның өмірін сақтап, емін жасаған дәрігердің өзі осы аурумен бір ай арпалысқан.
Иван Ли 1960 жылы Қарағандыда дүниеге келіп, сол жақтағы мемлекеттік медицина институтын хирургия мамандығы бойынша тәмамдаған. Тәжірибеден де сол жерде өткен. Оқи жүріп, ауруханада санитар болып еңбек етсе, 3-курстан бастап хирургиялық бөлімшеде мейіргер қызметін атқарған. Ал оқуын аяқтаған соң үш жыл Қарағанды облысындағы Жастар аудандық орталық ауруханасында хирург, кейін облыс орталығындағы жедел ауруханада уролог болып жұмыс істейді. 1996 жылы Алматыдағы орталық қалалық клиникалық ауруханада бас дәрігердің орынбасары және қазіргі заманғы медициналық технологиялардың медициналық диагностикалық орталығының бас дәрігері болды. 2006 жылы Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананы басқарып, содан кейін елордаға көшіп келді. 2015 жылы Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары болып еңбек етіп, артынан көп ұзамай №2 қалалық көпсалалы аурухананың директоры қызметін атқарды. Ол өзінің қызметтік жолының ең маңызды тұсы деп Алматыдағы дәрігерлерді жетілдіру институтының урология факультетіне оқуға түскен сәтін атайды екен. Себебі осында білім алғаннан кейін уролог-дәрігер болып жұмыс істей бастаған еді. Оны әріптестері өз ісінің нағыз маманы, көптеген адамдардың өмірін құтқарып қалған, дәрігерлік антына адал жан болды деп еске алады.
– Осы күндері, өкінішке қарай, суыт, ауыр хабарлар азаймай жатыр. Коронавирус инфекциясы салдарынан әріптестерімізден айырылып жатырмыз. Медицина саласындағы қызметкерлердің тиісті деңгейде қорғалуы, оларға деген шынайы құрметтің болуы елімізді түрлі қауіптен, індеттен сақтаудың басты негізі екенін ұмытпайық. Ли Иван Ивановичпен танысқаныма 5 жылдан астам уақыт болды. Сол кезде Иван Иванович Денсаулық сақтау басқармасының орынбасары болатын. Өзінің білімімен, елге деген құрметімен, адал істерімен, ашық көзқарасымен, әділетті шешімдерімен астанадағы медицина ұйым­дары басшыларының арасында аз уақытта зор беделге ие болды. Кәсіподақ басшысы ретінде саладағы қызметкерлердің мүддесін қорғау үшін алғашқы өңірлік келісімді Иван Ивановичпен бірлесіп жасаған едік. Осы құжатты дайындау барысында мен де бұл кісінің медицина саласына шын жүрегімен берілгенін көрдім, елдің қамын ойлайтын, жанашыр екеніне куә болдым. Ойын әрқашан ашық айтатын, қабылданған шешімдердің маңыздылығы мен олардың әкелетін нәтижелерін даналықпен болжай білетін. Нағыз білімді ұйым­дастырушы болды. Кейін клиникада бас дәрігер болған соң да осы қабілеттерін елорда медицинасының дамуына қолданды. Оны әріптестері де, қала басшылығы да бағалады. Ой-мінезі кең болғандықтан, өзекті мәселелерді көрегендікпен шеше білді, – дейді әріптестерінің бірі, қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Бақытжан Тәжібай.
Оның айтуынша, Иван Ли әріптестерімен қашанда тығыз байланыста болған. №2 қалалық аурухана қаладағы ең үлкен ұйымдардың бірі болғандықтан, осындағы қызметкерлердің жағдайын жасауға кәсіподақтың араласуын ол кісі құп көрген. Бірнеше жылдар бойы медбикелер арасында байқау ұйымдастырып, жеңімпаздарды жақын және алыс шетелдерге демалысқа жіберіп тұрған. Мотивациялық іс-шараларды шынайы ниетімен жасап, қыз­меткерлердің мұқтаждарын жақсы түсінетін, әрқайсысына қамқоршы, көмекші болуға тырысатын. «Осындай жарқын мінезін ұжым жақсы көретін. Ұжымдық келісімді, жалақының өсуін сауатты түрде ұйымдастырды. Жетістіктері көп еді, болашақта тағы ел үшін, елорда медицинасы үшін жасайтын істері аз емес болар еді» деп еске алады ­Б.Арынұлы.
Ол медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты уролог және денсаулық сақтау саласындағы жоғары дәрежелі ұйымдастырушы болды. Оның басшылығымен Қазақстанда алғаш рет 2018 жылы қыркүйек-қараша айларында екі ірі стационар: №2 қалалық аурухана мен №1 перинаталды орталықты біріктіру жұмыстары сәтті жүзеге асырылды. Соңғы қызметіне 2016 жылдың сәуір айында кіріскен екен. Осы аралықта ол елорда әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі атынан бірнеше рет алғыс хаттар мен құрмет грамоталарына ие болды. 2018 жылы елордадағы медициналық ұйымдар ішінде денсаулық сақтау саласының ең тиімді менеджері ретінде «Алтын шипагер» алғашқы медициналық жүлдесінің иегері атанды. Сонымен қатар өзінің қызмет жолында «Құрмет» орденімен, «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, «Парасат» орденімен марапатталған.
– Иван Иванович туралы өткен шақта айтудың өзі қиын. Мен оны 15 жылдан бері танимын. Оның кәсіби қасиеттері туралы әріптестері айта жатар. Ал мен оның адамгершілік қасиеттеріне тоқталсам. Бір оқиға еске түсіп тұр. Ол кісі бас дәрігер, мен қарапайым дәрігермін. Анам қатты сырқаттанып қалған еді. Сол кезде өзім дәрігер бола тұра не істерімді білмей қалдым. Қалай, кімге жолығам деп абдырадым. Содан не болса да Иван Ивановичтен көмек сұрайын деп шештім. Алдына барып жағдайымды айт­қан соң, бірден сөзге келмей, өзінің орынбасарларын шақырып, тапсырмаларын берді. «Осындай кезде бір-бірімізге көмектеспесек, қашан жәрдем береміз?» деді. Анамды ауруханаға жатқызды. Квота деген болады, оның кезегі бар күтетін. Айналадағы дәрігерлер соны тездет деді. Сонда Иван Ли дәрігердің айтқан сөзі мәңгі жүрегімде қалды. Ол айтты: «Айналайындар, бұл кісі көмекті өзі үшін сұрап отырған жоқ. Анасы үшін сұрап отыр. Ана деген – бұл өмірдің шырағы, ананы қадірлеу – бәріміздің борышымыз» деді де, анамды өз бақылауына алды. Анам да оған сондай риза болды. Ол анама өзі келіп, жағдайын сұрап, жақсы сөздерін айтып кетіпті. Қаншама адам жүрміз, бірақ өзінің қаншалықты уақытының тығыздығына қарамастан, осылай көңіл білдіргені менің жүрегіме ыстық тиді, – дейді тағы бір әріптесі, дәрігер, нәрестелер хирургі Асылжан Ерекешов.
Оның айтуынша, Иван Ли
сонымен қатар жаңадан кел­ген инновацияларды тез меңгертіп, өзінің клиникасына жылдам енгіздіретін. Заманауи медициналық технологиялардың ішінен ең жақсысын таңдап алғызатын. Ол басшылық еткен кезеңде бұрын елде болмаған бөлімшелер ашылды. Бас дәрігердің басты мақсаты науқастарға ең тиімді көмек көрсетудің жолдарын іздеу еді. Міне, осындай ұйымдастырушылық қабілетінің мықтылығымен де денсаулық сақтау саласының алға басуына зор үлесін қосқан абзал жанның алда әлі де талай жоспарлары бар еді. Ол армандары енді өзімен бірге кетті. Осындай жан-жақтылығымен өз ісіне берілген жандар бүгінде өте сирек кездесетіні жасырын емес. Марқұмның жатқан жері жайлы, жаны жәнаттан болсын. Барша туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − thirteen =