Алғашқы күннен – алғы шепте

0 64

Қазақстанда тапшы саналатын аз ғана кәсіби инфекционистердің бірі – елордалық Эльмира Әдішева. Ол туралы көбіміз Facebook желісінде жеңгесінің жазбасынан оқып білгеніміз рас. Оның ешкімге ұқсамайтын тағдыр жолы, өмірінде кездескен қиындықтарға қарамастан алға ұмтылуы көпшілік оқырмандарды таңғалдырған болатын.

Кейіпкеріміз – талайдың өмірін жалмаған тәжтажалмен күрес жүргізуді бастаған ең алғашқы дәрігерлердің бірі. Оның коронавируспен күрес­тегі бір күні жайлы ролик те, мылтықсыз майданның қақ ортасында өз өміріне төнер қауіпті ойламастан жасап жүрген жанкешті ерлігі жайлы жазбалар да шықты. Бірақ осыншама көзсіз ерлік пен қайсарлықтың астарында қаншама сынақтардан құралған жеке тағдыры тұрса да, ол мұны көпке көз қылып жария еткенді қаламайды.
Бүгінде Эльмира Батырбекқызы елордадағы көпсалалы инфекциялық аурулар орталығында еңбек етеді. Нау­қастарды ажал тырнағынан аман алып қалу үшін қауіпті вируспен күрестің ең алдыңғы шебінде жүр. Ал оның індет елді енді шарпи бастағанда коронавирус жұқтырған ең алғашқы науқасты қабылдаған дәрігер екенін біріміз білсек, біріміз білмейміз.
– Биыл 28 қаңтардан бастап осы орталықтың оқшаулау блогында Қытайдан, соның ішінде Уханьнан және Жапониядан, Германиядан, Ресейден, АҚШ-тан, басқа да шетелден келген еліміздің азаматтарын қабылдауды бастадық. 14 күн оқшаулап, олардан алынған ПТР талдау сынамасының нәтижесі келген соң ғана жұқтырмағандарын үйлеріне жібердік. Солардың арасынан Нұр-Сұлтан қаласында ең бірінші коронавирус инфекциясын жұқтырған пациентті мен өз кезекшілігімде 13 наурызда қабылдаған едім. Оның ПТР тест нәтижесі «оң» болып шыққанын мен үйде болғанда әріптестер хабарлап айтып, дереу мені жұмысқа шақыртты. Бірден науқаспен байланыста болған адам ретінде коронавирустың бар-жоғына тест тапсырдым. Менен дерттің инфекциясы жоқ екені анықталған соң 15 наурыздан бастап қатарынан үш ай бо­йына үйімізге бармай, барлық әріптестермен бірге стационарда дертпен күні-түні күрестік. Ал ең бірінші жұқтырған науқас елорда тұрғыны болмағанмен, ауру анықталғанда Нұр-Сұлтан қаласында болды. Ол адам баяғыда емделіп, үйіне кетті, – дейді дәрігер.
Бұл аралықта изолятордың медициналық қызметкерлері санитарлық талап бойынша арнайы дайындалған қонақүйде ғана өмір сүрді. Алғашында ешкімге де оңай соқпағаны белгілі. Сол бірінші науқастан кейін күн сайын дерт жұқтырудың жаңа дерегі шығып отыр­ғандықтан, ахуал күрделене түскенін Денсаулық сақтау министрлігі хабарлап отырды. Осы күрделі кезеңдерде дерт жұқтырған науқастармен бетпе-бет қалған алдыңғы шептегі барлық медициналық персонал аурухана босағасынан аттап шықпай, адамдардың өмірі үшін «ұлы күрес» жүргізіп жатты. Тек мау­сым айында – эпидемиологиялық жағдай оңала бастағанда олар үйлеріне оралып, туыстарымен, отбасыларымен қауышты.
– Бастапқыда өте қиын болған себебі дәрігерлер, медбикелер, тіпті санитарлар да жетіспеді. Қазір жағдай біршама жақсарды. Мысалы, нау­рыз-сәуір-мамыр айларында әр дәрігерге түсетін жүктеме өте ауыр болды. Себебі жаңадан медицина қызметкерлері, әсіресе, орта және кіші медициналық персонал көптеп қызметке алынды. Қазіргі ахуалдың жақсаруы ол, әрине, карантин енгізудің арқасында деп ойлаймын. Одан әрі шектеу шараларын жұмсарта отырып карантинді тағы екі аптаға созғаны да дұрыс болды. Бүгіннің өзінде адамдар қауіпсіздік талаптарын сақтап жүруге біраз дағдыланып қалды. Бізге бірден еркінсуге болмайды. Алдыңғы карантиндегідей тағы босаңсып кетсек, алдымызда нағыз тұмау маусымы келе жатқанда тұрақты жағдайды ушықтырып алуымыз мүмкін, – дейді ­Э.Әдішева.
Түлкібастағы туған жері Т.Рысқұлов ауылында жүргенде тоғызыншы сыныптағы оқушы қыз ішек инфекциясымен қатты ауырғаны есінде. Алайда жағдайы нашарласа да, оны ауруханаға жатқызу созылып кетеді. Тек лауазымды жақын туысының «бір телефон қоңырауынан» кейін ғана оны қараған. Сонда ол адамдарды жағдайына қарап бөлмей, алаламай, бәріне бірдей қарайтын дәрігер, соның ішінде дәл осы инфекционист боламын деп алдына мақсат қойыпты. Содан бері Эльмира өз арманына жету жолында ештеңеден қаймыққан емес. Көпбалалы отбасында дүниеге келіп, артына қарайлайтын кішкентай бауырлары бар еді. Сонда да болсын ол өзі қалаған мамандығын жетік меңгеру үшін ұзақ жылын білім алуға сарп етті. 2001-2003 жылдары «Мирас» университетінің емдеу ісі факультетінде, 2003-2007 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік медицина академиясында білім алды. Ал интернатураны жұқпалы аурулар бойынша 2009 жылы тәмамдады. Еңбек жолын 2010 жылы елордадағы жұқпалы аурулар ауруханасында бастады. Содан бері 10 жыл уақыт ішінде ол дәрігер-инфекционист болсам деген бала арманын жүзеге асырып келеді. Қазір байқасақ, жұқпалы аурулар секілді жаһандық тәжвируспен күресте инфекционист мамандары ауадай қажет. Білуімізше, қазіргі таңда елордада кәсіби 15 шақты инфекционист дәрігер ғана бар екен.
Эльмира Әдішева бес жылдан бері негізгі жұмысына қоса Астана медициналық университетінде жұқпалы аурулар кафедрасының ассистенті болып жүр. Сонымен қатар елордадағы барлық стационарлар мен медициналық-санитарлық ­реа­билитация орталығына және наркологиялық диспансерге, ұлттық ғылыми онкологиялық орталыққа, шаруашылық құқы­ғындағы мемлекеттік коммуналдық мекемелерге консультациялық қызмет көрсетеді.
Анасынан ерте айырылған Эльмира бүгінде артынан ерген алты бауырын жалғыз өзі жетілдіріп, бәрін оқытып, аяқтандырды. Соңғы 4 айда дертпен күресте көрсеткен ғаламат еңбегі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Шапағат» медалімен марапатталды.
Эльмира сияқты дәрігерлер қауымы марапатқа да, құрметке де, қамқорлыққа да лайықты!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + sixteen =