Алғашқы көмек – орны бөлек

0 34

Елордада карантин кезінде жалпы медициналық қызмет көрсету көлемі азайып кеткен. Сол себепті салаға бөлінген бюджет қаражатын толық игере алмау қаупі бар. Мәселен, пандемия кесірінен тиісінше иммундау профилактикасы, скринингтер, профилактикалық тексеру жұмыстары жүргізілмей қалған. Бас қаланың бастапқы медициналық-санитарлық және жедел медициналық көмек көрсету саласындағы бүгінгі ахуалы туралы қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясында Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті.

– Биыл 4 айда консультативтік-­диагностикалық қызмет көрсетуде жоспарланған көлемнің 23,7%-ы орындалды. Кейбір медициналық ұйымдарда осы жұмыстар толық жүзеге асырылмаған. Мәселен, қымбат тұратын КТ, МРТ сияқты қызметтер – 24,5%, стоматологиялық қызмет – 11,1%, жүкті әйелдерді медико-генетикалық зерттеу саласындағы жұмыстар 21,4% көлемде атқарылған. Қызметтер көлемінің игерілмеуі карантиндік шаралардың енгізіліп, емханаларға халықтың келуі шектелуіне байланысты болды, – деді С.Қисықова.
Елордадағы денсаулық сақтау саласына ықпал ететін факторлардың бірі – мұндағы халықтың жылдам өсіп келе жатқандығы. Бүгінде қаладағы халық саны – 1177 640 адам. Осы жылы алғашқы 4 айда елордаға 15 мың адам көшіп келіпті. Қалада осы халыққа амбулаторлық-емханалық көмек көрсететін 31 медициналық ұйым бар. Осы аралықта БМСК, яғни бастапқы медициналық санитарлық көмекке халық 1 млн 326 мың рет жүгінсе, оларға осы саладағы 1337 дәрігер мен 2288 ортаңқол медициналық маман қызмет көрсеткен. Медицина мамандарының толықтығы 77 пайызды құрайды.
Басқарма басшысының айтуынша, елорданың денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстары жоғары қарқында жүргізілуде. Мәселен, халық үшін дәрігерге қаралуға алдын ала жазылуға және дәрігердің барлық емдік тағайындаулары мен талдау нәтижелерін қарауға мүмкіндік беріп, скрининг пен флюорографияға түсу туралы хабарлама алуға болатын мобильді қосымшаны орнату жұмыстары жалғасын тауып, ол жұмыстардың орындалуы қазір 49%-ды құрады. Ал электронды кезек жүйесін орнатуға қатысты пилотты жоба №2, 6, 9 емханаларда енгізіліп, дәрігерге қаралуға талон беретін электронды терминалдар қойылды. «Үй жанындағы дәрігер» жобасы да жандана түсіп, биыл сондай 10 нысан ашу көзделіп отыр.
Қалалық жедел медициналық көмек көрсету стансасында мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оның 80%-ы – медицина қызметкерлері. Есепті кезеңде кадрлардың толықтығы бойынша оң өзгеріс байқалып, ол 84,5%-ды құрады. Станция үш класты санитарлық көлікпен қамтылған. Елорда әкімдігінің қолдауының арқасында былтыр 52 санитарлық көлік алынды. Медициналық жабдықтар толығымен жеткілікті.
Басқарма жұмысы 2020-2025 жылдарға арналған «Денсаулық» денсау­лық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жалғаса береді. Сонымен қатар учаскелік қызметтер жас мамандарға арналған әлеуметтік кепілдемелерді жақсарта түсу есебінен кадрлық қамтамасыз етілмек. Елордада қазіргі таңда жетіспейтін анестезиолог-реаниматологтар, бейінді бала мамандары бойынша резиденттер дайындау үшін мақсатты гранттар бөлуге әкімдікпен бірлесе жұмыстар жүргізілмек. Сондай-ақ қалалық медицина мамандары БМСК құрылымында эпидемиологтар рөлін арттырып, коронавирус инфекциясының келесі толқынына дайындалуды жоспар­лауда.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − fourteen =