Алғашқы әдеби- мемориалдық музей

0 49

2020 жылы 80 жылдық мерейтойын өткізетін Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-­мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі әлем таныған ақын Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өмірі мен шығармашалығын және туыстық ортасы, ақындық айналасы, зерттеуші ғалым, кемеңгер жазушы М.Әуезов, Алаш арыстары туралы зерттеп, насихаттап келеді.

Бүгінгі күні музейде 21680 жәдігер, 14692 кітап қоры жинақталған. 80 жылда музей «Бас музей» «Ахмет-Риза мешіт-медресесі», «Алаш арыстары – М.Әуезов музей-үйі» (Семей қаласында), «М.Әуезов музей үйі» (Бөріліде), «Абай музей-үйі» және «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені, «Шәкәрімнің саят қора экспозициясы» (Жидебайда), «Көкбай Жанатайұлының музейі» (Тақырда), «Шәкір Әбенұлының музей-үйі» (Құндыздыда), «Әсет Найманбайұлының әдеби музейі» (Мақаншыда) бөлімдері, 16 га қорық аумағы бар кешенге айналған. Қазақстандағы алғашқы әдеби музейдің Семей топырағында ашылуына кімдер себеп болды деген сұрақ әркімді мазалары хақ. Музейдің құрылу тарихын тереңдеп қарастырайық.
Музей тарихы 1939 жылы 19 желтоқсанда «Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 95 жыл толу мерейтойын өткізу жөніндегі» Семей қаласында болған комиссия отырысынан бастау алады. Жиналыс А.Ақшаловтың төрағалығымен, комиссия мүшелері: Ә.Жиреншин,
Н.Баймұратов, Ә.Ысқақұлы, ұйымдастыру комитетінің жауапты хатшысы П.Миронов қатысуымен өтеді. Жиын барысында Ә.Жиреншин әзірлеген «Семей қаласындағы Абай үйін ұстау және ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 95-жылдық мерей­тойын өткізу шығындары туралы сметаға түсіндірме хатын» ұсынады. Түсіндірме хатта және жоспарда Абай музей-үйін қажетті жабдықтар мен әдебиеттер, экспонаттар және архивтік-фотосуреттік материалдармен қамтамасыз ету жайы айтылады. Комиссия мүшелері Абайдың үйі ұлы жазушының әдеби мұраларын жинақтау және сақтау орталығы болуы қажет деп есептеп, музейді жабдықтау­ға кететін қаржы есебі, яғни Абайға тиесілі заттарды алуға, Абай оқыған орыс және әлемдік классиктер мен ғалымдарының кітаптарын алуға жұмсалатын қаражат қарастырылған. Музей ашылған кезде жұмысшылар, ғылыми-педагогикалық қызметкерлерге, жазушылар мен қала қонақтарына үнемі кеңес беріп отыратын штат мәселелерін қарастыруды жөн деп санайды. Сонымен қатар 95-жылдық мерейтойды өткізу жоспарында Шыңғыстау ауданында (қазіргі Абай ауданы) Абайдың зиратын жөндеп мемориалдық тақта орнату, Абайдың өмірі мен шәкірттері: Мағауия, Ақылбай, Әубәкір, Көкбайға және тағы басқа да материалдарды ғылыми тұрғыда қарастырып, жинақ шығару, Семей қаласының мектептері мен мекемелерде баяндамалар, лекциялар өткізуді жоспарлаған. Абай үйінде жинақталған жаңа архивтік материалдар мен фотосуреттерді қою және жинақтау Мұхтар Әуезовке, Әбусағит Жиреншинге, Әрхам Ысқақұлына жүктеледі. Бұл жиналыс нәтижесінде «Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 95 жыл толу мерейтойына дайындық және өткізу жоспарын» бекітіп, Абайдың ескерткіші 1942 жылы орнатылу керек деп есептейді. Ә.Жиреншин, Н.Құрманбаев жолдастарға Абайдың мерейтойын өткізуге қатысты шығындар сметасын толықтырып жасау жүктеледі де: «Просит план проведения юбилея Абая утвердить не позднее 20/ХІІ. 39 года и предоставить в СНК Каз ССР» деген қаулы шығарады (№1 хаттама, 19.12.1939 ж. Іс № 3).
1939 жылы 20 желтоқсандағы Семей облысы бойынша Қаз.ССР-нің Жоғарғы Кеңес Президиумының ұйымдастыру комитетінің 274-қаулысы бойынша «Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 95 жыл толу мерейтойына дайындық және өткізу жоспарын бекіту» туралы ұсыныстары бекітіледі. Семей қалалық кеңесіне Абай көшесі, 83 мекенжайындағы үйді 1940 жылдың 15 қаңтарына дейін босатуды және қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізуді міндеттейді. Осы шараларды өткізуге ҚазССР Халық Комиссарлар кеңесінен 110 000 рубль бөлуді өтінеді (№274 қаулы, 20.12.1939 ж. Іс № 3). Яғни Абай көшесі, 83 Бекбай Бәйісовтың үйі – Абайдың Семейге келгенде түсіп жүретін үйлердің бірі болатын.
1939 жылы 20 желтоқсанда Семей облысы бойынша Қаз.ССР-нің Жоғарғы Кеңес Президиумының ұйымдас­тыру комитетінің «Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 95 жыл толу мерейтойына дайындық және өткізу құрамы туралы» 275 қаулысы бойынша бұрынғы комиссия мүшелерінің шығып кетуіне байланысты комиссия құрамы жаңадан бекітіледі. Комиссия төрағасы: А.Ақшалов. Комиссия мүшелері: халық ақыны – Н.Баймұратов; М.Әуезов – жазушы; Ж.Сыздықов – облыстық «Екпінді» газетінің редакторы; В.Трифонов – «Прииртышская правда» газетінің редакторы, Н.Құрманбаев – облисполком комиссиясының мүшесі, ұйымдастыру комитетінің жауапты хатшысы П.Миронов. Осы кезеңнен бастап Абай мұрасын насихаттауға арналған жұмыстар қарқын алды.
М.Әуезов 1940 жылы қаңтарда шыққан «Абай юбилейі туралы» мақаласында: «…Ең әуелі Абайдың жүрген жері, туған жайларын еске алғанда Семей қаласындағы екі үйін ғана айтып қою емес. Абай оқыған Ахмет Риза медресесі деген медресенің үйі де қазірде Семейде бар. Оған да Абайдың бір белгісін қою керек. Және Абайдың өмірі қырда өтсе, сол қырдағы жайларын да бұрынғы қалпына келтіріп сақтау керек. Бүгін Абайдың зираты тұрған Жидебайда Абайдың қыстауы бар. Соның төбесін қайта жаптырып, ішін бұрынғы қалпынша жабдықтап қойса, қолдан келмейтін іс емес. Абайдың туған жеріндегі бағалы бір музей соның өзі бола алады. Онан соң Семейден 120 шақырымдай жерде Ақшоқыда Абайдың 1895 жылға шейін тұрған қыс­тауы бар. Оны да түзеттіріп сақтау керек» деген және «Зерттеушілерге» («Екпінді», 17 маусым 1940 жыл) деген мақалалары да абайтанушыларға ой-түрткі болды және сол кездегі Ғылым Академиясының президенті Қ.Сәтбаев та Абайдың әдеби-мемориалдық музейінің құрылуына өзіндік ықпал етеді.
Семей облыстық Еңбекші депутаттары Кеңесі атқару комитетінің 1940 жылы 19 майдағы №493 шешімі бойынша Абай музейіне абайтанушы-экскурсовод болып Әрхам Ысқақұлы тағайындалады. Осы жұмыстардың нәтижесінде Абайдың әдеби-мемориалдық музейі ұлы ақынның туғанына 95 жыл толу мерекесінің қарсаңында 1940 жылы 1 сәуірде Қазақ ССР-нің Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысы бойынша «Абайдың әдеби-мемориалдық музейі» ұйымдастырылып, Абайға қатысты құжаттар, көзкөрген адамдардың, ұрпақтарының естеліктері жинақталып, қазан айының 16 күні музей салтанатты түрде ашылып, алғашқы көрермендерін қабылдады.
Абайдың туғанына 95 жыл толуына өткізілген мерейтойы – Абайдың 100 жылдық мерейтойын ұйымдастыру және өткізу шараларының дайындық кезеңі еді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, Абай ұрпақтарының да қан майданға аттанған кезі. 1941-1945 жылдардағы соғыс қай салада болмасын өз кедергісін тигізді. Осы қиын-қыстау кезеңге қарамастан Абайға қатысты деректер жинау қарқынды жүргізіліп, атқарылған істер бойынша үнемі есептер беріліп, үкімет және абайтанушылар тарапынан тексерулер жиі жүргізіліп отырған. Осындай тексерудің бірі – 1941 жылғы 13 желтоқсандағы тексеру. Тексеру актісінде: «1. Музей имеет двухэтажное здание из 8 комнат, на которых 4 комнаты заняты под экспозицию, 2 комнаты библиотечной-читальней и 2 комнаты под канцелярию. Состояние помещений санитарном отношении хорошое.
2. Экспозиция музея построена в основном из фотографических снимок и вещей, имеющих определенную связь с жизнью и деятельностью Абая. На все экспонаты имеются карточки с указанием названия, даты приобретения, цены и источника. Расположение экспонатов пока что не имеет твердую структуру, а экспонаты расположены примерно по таким темам: «Эпоха Абая», «Кочевой быт казахов», «Быт самого Абая», «Литературная школа Абая» и другие» деп жаңадан жасалған музей экспозициясында атқарылған істерді, Қазақстанда алғаш ашылған әдеби музей болса да, белгілі бір жүйемен жүргізілген жұмыс барысын көрсетеді. Абай шығармаларын жинау, жариялау, дүниетанымын бағдарлаумен қатар музей педагогикасын жолға қою мәселелері де туындаған еді. Жәдігерлерді жинастырумен бірге оларды ғылыми тұрғыда зерттеудің, сақтау, жинақталған және жиналатын құнды кітаптар мен қолжазбалар қорын қалып­қа келтіру жұмыстары назардан тыс қалмады. Сол кезде Мәскеуде орналасқан Пушкин музейі және басқа да музейлермен музей ісі туралы хат алмасып отырады. Ол хаттар музей архивінде сақтаулы.
1942 жылы директор Ж.Тлеков жолдастың «О работе литературного музея Абая» атты 1941 жылы жасалған жұмыстар туралы есебінде 1940 жылғы алғашқы директоры жолдас Р.Айтбосыновтың жұмысын қорытындылап, 1941 жылдың бес айында музейге алынған Абайға тиесілі заттар тізімін ұсынады: ер, тоғызқұмалақ, сағат, тіс, Абайдың белбеуі, ожау, әбдіре, кебеже, Абайдың әйелінің шкафы, Құнанбайдың тақиясы, Абайдың ұлы Мағауия үйінің кір шомбалы, Берікбай бақсының қобызы, Тұрағұлдың ері, аңшылық заттары және 1909 жылы Петроградта шыққан Абай шығармаларының алғашқы жинағы, 60-ға жуық Абай туралы естеліктер, Абайдың орыс досы Михаэлис архиві және т.б. («О работе литературного музея Абая» Іс № 3, 93-бет).
Соғыс жылдарындағы кадр мәселесі де көкейкесті болған, директорлары да үнемі ауысып отырған, алғашқы жылдары барлығы 6 штат бөлініп, қосымша абайтанушы 45 корреспондент жұмыс істеген, 1942-1943 жылдары штаттан 2 адам қысқартылған. Штат мәселесінің қысқаруына қарамастан жұмыс абайтанушы корреспонденттердің жұмыстарымен жалғасқан. 1944 жылы республикалық музей қатарына енгізілуіне және 100 жылдық мерейтой қарсаңында мекеме жұмысының ауқымдылығына орай 14 бірлік штат бөлінген. Осы кезеңде ақын Шәкір Әбенұлы 1941 жылдың 1 мамырынан шілденің ортасына дейін Абай музейінде экскурсовод болып қызмет атқарады. 1941 жылдың аяғында Шәкір Әбенұлы ұсталып, Фрунзе қаласының түрмесінде қамалады. 1942 жылы майданға сұранып соғысқа аттанады.
1941-1945 жылдардағы соғыс уақытына қарамастан ауыл-ауылдарда дәрістер оқылып, жылжымалы көрмелер ұйымдастырылды. Абайдың медреседе оқыған кітаптары алынып, Абай шығарамаларының библио­графиясын жасау жұмыстары жүргізілді. Материалдарды жинақтау үшін кітапхана, түрлі мұрағаттарда жұмыс істеп, қолөнер туындылары іздестіріледі. Семей облыстық кеңесі атқару комитетінің шешімі бойынша НКВД архивінен, ел ішіндегі қариялардан Абайдың ақын шәкірттері туралы материалдарды іздестіру және жинау Қайым Мұхамедхановқа жүктеледі. Абай музейі архивінде Көкбайдың шәкірті Есентай Бердиннің Қ.Мұхамедхановқа жазған хаты сақталған. Онда ол музей тапсырысы бойынша Көкбайдың өмірбаянын жазып жатқанын баяндайды.
Абайдың 100 жылдық мерейтойына дайындық және өткізуге байланысты Семей облысында арнайы комиссия құрылып, оның төрағасына Ә.Жүсіпов, ғылыми хатшылыққа Қ.Мұхамедханов тағайындалды. Абай мерей­тойына дайындық жұмыс­тарының жоспары жасалды. Атқарылатын шаралардың ауқымдылығына назар аударып, жаңа ғимаратқа көшіру қажеттілігі жөнінде мәселе көтерді: «Музей – Қазақстандағы тұңғыш әдеби музейі. Абайға, тіпті қазақ әдебиеті тарихына байланысты жұмыс жүргізетін ғылыми-зерттеу орны деп қараймыз. Жаңа үйге көшіру осыған байланысты. Музей өзінің экспозициялық жоспарын өзгертіп, кеңейтіп Абай өмірін, Абай тұрмысын көрсету керек» деп жазылған. Жоспардағы шаралардың ішінде Абай музейін Комиссар көшесіндегі Әнияр Молдабаев үйіне көшіру, сол ғимараттың ауласын абаттандыру, Абай даңғылында жөндеу жұмыстарын жүргізу және тағы да басқа шаралар жүзеге асады.
Сол жылы Абай музейінің экспозициялық жоспарында мынадай тақырыптар қамтылды:
I. Абай заманы
II. Абайдың балалық шағы (1845-1855)
III. Оқу жылдары
IV. Қырдағы өмірі (1859-1873)
V. Білім толықтыру кезеңі (1873-1886)
VI. Абай шығармашы­лығы.
Осы жылдары музей 8 ғылыми еңбек бастыруға келісім-шартқа отырады. Ғылыми-зерттеу жұмыс­тары бойынша музейге «Абай­дың ақындық мектебі», «Абай шәкірттері: Ақылбай, Турағұл, Кәкітай, Әубәкір шығармалар жинағы», «Әріп», «Көкбай», «Абайдың орыс достары», «Абай туралы естелік», «Абай заманындағы Семей қаласының мәдени өмірі», «Абай және ақын-жазушылардың шығармашылығы», «Абай туралы естеліктер», «Абай ауданы» (тарихи-география­лық және мәдени-экономикалық очерк), Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы ғылыми жинақтар дайындау жұмыстары жос­парланған еді.
Музейдің ғылыми қызметкері Борис Аккерман жергілікті мұрағаттан Абайдың орыс достары туралы материалдар жинақтауды қолға алып, Абайдың досы Михаэлистің қызы Людмила Евгеньевна Хотимскаямен байланысып, әкесі туралы естелік жазуды, оған қатыс­ты құжаттарды музейге тапсыру жөнінде өтініш білдіреді. Жидебайдағы ақынның тұрған үйін қалпына келтіру және жабдықтау мақсатында қыстау, киіз үйдің және тобықты елінде сол заманда пайдаланған заттарының ғылыми сипаттамасы жасалды.
1944 жылы 7 тамызда Қ.Мұхамедханов Қазақстан Ғылым академиясының тапсырысы бойынша «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томына «Қазақ халқының тарихи әндері» атты көлемі 2,5 баспа табақ мақаласын дайындап, ғылыми мекемеге өткізді. Мерейтойға шақырылатын Абай туыстарының, зиялы қауымның және мерей­той қарсаңында Абай және оның ақындық ортасына арналған музей қызметкерлерінің жарияланатын зерттеу мақалаларының тізімі де әзірленеді.
1945 жыл Отан соғысы аяқталып, бейбітшілік орнады. Музейдің жаңа экспозициялық жұмыстары да аяқталды. Жидебайдағы ақын қыстауы қалпына келтіріліп, Абай заманындағы заттармен жабдықталды. Абай тойын өткізу жоспары да жасалып, нақты мерзімі анықталып, Семей облысында Абай мерекесін өткізу комитеті құрылды. Оның төрағасы Семей облысы атқару комитетінің төрағасы Х.Байұзақов, орынбасары болып Қ.Мұхамедханов тағайындалды. Абай тойы тамыз айының 26-30 күндері аралығында өтеді.
1945 жылы Абайдың туғанына 100 жыл толуы халықтық мерекеге айналып, қазан төңкерісінен кейін жан-жаққа жер аударылған Абай ұрпақтары да қатысады. 100 жылдық мерейтойға келген Абай ұрпақтары мен туыстарының фотосуреті мұражайда сақтаулы. Мерейтой қарсаңында Абай ұрпақтары музейге өз заттарын сыйға тартады.
Қазақ жеріндегі ашылған алғашқы әдеби-мемориалдық музейдің қазақтың сөз өнерінің сұлтаны атанған Абай мұрасын жинақтап, бір арнаға түсуіне жасаған алғашқы қадамдары осындай. Абай музейінің тарихы мұнымен аяқталмайды, бірақ музейдің құрылуына негіз болған жағдайлар мен себепкер болған адамдар еңбектерін екшеп көрсету қажет. 1940-1945 жылдардың қиыншылығына қарамастан қара шаңырақта жұмыс істеген асыл тұяқ ағаларымыздың еңбектерінің арқасы. Қайнар бұлақтың көзін ашып, музейді бүгінгі күнге жеткізуде орнатылған діңгектің негізі осындай.

Раушан ЕЛЕКЕНОВА,
Абайдың
«Жидебай-Бөрілі»
мемлекеттік
қорық-музейінің
ғылыми хатшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 14 =