«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алғаш рет лазермен ота жасалды

0 17

Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет амбулаторлық түрде варикоз ауруына ота жасалды.

№10 қалалық емхана қабырғасында жасалған варикоз отасы ҚР флебологтар қауымдастығының ұйытқы болуымен жасалды. «Жасым 24-те. Варикозбен ауырып жүргеніме 2 жыл болды. Бұл аурудың қиындығы сол, жүргенде аяққа салмақ түседі де, өзіңді жайсыз сезінесің, оның үстіне аяғың ісіп кетеді. Жалпы, ота жасату жоспарымда болған, бірақ мүмкіндік болмай жүрді. Осы емханаға кезекті тексерілуіме келгенімде, дәрігерлер арнайы Алматыдан хирургтер келіп варикозға ота жасайтынын айтты. Және маған ота жасауды ұсынды. Мен өз келісімімді бердім. Отаның өзі 20 минуттай уақытқа созылды. Қазір өзімді жақсы сезінудемін» деді отадан шыққан астаналық пациент Раушан Асылханова.
– Ота жарты сағат көлемінде жасалды. Әрине, алдымен пациент­тердің рұқсатын алып және олар ота жасау үшін тиісті тексерулерден өтті. Ота біткен соң пациентті көтеріп жүргіземіз, яғни оның аяғын баса алатындығына көз жеткізуіміз керек. Ота біткен соң пациент өзін жақсы сезінсе, үйіне жіберіледі. Бізге маман ретінде ота жасауда соншалықты қиыншылық жоқ деп айтуға болады. Себебі қазір – технология заманы, ота жасау құрылғысы автоматтандырылған. Яғни ота түйнеліп, кеңейген аяқ тамырларына эндовазальдік лазер арқылы жасалынады. Сол сияқты ота алдында наркоз салынбайды, оның орнына ультрадыбыстық зерттеу арқылы аяқ тамырына енгіземіз, – деді хирург, PhD, профессор, әл-Фараби атындағы ҚҰУ-дың хирургиялық аурулар кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Әшімов.
Бүгінде ауруханада күніне 50 отаға дейін жасауға мүмкіндік бар. Маман да, қажетті технология да жеткілікті. Ота жасау құрылғылары – ресейлік өнім. Аталған құрылғы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша әзірге тек осы №10 қалалық емханада ғана бар. Жалпы, варикозға ота жасау лазерлік технологиясы Еуропа елдерінде кеңінен өндіріледі және қолданылады.

Фарида КАРИМОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды